Ерлік даңқы өшпейді

433

0

Фото: Автордан

Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен өз тағдырын ел тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары аз болмаған. Сондай батырлардың бірі – Қармақшы ауданының топырағынан шыққан Кеңес одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев.

Ұлы Отан соғысына қазақстан­дық­тармен бірге қармақшылық жа­уынгерлер де Отанға берген ан­тын адал орындай отырып, шай­қас­тардың бел ортасында жүрді. Ел басына түскен сын сағатта өз борышын абыроймен атқарып, алдыңғы саптан табылды. Біздің ауданнан 5 мыңға жуық жауынгер соғысқа аттанып, олардың 2507-сі хабарсыз кетсе, 1205-і соғыстан оралмаған боз­дақтар қатарына енді. Майданнан 563 адам аман-есен елге оралып, бей­біт заманның еңбек ерлеріне айналды.

Өлкемізден шыққан есімі елге белгілі азаматтар қатарынан Кеңес одағының батыры Тәйімбет Көмек­баев есімін ерекше құрметпен айта­мыз. Ол 1896 жылы Қармақшы ау­данындағы №10 ауылда (қазіргі Тұр­мағамбет ауылында) туған. 1941 жылы қазан айында Отан қор­ғау­шылар қатарына шақырылып, со­ғыстың басынан аяғына дейін барлаушылар бөлімшесін басқарды. Бұ­рынғы жылқышы қиядағыны қалт жібер­мей­­тін қырағы болған екен. Ол бас­­таған барлаушылар тобы Поз­нань қаласының түбінде жаудың нығайтылған бекінісіне батыл шабуыл жасайды. Кеңес жауынгер­лерінің кенеттен пайда болуы жау жағын қатты састырып, немістің 37 сол­даты мен 2 офицері ұрыссыз бе­­ріледі. Оның ұрыстағы ерлігі май­дандастарының жеңіске деген жігерін жанып, жауынгерлер алдын­дағы тұрпаты нақтыланып, тастүйін толағай тартып, беделі асқақтай түскен-ді.

Сондай-ақ Т.Көмекбаев 1945 жыл­ғы қысқы шабуыл ұрыстары ке­зінде де ерлік көрсетіп, бірінші бо­лып Глейвиц қаласына кіріп, жау­дың 30 ұясын талқандайды. Осы жылдың 6 ақпанында Одерден ал­ғаш өткендердің бірі болып, өз бө­лімшесімен Эйхиринд елді меке­ні ма­ңындағы плацдармды ұс­тап тұр­ды. Түнде ержүрек жауынгер Бриг қала­сының кіреберісіндегі жау­­дың станокты пулеметін жойып, қала үшін болған соғыста 60 фа­шист бас­қыншысын жайратып, 12 адамды тұтқынға алды. Ванни қаласы үшін болған ұрыста ол бас­таған жауынгерлер жаудың 7 шабуылына тойтарыс берді. Ұрыста көрсеткен қаһармандығы мен ер­лігі үшін оған КСРО Жоғарғы Ке­ңесі Президиумының 1945 жылғы 10 сәуірдегі Жарлығымен «Кеңес ода­ғының батыры» атағы берілді. Сонымен қатар «Ленин» орденімен марапатталды. Осындай ерлігі ла­йықты бағаланып, бірнеше жауын­герлік орден, медальдармен марапатталып, Кеңес одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев І Украина майданы өкілдері құрамында Мәскеуде болған Жеңіс парадына қатысты.

Тәйімбет Көмекбаевтың есімін мәңгі есте қалдыруда ауданда біраз іс-шара атқарылды, әлі де жұмыс жетерлік. Бұ­рынғы Жаңақала кең­шары Кө­мек­баевтың атымен атала­ды. Жосалы кентіндегі орталық кө­­ше­лердің біріне, аудан орталығын­дағы №250 мектеп-лицейге де есімі берілді. Бұл мектепте қаншама дарынды шә­кірт білім мен өнер додаларында батыр атын республикаға танытуда. Білім беру мекемелерінде батырдың ерлігіне арнап тәрбие сағаттары, ұр­­пақтарымен кездесу кештері, шы­ғар­малар мен мүшәйра, ән-жыр кеш­тері, ақындар айтысы, тағы бас­қа тәрбиелік іс-шаралар ұйым­дас­тыры­лып тұрады.

1996 жылы Кеңес одағының ба­тыры Тәйімбет Көмекбаевтың 100 жылдығын аудан жұрт­шылығы ерек­ше салтанатпен атап өтті. Рес­пуб­ли­калық деңгейде кү­рес­тен жас­тар арасында жарыс өт­кізі­ліп, же­ңім­паздар марапатталды. Бұл жа­рысты жыл сайын Жеңіс ме­ре­кесі күні өткізу дәстүрге айналып, ол қазір халықаралық дәрежеге көте­ріліп, самбодан халықаралық мемориал өтіп тұрады. Дәстүрлі түр­де өтетін турнир биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен, облыстық денешынықтыру және спорт бас­қармасының басшысы Бақтияр Ар­таевтың ұйымдастыруымен 17-20 сәуір күндері Қызылорда қаласын­дағы «Евразия» спорт кешенінде өткізіледі.

Сонымен қатар өзі туып-өс­кен Тұрмағамбеттегі мектеп ал­дын­­дағы алаңда ескерткіш мү­сіні қо­йыл­ды. Жосалы кентінде, Қы­зыл­­орда қа­ласында Т.Көмекбаев атын­да кө­шелер бар. 1999 жылы даңқ­ты ба­тырға «Ғасыр жауынгері» деген атақ берілді. Осының бәрі – елдің сү­йіс­пеншілігі, құрметі. Бұл – батыр есімінің ұмытылмайтынының, кері­сінше жаң­ғыра түсетінінің көрінісі.

Тәйімбет атамыз бен жұбайы Нәби Жаңаева анамыздан өрбіген ұл-қыздары Қарсыгүл, Ұлболған, Телеубек, Жаңагүл, Данагүл, Гүл, Бақтай, Бағбаннан тараған немере-шөберелері бір қауым ел болып, өсіп-өніп келеді. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дегендей, батырдың баласы Бағбан Тәйім­бет­ов Қазақ мемлекеттік универ­си­тетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Әділет аға кеңесшісі, ІІІ санатты әділет мемлекеттік кеңесшісі, II дәрежелі «Даңқ» орденінің ие­гері, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының прокуроры қызметтерін абыройлы атқарған. Әділеттің ақ туын жық­паған, саналы ғұмырын әділет органына арнаған құрметті азамат. Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет салған ақын­дық, жыраулық дәстүр­дің насихатталуына, спорттың дамуына, білімге, ғылымға құмар жас­тардың өсіп-өнуіне қолдау көр­сетіп отырады.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысында қан майданда ерлік көрсетіп, Отан қорғауда шейіт болған жауынгерлерімізді еске алып, ерлігін дәріптей отырып, басымызды иеміз. Рухтарына Құран бағыштаймыз! Халқымыз үшін қан кешкен қас батыр Т.Көмекбаевтың өр, тау  тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей бермек.

Қ.ҚЫПШАҚБАЕВ,

«Болашақ» университеті жоғары колледжінің тарих пәні оқытушысы,

педагог-зерттеуші

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<