Еңбекті қорғау –  маманды қолдау

296

0

Кеше Кәсіподақтар үйінде 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік әріптестік: тәжірибе, мәселелер, ұсыныстар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жа­на­линов, «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Нәлібаев, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Б.Досымов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Д.Әбілқайыров, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ж.Дәулетбаева, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов, «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы М.Бәйімбетов және кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлері қатысты.

Халықаралық еңбек ұйымының  бастамасымен жұмыс орындарында жазатайым жағдайлар мен кәсіби аурулардың алдын алуға жәрдемдесу, еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталып келеді. Бұл күнді атап өтудің негізгі идеясы жұмыс берушілердің, қызметкерлердің, жұртшылықтың назарын еңбекті қорғаудың шешілмеген мәселелеріне аударады, шешілуіне ықпал етеді.

Шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жана­линов жиналғандарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Сала мамандары «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, олардың құқықтарын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Кәсіподақтар қызметінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау – басым бағыт. Кәсіпорындарда бекітілген еңбек, ұжымдық шарттарда әр жұмысшының денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау маңызды.

Басқосуда еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз ету шаралары туралы да кеңінен айтылды. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптары, жұмыс беруші мен қызметкерлердің еңбек қатынастарындағы құқықтары мен міндеттері, өндірістік жарақаттың алдын алу жолдары, еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Жиында «ҚазақГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы директорының міндетін атқарушы Ғ.Түлепов баяндама жасады.

– Біздің ұйым  қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауды бірінші орынға қояды. Олар заңнамаға сәйкес арнайы киіммен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Қауіпті еңбек жағдайларын анықтау мақсатында былтыр өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жүргізілді. Нәтижесінде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге күн сайын қоректі заттар беріліп келеді. Филиал қызметкерлерінің денсаулығын қорғау және жол қозғалысы, жүргізушілердің қауіпсіздігі де назарда. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жетістіктеріміз бар. Сондай-ақ ISO 45001-2019 стандарттарын енгізуде және Vision Zero бағдарламасына қол жеткізу үшін компания бірнеше бағдарламаны қолданады. Қызметкерлер кәсіби біліктілігін арттыру үшін жыл сайын курстардан өтеді, – деді ол.

Жиын барысында мерекеге орай бірқатар қызметкер марапатталса, «ҚазақГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы «Сенім» сертификатына ие болды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»