Елімізде жүктіліктің он екінші аптасына дейін есепке тұрған болашақ аналарға 425 мың теңге төленуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі заң жобасына осындай норма енгізуді көздеп отыр деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында айтты.
Ол заң жобасына енгізілген өзгертулер қабылданса, онда жүкті әйелдерге 425 мың теңге төленетінін растады. Біртановтың сөзінше, атаулы көмек тек жүктіліктің он екінші аптасына дейін есепке тұрған болашақ аналарға ғана беріледі.
Министр денсаулық сақтау туралы заң жобасында жүкті әйелдерге ең төменгі жалақының он еселенген мөлшері шамасында өтем төлеу туралы норма қарастырылғанын жеткізді.
Сондай-ақ, ол халық денсаулығы туралы жаңа кодекс аясында азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігін күшейту көзделіп отырғанын алға тартты.
«Өкінішке қарай, қазір азаматтар өз денсаулығына салғырт қарайды, көп жағдайда дәрігерлердің араласқанын күтеді. Бірақ тым кеш болып қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Сол себепті шаралардың дені профилактикаға, соның ішінде, вакцинацияға бағытталған», – деді Біртанов.
Министрдің айтуынша, заң жобасында денсаулығына немқұрайлы қараған қазақстандықтар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу де қарастырылған.
«Біз ана мен баланың денсаулығына бағытталған шаралар кешенін ұсынуды жөн көрдік. Атап айтсақ, оларды уақытында есепке тұруға ынталандырғымыз келеді.
Сондай-ақ, дер кезінде есепке тұрмайтын, дәрігерге қаралмайтын, екпеден бас тартатындар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсындық», – деді Біртанов.
Қазір бұл ұсыныстардың барлығы талқылануда.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<