Еңбек ері Орынбасар Бәйімбетовты еске алу шарасы өтті

195

0

Фото: Шиелі ауданы әкімдігі

Бүгін Шиелі кентіндегі “Арман” мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетовтың 95 жылдығына арналған «Даласын сүйген дара перзент» атты еске алу шарасы өтті.

Шара барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп, ел дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты тұлғаның өнегелі өмір жолына тоқталды.

– “Қасиетті Сыр өңірі – ел игілігі мен ұлт мүддесі жолында тер төккен дара тұлғаларға бай өлке. Солардың бірі – еңбек пен парасаттың символына айналған Орынбасар Бәйімбетов. Ардақты ағамыз өзінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ауыл шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Еліне адал қызмет еткен азаматтың есімі ел жадында мәңгі сақталады,” – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Орынбасар Биімбетұлы 1930 жылы Сыр бойындағы Қаратау бөктерінде дүниеге келген. Еңбек жолын небәрі 13 жасында бастаған ол, 1949 жылы Қазалы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын үздік бітіріп, кейін Алматы зооветеринарлық институтында білімін жалғастырды.

1962 жылы Сұлутөбе қыстағындағы «1-Май» совхозының директоры болып тағайындалып, небәрі бес жыл ішінде шаруашылықты республика үздіктері қатарына қосты. 36 жасында Социалистік Еңбек Ері атанып, есімі Қазақстан ССР Құрметті Алтын кітабына енгізілді.

Егістік алқаптарын тегістеудің жаңа әдісін алғаш қолданған жаңашыл басшы ретінде Сыр диқандарының өнімділігін арттыруға зор үлес қосты.

1967-1983 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы және Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін берді.

Өмірінің соңына дейін ел игілігі жолында еңбек еткен ардақты тұлға кейінгі ұрпаққа еңбекқорлық пен отансүйгіштіктің үлгісін қалдырды.

Еске алу шарасы барысында Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Серік Әбішұлы Дүйсенбаев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы, құқық қорғау саласының ардагері Тастемір Сауранбайұлы Рахимов, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Өмірсерік Исабекұлы Тақырбасов, Шиелі ауданының Құрметті азаматтары Сұлтанбек Қойшыбайұлы Оразымбетов пен Ералы Ағыбайұлы Жұмаділов және ардақты ағамыздың қарындасы Балтагүл Бейімбетқызы сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Тағылымға толы жиында жыр-термелер шырқалып, бейнематериалдар көрсетіліп, қатысушылар жүрегіне жылылық пен мақтаныш сезімін ұялатты.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі