Адам өміріне қауіпті мамандық аз емес. Олардың қатарында құтқарушы да бар. Жуырда өңірдегі «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» өкілдерімен кездесіп, жұрт көп біле бермейтін мамандық иелерінің жұмысымен жақын танысудың сәті түскен болатын.
Бұл қызмет облыста 1998 жылы құрылыпты. Басты міндеті – кен орындарында болған төтенше жағдайлардың алдын алу, оны дер кезінде жою. Мамандардың айтуынша, мұндай қызмет түрі өзге аймақтарда да бар. Олардағы 2800-ден астам жоғары білікті кәсіби құтқарушы, 600 авария-құтқару техникалары тәулік бойы әзірлікте болады. Өткен жылы аталған кәсіпорынға 250-ден астам дабыл келіп түскен, 185 адам құтқарылып, апатты жою орындарында 319 адамға медициналық көмек көрсетілген.
– Сыр өңіріндегі мұнай өндіретін Құмкөл, Ақшабұлақ секілді кен орындарында кез келген жағдайда атқылама болуы мүмкін. Біздің мамандар сол жағдайда дереу көмек көрсетеді. Мамандар – түгелімен дерлік тәжірибелі мұнайшылар. Бұл қызмет 1999 жылдан бері 15-тен астам ірі ашық атқыламаны жойды, – дейді «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» облыстық филиал директоры Нұрбек Момынов.
Бүгінде құрылым толықтай материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, кез келген қауіптің бетін қайтаруға әзір. Мұнда инженер-техникалық және жедел қызметкерлердің техногендік сипаттағы апаттардың алдын алу және жою бойынша озат әдістерін оқу мен біліктілік деңгейін арттыру жұмыстары жалғасуда. Арнайы механикалық қондырғымен қысым астындағы құбырларды бұрғылап тесу, құбырды қысым астында кесу, жаттығу кешенінде жедел құрамның ауа-тыныс алу аппараттарын қосу, гидравликалық жабдықтармен жұмыс, альпинистік жабдықтарды қолдану арқылы жаттығу мен зардап шегушіні биіктіктен түсіру бойынша оқу-жаттығу сабақтары жиі ұйымдастырылады. Қатерге толы қызметтің ыстық-суығына шыдас беретін құтқарушылардың бұл еңбегін елемеске болмас. Себебі, олар дабыл түскен уақытта оқиға орнынан табылып, қауіпті сейілтуге әрдайым даяр тұрады.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<