Қазақстан халқына арнаған телевизиялық үндеунінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды алаңдатып отырған көптеген мәселеге тоқталды.
Оның ішінде коронавирусқа байланысты әлемде ахуал күрделене түскенін, елімізде қабылданған екі апталық карантиндік шаралар болашақ қадамдар үшін шешуші кезең екенін атап өтті. Иә, қауіпті індетке құрық бойламай тұр. 12 миллиондай адам ауру жұқтырса, соның жарты миллионнан астамы көз жұмды. Статистика алаңдауға сеп әрі әлі де еркінсуге ерте екенін көрсетеді.
«Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты. Бұл – өте қауіпті, батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерт», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қауіпті індеттен жақын-жуығы қайтыс болып, қара жамылып отырған отбасыларға көңіл айтты.
«Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ, біздің күресіміз жалғаса береді. Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас. Алайда, уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды. Салмақты, сабырлы болайық!» – деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ешкім қиындықпен бетпе-бет жалғыз қалмайтынын, мемлекет әрбір қазақстандықтың өмірі мен денсаулығы үшін күресетінін жеткізді. Ал қазіргідей сын сағатта мұндай мәлімдеме еңсе тіктеуге көмектесетіні анық.
Ғани БАЙҰЛОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ
Дәстүрлі өнер институтының директоры,
философия докторы (PhD).
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<