Ең төменгі күнкөріс деңгейі қайта есептеле ме?

470

0

Сурет ашық дереккөзден

Бүгінде әрбір бесінші қазақстандық мемлекеттен әлеуметтік қолдау алады екен. Бұл туралы жуырда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеген еді. Әлеуметтік кодекске сәйкес, келесі жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін орташа табысқа байланыстыру тетіктері пысықталатынын атап өтті. Оны кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда.

Бүгінде ең төменгі күнкөріс деңгейі тұтынушы себетінің құны негізінде есептеледі. Алдағы жылы оны медиандық табыс деңгейіне байланыстыру көзделіп отыр. Бұл – шын мәнінде, кең таралған халықаралық тәжірибе. Ең төменгі күнкөріс деңгейі барлық негізгі жәрдемақылардың, сондай-ақ кедейшілікпен күресудің негізгі құралы – атаулы әлеуметтік көмектің мөлшеріне әсер ететін кедейлік шегін анықтау үшін негіз болып табылады.

Өзгеріс енгізілген жағдайда өмір сүру құны мен алушылардың болжамды санының өсуін де қамтамасыз ету қажет болары анық. Күнкөріс минимумы – атаулы әлеуметтік көмек, базалық зейнетақы, мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, басқа да  әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне әсер ететін көрсеткіш. Сондықтан бұл төлемдер әділ және жеткілікті болуы үшін олар өмір сапасының негізгі деңгейін шынайы көрсетуі керек.

Дегенмен, қазіргі уақытта оның көлемінің аздығына қатысты сын көп айтылып жүр. Кемшіліктер әсіресе, кедейшілікпен күрес бағытында байқалуда. Мысалы, елімізде белгіленген кедейлік шегі халықаралық стандарттардан айтарлықтай төмен. Қазіргі уақытта ол күнкөріс минимумының 70 пайызын құрайды. Өткен жылдың соңында ол 38 092 теңгені құрап, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмекті есептеуде қолданылады.

Ресми статистикаға сәйкес, 2023 жылдың соңында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,2 пайызды немесе 1 миллионнан астам адамды құрады.

Ал Дүниежүзілік банк табысы орташа деңгейден жоғары елдер үшін күніне бір адамға 6,85 доллар немесе айына 205,5 доллар кедейлік шегін белгілеген. Табысы орташа елдер қатарында Қазақстан да бар. Осылайша, Қазақстан көрсеткішіне сәйкес келетін жан басына шаққандағы ЖҰӨ бар елдер үшін кедейлік деңгейін анықтаудың халықаралық эталоны Қазақстан Республикасындағыдан 2,6 есе жоғары. Адам басына тәулігіне 6,85 долларды құрайтын бұл көрсеткішке сүйене отырып, Дүниежүзілік банк 2022 жылы Қазақстандағы кедейшілік деңгейін 16%-ға бағалады. Бұл ұлттық статистикадан үш есе жоғары.

Біздегі ресми деректер мен Дүниежүзілік банктің бағалауы арасындағы үлкен алшақтық түрлі пікір туғызатыны анық. Қалай десек те, елдегі кедейлік деңгейін қайта қарау қажеттілігі байқалып отыр.

Ең төменгі күнкөріс деңгейін медиандық табысқа байланыстыру ЭЫДҰ мен ЕО елдерінің тәжірибесіне сәйкес келеді. Мысалы, ЭЫДҰ елдерінде кедейлік шегі медиандық табыстың жартысы, яғни, табысы одан төмен халық кедей санатына жатқызылып, жәрдемақы алатын мақсатты топқа саналады.

Өткен жылы елімізде жан басына шаққандағы медиандық табыс 73 883 теңгені құрады. Өмір сүру құнын немесе кедейлік шегін анықтау кезінде орташа табыстың қандай үлесі ескерілетіні әлі жарияланған жоқ. Қазақстандағы медиандық табыс былтыр шамамен 182 мың теңгені құрайтын орташа табыстан екі есе аз. Бұған себеп – табыстың көбінің халықтың аз бөлігіне тиесілі болуы, яғни, елімізде теңсіздік көрсеткіші жоғары.

Теңсіздіктің экономика үшін де, жалпы қоғам үшін де теріс салдары қаншалық екенін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Елімізде теңсіздік мәселесі бұрынғыдан да өткір болып отыр. Мұны Қазақстан Республикасында байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық жол беруге болмайтын деңгейге жеткенін баса айтқан Мемлекет басшысының мәлімдемелері де растайды.

Кейбір сарапшылар Қазақстан халқының жартысына жуығының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі жалақыдан төмен екенін айтады. Әрі бұл табыстың жартысынан көбі азық-түлікке жұмсалады. Сонымен қатар, елдегі дүние-мүліктің 60 пайызға жуығы халықтың 10 пайызына тиесілі екен.

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, медиандық табыстың 60 пайызынан төмен табысы бар халықтың үлесі былтыр 9,7 пайызды құраған. Бұл сол кезеңдегі кедейшілік деңгейінен айтарлықтай жоғары болғанымен, Дүниежүзілік банк көрсеткіштерінен төмен. Қалай болғанда да, ең төменгі күнкөріс деңгейін жаңаша есептеу  жәрдемақы көлемін және алушылардың санын арттыратыны анық. Дегенмен, министрлік оны есептеуге қатысты әлі нақты мәлімдеме жасаған жоқ.

Егер медиандық табыс халықтың өмір сүру деңгейін неғұрлым объективті түрде көрсететін болса, оны кедейлік деңгейін есептеу үшін негіз ретінде пайдалану әділетті шешім болар еді.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<