Сыр өңіріндегі үлкенді-кішілі мектептер мен орталау оқу орындарының саны Қазан төңкерісі қарсаңында 50-ден еркін асқан. Бастауыш және орталау білімді ауыл-аймақтан алыстамай-ақ елде жүріп алған Сыр жастары кейін империяның үлкен қалаларындағы әйгілі оқу орындарына түсіп, төңкеріске дейін-ақ қоғамдық-саяси қызметке араласа бастайды.
Ел болып жиылып, жұдырықтай жұмылып, 100 жылдығын атап өтіп жатқан нар тұлғалы Шахмардан Есеновтің әкесі Жорабек Есенов те дәл осындай жол мен бастапқы білімді ауылда алып, кейін семинарияны Ташкентте аяқтаған өте сауатты адам болыпты. 1923 жылы Шәрипаға үйленіп, 1924 жылы Шаһзада, ал 1927 жылы Шахмардан атты ұл дүниеге келді. Ағайынды Есеновтер мектепке қатар барады, тіпті екеуі де жас айырмасына қарамай әуелі бір сыныпта оқыса керек. Мұғалімдердің ұсынысымен ағасы Шаһзада Жорабеков, ал Шахмардан атасының атымен Есенов болып жазылады. Шаһзада Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан.
Шахмардан Есенов әуелі 1941 жылы Шиелідегі жеті сыныптық орталау мектепті, ал 1944 жылы Қызылорда педагогика училищесін үздік бітіріп, сол жылы Қазақ тау-кен институтына түсті. Зерделі, зерек жас институтты пайдалы қазбалар кендерінің геологиясы мен барлауы мамандығы бойынша 1949 жылы бітіріп, еңбек жолын Жезқазған геологиялық-барлау экспедициясында бастайды.
Жезқазғанға бір кеткеннен мол кетіп, табаны күректей он бір жылын сонда өткізеді. Қатардағы геологтан Кеңес Одағындағы ең үлкен барлау мекемесі Жезқазған геологиялық барлау экспедициясының бас геологы әрі бас инженері дәрежесіне дейін көтеріледі.
Жезқазғанда жүргізілген жүйелі зерттеулердің нәтижесінде мыстан басқа, марганец, никель, кобальт, сирек кездесетін радусит асбест пен көгілдір асбест кен орындарын ашады.
Металлургияны дамыту үшін кен ғана емес, аса үлкен су қоры да қажет. Жас геолог Ш. Есенов Жезқазған сияқты ауызсуы тапшы өлкеден аса үлкен жерасты су қоры бар Жанай және Айдос су кендерін тауып, пайдалануға беріледі. Бұл Жезқазғанның өндірістік қажеттігін ғана емес, халықтың таза суға деген тұрмыстық мұқтаждығын да молынан өтеп, көпқабатты үйлерге дейін су жеткізуге мүмкіндік туады.
Сарыарқаның қақ төрінде оның ыстығы мен суығына бірдей төзе жүріп, бірінен соң бірі жаңа кен орындарын ашып, өндірістік мақсатта игеруге жол ашқан геолог-инженердің еңбегі одақтық және республикалық басшылардың назарына іліге бастайды. Осылайша ол 1960 жылы небәрі 33 жасында министрдің орынбасары, ал арада жыл өтпей жатып Қазақстанның Геология және жер қойнауын қорғау министрі болып тағайындалды.
Қазір жас министрлермен ешкімді таңдандыра алмайсың, ал кеңестік заман үшін бұл сенсациялық тағайындау болатын. Жер көлемі жағынан Одақтағы екінші республика саналатын Қазақстан үшін Геология ел болашағын айқындайтын жетекші министрлік болып саналды.
Шахмардан Есенов жаңа қызметіне жас та болса мол тәжірибе жинақтап келді. Бұл кездері Ғылым академиясының президенті әрі Геология ғылымдары институтының директоры қызметін қоса атқарып отырған тәлімгер ұстазы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың кеңесімен өзі әбден жетік білетін пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу мен барлаудың методикасы тақырыбына арналған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығып, 1962 жылы авторлар тобымен бірге Жезқазғандағы көп жылғы ізденістерінің нәтижесі іспеттес «Геология и металлогения Большого Джезказгана» атты іргелі еңбегін жарыққа шығарды. Дәл осы еңбек Шахмардан Есеновтің болашақта геология-минералогия ғылымына олжа салар әлеуеті зор ғалым екенін кеңінен танытты.
