Тұрмысымызға цифрландыру дендеп енді. Коммуналдық төлем үшін кассаға баратын бірен-саран адамға көпшілік тосын қарайтын болды. Интернеттің мүмкіндігі халықтың уақытын үнемдеуге жол ашты. Қазір үйде отырып-ақ интернет арқылы билет алып, дүкендерді шарлай бересіз. Тіпті, тағамға тапсырыс берсеңіз, үйіңізге әкеп береді.
«Қазпошта» АҚ мен Қызылорда қаласы әкімдігі, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен сырбойылық кәсіпкерлер мен бизнес бастауға ынталы азаматтар үшін электронды коммерцияның тиімділігі туралы семинар өтті.
– Қазіргі таңда электронды коммерцияның әлеуеті күннен-күнге артып келеді. Тіпті, оның географиялық шектеуі жоқ. Қолма-қол ақша төлеу де қалып бара жатыр. Адамдар әмиянында ақша ұстаудың орнына интернет қосымшалар арқылы басқарып, бірнеше төлем карточкаларын алып жүреді. Бұл ыңғайлы әрі қауіпсіз,– деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Д.Болатбеков.
Сонымен қатар электронды сауданың ерекшеліктерін айтты. Атап айтқанда, уақыт үнемдеу, қауіпсіздік, салық жеңілдіктері және дәл есеп. Шараның негізгі мақсаты – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде электронды сауданы дамыту, интернет салығын іске асыру.
Семинарда «1С-Битрикс Қазақстан» компаниясының маркетинг бойынша менеджері Индира Жұбаназарова интернет дүкен құрудың тәсілдерімен бөлісті. «iLab» компаниясының жетекшісі Владимир Денисов интернет дүкен құрудың құпиялары туралы ақпарат берді.
– Биылғы жылдың өзінде электронды коммерцияны дамыту жөнінде 11, еліміздің 7 қаласында осындай семинар ұйымдастырдық. Бұл шарада интернет дүкеннің тиімділігі, құру жолдары жайында мамандар маңызды ақпаратпен бөліседі. Елімізде электронды коммерция қарқынмен дамып келеді, – дейді «Қазпошта» АҚ-ның «Е-commerce» бойынша менеджері Т.Кабидолданов.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<