Бүгін «Баспана» Ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков елімізде жаңа тұрғын үй бағдарламасының іске қосылғанын айтты. Бағдарлама атауы – «Баспана Хит», деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек бірінші тұрғын үй нарығындағы, яғни жаңа баспананы сатып алуға болады. «Баспана» компаниясы осыны ескере отырып, «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, екінші тұрғын үй нарығындағы баспананы несиелеуге бағытталған арнайы өнім əзірледі. Бұл бағдарлама «Баспана хит» деп аталады», – деді Алтынбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қайрат Алтынбеков жаңа бағдарламаның шарттарымен де таныстырды. Оның айтуынша, бастапқы жарна баспана бағасының 20 пайызынан басталады. Пайыздық мөлшерлемесі – Ұлттық банктің базалық ставкасы + 1,75 пайызды құрайды. Қазіргі таңда Ұлттық банктің базалық ставкасы – 9 пайыз. Сəйкесінше, аталған бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі 10,75 пайызды құрайтын болады. Несие мерзімі – 15 жылға дейін.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<