Елдігіміздің үштағаны

1047

0

Алдымызға келген астың ең бірінші дәмін көреміз. Оның дәмді болып пісуінің өзіндік реттілігі бар. Ас пісетін ошақтың үш тағаны – оның тірегі. Дәл осы мысал секілді біздің еліміздің де тұғырлы үштағаны бар. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып небір қиын-қыстау кезеңнен ауызбіршілікпен өткеніміз аян. Осының барлығы халқымыздың бірлігінде деп білемін.

Халқымыздың қатпарлы тарихы сырға толы. Іргедегі көршіні сыйлап, көмек қолын созуға әрдайым дайын болды. Осылайша қазақ жері жүзден аса этностың басын біріктірді. Олардың тіліне, дініне, діліне және дәстүріне сый-құрметпен қарап, үндестіріп, татулықта ұстап отыр. Бұл бірінші тағанымыз  болса, екіншісі – ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілі.

Тіл – асыл құндылық. Ата-бабаларымыз тілді қару етіп, небір даудың түйінін шешіп отырған. Басқалар тіліміздің шексіз сұлулығын Абай арқылы, бертін келе, қаншама ұлы тұлғалардың шығармаларынан таныды. Тіліміздің әсем әуезділігін дәлелдеген бүгінгі Димаштың өзі мақтанышымыз. Осындай азаматтар тілімізді жақсылықты дәріптейтін құрал ретінде қолданса, аясы кеңи түспек.

Ұлан-байтақ кең далам – жер жәннаты. Ұшы-қиыры жоқ осындай жерде дүниеге келген бізде арман жоқ шығар, сірә. Арқадан соққан самал жел шабытты оятып, әуезді ән салдырса даланың кеңдігі мамыражай күйге түсіріп өзгеше әсер береді. Осылай керемет үйлесім тапқан үштағаны бар  қазақ жұртының жастары мақсатымызға жетіп, елімізді мақтан етеміз. Жұрт болып жұмылған, халықтың бірлігін ардақ тұтқан біздің ұрпақ алар асуымыз биік боларына сенімдімін. Еліміздің үштағанын болаттай берік ету, еліміздің көк туын желбірету біздің қолымызда екенін ұмытпайық.

Іңкәр АМАНЖАНҚЫЗЫ,

қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы «Өлкетану» үйірмесінің оқушысы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<