Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Қайырымдылық істер марафоны шеңберінде Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлары сауапты іс жасады. Жалғызбасты ана Жұмакүл Оразалиеваның үйіне барып, ауласын тазалап берді.
«Көмек берген ерікті жастарға рақмет. Себебі қора жұмыстарымен айналысуға менің денсаулығым жарамайды. Игі жұмыс жолында жүрген осындай жастарымыз көбейе берсін», – деді зейнеткер.
Үйінде жалғыз тұрып жатқан зейнеткер Жұмакүл Оразалиева аула жұмыстарына әлі келмейтінін айтты. Уақытын бөліп келген еріктілерге ақ батасын берді.
«Біз мұндай шараларды жыл басынан бері өткізіп келеміз. Әсіресе қарт кісілерге үй шаруаларына көмектесу жұмыстарын жиі ұйымдастырамыз. Ізгі жұмыстар «30 жылға – 30 игі іс» аясында жалғасын табады», – деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлар орталығының жетекшісі Гүләйім Мәлік.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<