Ел тыныштығын күзеткен шекарашылар

978

0

Ел тыныштығын күзеткен  шекарашылар Шиелі ауданының әкімі Ә.Оразбекұлы шекарашылар күніне орай әскери қызметшілер мен алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері, сондай-ақ, тәжік-ауған шекарасында борышын өтеген азаматтарды қабылдап, мерекемен құттықтады.

Осыдан 27 жыл бұрын Кеңестік одақ тарап, әлем картасына бірнеше тәуелсіз мемлекет енгенде, оның ішінде Қазақстан Республикасы да бар еді. Осылайша, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Шекарамыз бекіп, егеменді ел атандық. Ендігі жерде талай тайғақ жолдардан сүрінбей өтіп, қол жеткен  егеменді елді мықты әскері ғана қорғай алады десек, халық тыныштығын қамтамасыз ету әрбір азаматқа абыройлы міндет. Сол ауыр жүкті арқалағандар – шекарашылар.

Кең-байтақ тәуелсіз еліміздің шекарасының жалпы көлемі 14 мың шақырымды құрайды. 1999 жылдан бастап, ауданда «Шиелі» шекара комендатурасы жұмыс жасап келеді. «Шиелі» шекара комендатурасына «Тұщы құдық», «Қос маман», «Ұзын құдық», «Дала құдық» шекара заставалары кіреді. Бөлімше Өзбекстан Республикасымен жалпы 270 шақырымнан астам мемлекеттік шекара аумағын абыроймен күзетуде.

1993 жылы 22 қазанда ТМД елдері басшылары Тәжікстан Рес­публикасы мен Ауғанстан шекарасы аумағындағы ахуалды тұрақтандыру шаралары туралы келісімге келген болатын. Шекара аумағын заңсыз қару-жарақ пен есірткі тасымалынан және адам саудасымен айналысатын қарулы жасақтардан қорғау ту­ралы шешім қабылданды. Ар­найы қаулыға сәйкес, ҚР ҰҚК-нің Шекара қызметі, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен ҚР ІІМ-нің Ұлттық ұланы құрамынан жасақталған қазақстандық бітімгершілік бата­льоны 8 жыл бойы Отан алдын­дағы міндетін абыроймен атқар­ды.

1993-2001 жылдар аралығында ТМД-ның Оңтүстік шекарасын қорғауға республикадан 11500 қазақстандық жауынгер қатысып, тәжік-ауған ше­ка­­­­ра­сы аумағындағы әскери ұрыс қимылдарында 54  қазақстан­дық жауынгер қайтыс болды.

Оның ішінде  Шиелі ауданынан 47 азамат бітімгершілік миссияны орындау мақсатында тәжік-ауған шекарасы аумағын­дағы әскери ұрыс қимылдарына қатысқан. Олардың арасында бір азамат, жерлесіміз Ержан Әбдиев ерлікпен қаза тапса, Ғалымжан Байжанов пен  Асылбек Дәуренбеков ауыр жарақат алды.

Нағыз ерге тән ауыр маман­­дықты таңдап, елдің тыныш­тығын күзеткен азаматтарды аудан әкімі мерекелерімен құттықтап, ерлік ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Шара барысында ерлікпен қаза тапқан Ержан Әбдиевтей батырды өмірге алып келген анасы Құндызай Сүлейменоваға «Асыл Ана» медалін табыс етті. Сонымен қатар, Тәжік-Ауған шека­ра­сы аумағындағы әскери ұрыс қимыл­дарына қатысқан Табиғат Әшір­беков, Сәбит Батырбеков, Бауыржан Асанов, Яхия Құлмы­шевтардың кеу­де­леріне «Тәжік-Ауған шека­ра­сындағы қызметі үшін» меда­лі тағылды. Ал, әскери ұрыс қимылдарына қатысқан Нұрлан Бекжанов, Ғафур Төлебаев, Таңат Мадиевтерге аудан әкімінің алғыс хаты табыс етілді.

Мерекелік шара барысында еңбегі бағаланып, марапаттал­ған­дардың қатарында әскери қызметшілер де болды. Атап айтсақ, «Шиелі» шекара комендатурасы комендантының орынбасары капитан Б.Абдрахманов, «Шиелі» шекара комендатурасы комендатының орынбасары, капитан Б.Кумаров, аға лейтенант О.Қуатбек, аға сержант Н.Асанов, қатардағы жау­ынгер Е.Нұрбек, қатардағы жау­ынгер Д.Мавланкулов, сер­жант М.Нұрмағанбетов, ефрей­тор Н.Рысбаев, кіші сержант Д.Полатов, сержант Н.Жақсы­лы­қов алғыс хаттармен марапатталды.

Шарада аудан өнерпаздары күмбірлеген күй мен әуезді ән қатысушыларға  көңіл-күй сыйлады. Мұнан соң аудан әкімі Ә.Оразбекұлы «Ұзын құдық» шекара заставасында болып, жұмыс барысымен танысты. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздармен тілдесіп, оларға ел қорғау жолындағы қызметіне табыс тіледі.

Ерұлан ДАТКЕНОВ,

журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<