Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында бірқатар еңбеккерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Осылайша «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетілді.
Президент Жарлығымен еліміздің агроөнеркәсіп саласын дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (Ақтөбе облысы) директоры Аманғос Сансызбайұлы Төлеуовке жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының қолынан ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккері мемлекеттік награда алды. Атап айтқанда, екі адам – «Парасат» орденінің кавалері, саланың 6 өкілі «Құрмет» орденінің иегері атанды. II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 1 азамат, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 10 адам, «Ерен еңбегі үшін» медалімен 6 еңбеккер марапатталды.
Осы іс-шарада «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ауыл шаруашылығы саласында озат атанған төрт азаматқа алғаш рет тапсырылды.
Айта кетейік осы салтанатты жиында еңбек ардагері, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы Дүйсенбаев «Парасат» орденімен марапатталды.