Министрлік қызметте оған ешкім ешқандай кедергі жасаған жоқ, қадам басқан сайын сәттілік серік болып отырды десек, ақиқаттың ауылынан алыс кетеміз. Жаратушы Құдіреттің әрбір пендесінің иығына лайықтап сынақ жүктейтіні бар емес пе, министр Есенов те бірде үлкен сынаққа түсті. Гәп мынада еді: 1962 жылы Н.Хрущев Маңғыстау түбегін мұнай өндірудегі тәжірибесі мол Түркіменстанға беру жөнінде мәселе қояды. Арнайы отырыста Қазақстан позициясын қолдап шығу үшін Мәскеуге әлі беті қайтып, тауы шағылып көрмеген, алған бетінен қайтпайтын жас министр Шахмардан Есенов жіберіледі.
Ол Н.Хрущев төрағалық еткен жиында Маңғыстау мұнайын игеруге Қазақстанның әлеуеті де, тәжірибесі де, кадрлары да молынан жететінін нақты фактілер, цифрлар және ғылыми тұжырымдармен дәлелдеп шығады.
Осы отырыста жас қазақ министрінің позициясын сол кездегі одақтық геологиядағы дуалы ауыздың бірі, КСРО Геология министрі, академик А.Сидоренко ашық қолдайды. Қырқыншы жылдары КСРО Ғылым академиясы Түркімен филиалына қарасты Тау-кен институтын басқарып, сол елдің жай-жапсарын жақсы білетін академик-министрдің бұл сөзінен кейін қазақ министрінің позициясын КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы А.Косыгин де жақтап шығады. Осылайша, Ш.Есенов Ленин төрағалық еткен 1920 жылғы жиында қазақ жерінің шекарасын айқындап берген Алаш ардагері Әлімхан Ермековтің ерлігін қайталап, орда бұзар отызында қазақ жерінің тұтастығын қайсарлықпен қорғап қалады.
Егер Есенов өмірбаянының дәл осы кезеңіне мұқият үңілсек, оның белгілі дәрежеде ұлық ұстазы Қ.Сәтбаев салған соқпақпен жүргенін айқын аңғарамыз. Қаныш Имантайұлы жиырма жыл бойы Жезқазған-Ұлытау атырабын түгел шарлап өткен соң ғана ғылымға келген болатын.
Ұлтымыздың маңдайына бақ боп біткен Қаныш Сәтбаевтай марқасқадан тәлім алып, қолдау көрген, ұлтының ұлтарақтай жерін де ешкімге бермеуге белін бекем буған Есенов Маңғыстау түбегіндегі мұнай кендерін игеруге батыл кіріседі. Оның басшылығымен бүгінге дейін Қазақстан экономикасына үлкен үлес қосып келе жатқан Өзен, Жетібай, Қаражамбас, Қаламқас мұнай кендері ашылып, оны игерудің алғышарттары жасалады. Көнекөз геологтар оның осы кезде Қазақстан мен Одақтың айтулы ғалымдары мен мамандарын шақырып, ғылыми кеңесті Жетібай мен Өзен кенішінің басында өткізгенін жыр ғып айтады.
Есенов сияқты орыс әдеби тілін еркін меңгеріп, кез келген аудиторияда ешбір мүдіріссіз көсіле де, шешіле де сөйлейтін, ақжарқын мінезді, батыр тұлғалы, бүгінгі тілмен айтқанда, харизмасы күшті министр одақтық деңгейдегі әріптестерінің назарына да бірден ілігеді. Қаныш Имантайұлы Одақтағы ең бай, ең беделді министрліктің басшысы, өзінің ұзақ жылдар бойы сыйлас досы болған үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, КСРО Орта машина жасау министрі Е.Славскиймен таныстырды. Қазақстанға өте көп жақсылық жасаған Ефим Павлович пен Шахмарданның достығы өмірінің соңына дейін жалғасты. Шаһаң бұл жылдары КСРО Геология министрі болған ірі ғалым, академик Александр Васильевич Сидоренкомен де адал әріптестікке негізделген шынайы достық қатынас орнатады.
Өзінің геологиялық кемел білімі, инженерлік бай тәжірибесі, кәсіби біліктілігі және одақтық деңгейдегі әріптестерінің қолдауы арқасында ол бес жыл ішінде енді ғана қаз басып, қалыптасып келе жатқан Геология министрлігін аяғынан тік тұрғызды. Отандық геология саласын Одаққа танымал етіп, іргелендірді. Шындығында, Қазақстандағы Геология министрлігі Шаһаң осында басшылыққа келуден бес-ақ жыл ғана бұрын, 1956 жылы ашылған болатын. Бұл кезде басқа одақтас республикаларда, оның ішінде ғылым-білім, өнеркәсібі дамыған Ресей, Украина, Белоруссияның өзінде мұндай министрліктер әлі ашылмаған еді.
Министр Есеновтің осындай қажырлы һәм жүйелі еңбегінің нәтижесінде бес жыл ішінде республикамыздың түрлі мекемелерінде бытыраңқы қызмет істейтін 50 мыңға жуық маман бір министрліктен басқарылатын ортақ жүйеге біріктіріліп, мықты материалдық база жасалды. Дәл осы жылдары салаға бөлінетін қаржы да еселеп артты.
Кейін, алпысыншы жылдардың ортасында, өзге де одақтас республикаларда Геология министрліктері ашыла бастаған кезде олардың басшылары үйрену үшін Қазақстанға келетін болды. Осылайша геологиялық қызмет саласында жүздеген жыл артта қалып қойған Қазақстан Қ.Сәтбаев пен оның талантты шәкірті Ш.Есеновтің арқасында Одақ бойынша суырылып алға шықты. Жас министрдің жүйелі еңбегі басшылық тарапынан ескерусіз қалған жоқ, ол 1965 жылы Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Жаңа қызметінде ол геологияға ғана емес, оның тапқан жаңалықтарын тікелей өндірістік мақсатқа жаратумен айналысатын ауыр өнеркәсіп саласына да басшылық жасай бастады.
Үкімет төрағасының орынбасары ретіндегі бір кездері өзі жанын сала қорғаған Маңғыстау мұнайын өндірістік негізде игеруге ерекше мән берді. Тіпті 1966 жылы «Тектоника и нефтегазоносность Мангышлака» атты монография жазды. Кезінде өз бастамасымен 1964 жылы құрылған «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің жұмысын ұдайы бақылауында ұстады. Бұған қосымша, 1966 жылы «Жетібай мұнай өндіру» басқармасы құрылады, 1964-1965 жылдары Теңге, Тасболат, Қарамандыбас, Шығыс Жетібай мұнай-газ кен орындары ашылды.Есеновтің бастамасымен 1965 жылы мамыр айында қазіргі Ақтау қаласында мұнайшылардың І Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференциясы өтіп, оған осы саланың Одақ бойынша ең тәжірибелі деген жетекші мамандары қатысты. Осы жылдың 10 маусымында «Өзен – Маңғыстау – Мақат» теміржолымен алғашқы рет Өзен мұнайы Атырау мұнай айыру зауытына жіберіледі. Ал 10 шілде күні Өзен кен орнынан тұңғыш рет 1 миллион тонна мұнай өндіріліп, ұзындығы 140 шақырым болатын «Өзен – Жетібай – Ақтау» мұнай құбыры пайдалануға берілді.
Маңғыстау мұнайын меңгерудегі осындай орасан зор табыстары үшін бір топ ғалым және мұнайшылармен бірге 39 жастағы вице-премьер Шахмардан Есеновке Кеңес Одағының ең мәртебелі сыйлығы – техника саласындағы Лениндік сыйлық берілді. Ш.Есеновтің Қазақстан Ғылым академиясының президенті болып сайлануы бүкіл Одақ бойынша бұрын-соңды болмаған оқиға ретінде тарихқа енді. Әуелі әлі докторлық диссертациясын да қорғамаған, академикті былай қойғанда, мүше-корреспонденттікке де өтпеген үміткер бірден академияның толық мүшелігіне (академиктігіне) сайланады. Бұдан кейін су жаңа академик сол сәтте президенттікке ұсынылады.
Жақында ақпарат кеңістігіндегі беделді сайттарда Мета Марк компаниясының басшысы, әлемдегі ең бай адамдардың бірі Марк Цукерберг пен Дон Аллен Стивенсон деген суретші қатар отырып, Стивенсонның жасанды интеллект клонымен құрған сұхбаты жарияланды. Бломбергтің хабарлауынша қазір адамның сандық көшірмесін жасау еш қиын емес екен. Бұны айтып отырған себебім, қазіргі ақпараттық технологиялар адамды түгелдей алмастыра алмағанмен, көп өзгеріске ұшыратады.
Өзгермейтін аруақ қана. Демек, өзгеретіндер өзгермейтін тұрақты субстанцияларға, шамалар мен өлшемдерге тәуелді болып қала бермек. Аруақты ата-бабаларымыз қатты қастерлеген. Ал жасанды интеллектіде рухтың болуы мүмкін емес.
Болмыс-бітімін ұлттық рух кернеп жетілген, саналы ғұмырында ар-намысын ешкімге таптатпай, тау тұлғалы өр қалпында өмірден өткен ардақты ағамыздың аруағы баршамызды желеп-жебеп жүргей!
«Ғасыр адамы» атанған Шахмардан Есеновтің есімі ел есінен, өскелең ұрпақ жадынан ешқашан өшпек емес.
Ғалым БАЙМАНОВ,
инженер-мұнайшы,
«Мұнай-газ кешені ардагерлері» РҚБ
облыстық филиалының директоры






