Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті

260

0

Фото: Автордан

Халқымыздың тарихы ерекше атаулы күндерге бай. Еліміз бой көтеріп, өркендеп даму жолында көптеген естен кетпес қуанышты да, қайғылы да сәттер аз болмады. Олардың қайсы бірі болмасын зор мәнге ие. 

Сондай  – ақ мәңгілік ұмытылмас, жаныңа қанжардай қадалатын күндер де бар. Кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан үшін ол 7 сәуір. Дәл осы күні 1995 жылы ел үшін кеудені оққа керген қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік – ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеп, қайтпас қайсарлық, беріспес батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын. Амал қанша мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол шайқаста 17 бауырымыз қаза болып, 33 жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің басты мақсатымыз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында бұл күн жыл сайын «Ерлікке тағзым күні» болып аталып өтеді. Еске алу шаралары, елді, өскелең жас ұрпақты елдікке, Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу, жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, Отан үшін отқа түсіп қыршынынан қиылған, жат жерде көз жұмған Қазақстан азаматтарын еске алу, жауынгерлердің қысқа ғұмырынан үлгі-өнеге, тарихи тағылым беру, елжандыққа, отансүйгіштікке, ізгілікке тәрбиелеуге арналған тағылымдық шаралар жер-жерде, республика бойынша әр әскери бөлімде өткізіледі. Сұрапыл соғыста көрсеткен ерліктерін айтып, өнеге етіп көрсетсек ертең олардың ізбасарлары ерлік үлгісін одан әрмек жалғастырмақ. Демек, ерлік жалғастығы тоқтамайды.

Осындай ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз де осы сұрапыл соғыста көз жұмды…

Солардың бірі Жансүгіров Жақсылық Әмірханұлы, 1974 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келеді. 1981 жылы Арал қаласында орналасқан №23 мектеп табалдырығын аттап, 1992 жылы 11 сыныпты бітіреді. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі әскер қатарына шақырылып, Шымкент қаласындағы 5485 әскери бөлімінде ант қабылдайды.  

Екінші боздағымыз Ержан Серікұлы Абдиев 1975 жылы 1 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Шиелі ауылындағы № 47 орта мектепке барып, 1992 жылы 11 сыныпты бітіреді. Ал 1993 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі әскер қатарына шақырылып, Шымкент қаласындағы 5485 әскери бөлімінде ант қабылдайды.  

1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауының Пшихавр шатқалында алты сағатқа созылған қанды шайқа қатысып, жолбарыс жүректі жауынгерлеріміз қапыда шабуыл жасаған оппозициялық пиғылдағы моджахеттер оғынан ерлікпен қаза табады.

«…Бір машинаның арт жағында Ержан Әбдиев, Жақсылық Жансүгіров, Армат Аршабаев, Жанат Несіповтер атысып жатқан еді. Бір кезде қарсы жақтан атылған гранатометтен түскен граната Ержанның дәл қасына түсті де… дүние төңкеріліп жүре берді…

Соғыста ең жаманы өлейін деп жатқан досыңа еш көмектесе алмайтының екен. Жалынға айналған жасжүректі тасқа сүйедім де, қалғандарына жәрдем беруге ұмтылдым.

…Иә, сол сұмдық шайқаста менің взводымнан қатардағы жауынгер Ержан Әбдиев, Жақсылық Жансүгіров, Еркебұлан Мақажанов, Бауыржан Далабаев қаза тапты. Содан бері арада жылдар өтсе де, менің көз алдымнан жалынға айналған жас жігіттер кетпейді. Кейде түсімнен шошып оянамын…»

«Құрама ротаның 1-ші взводының командирі болған офицер Әбиолла Жайлыбековтың «Жалынға айналған жас жүректі көрдім» деген естелігінен.

Бұл күн мәңгі есте қалады, себебі біздің жаужүрек жігіттеріміз, қайсар сарбаздарымыз нағыз қиын сәтте, жау қыспағында хас батырлық үрдісін танытты. Бүгін олар ел аманатын арқалап, жат жерде, бөтен елде табан тіресе, жаумен шайқаса отырып,батырлықтың үлгісін көрсетті.

Жерлестеріміз Жансүгіров Жақсылық пен  Абдиев Ержанның ерлігі  елеусіз қалмады. Елбасының «Жауынгерлік ерлігі үшін», Ресей Федерациясы президентінің «За отличие в воинской службе» І степени, «За особые заслуги», «За службу Таджико – Афганской границе» және «ҚР ІІМ ішкі әскерлеріне 20 жыл» медальдарымен марапатталды.

«Ерлік жан дүниенің ұлы қасиеті» дегендей, әскерлік анттарын ақырына дейін адалдықпен атқарып және сол жолда, жат жерде нағыз ерлікпен қаза тапқан қайран боздақтар – ай десеңші. Сендердің ерліктерің мәңгілікке өшпейді, өйткені өздеріңнен кейінгі жас буын жеткіншектер ерлік істерің өнеге қылып айта жүреді.

Ерлік –елдің туы. Ер қуаты – қару болса, ел – қуаты батырлары, сақадай сарбаздары мен сардарлары. Халық қашанда қаһарман ұлдарын пана тұтқан. Отан үшін күрес, ерге тиген үлес. Халықтың осы даналығы қайда жүрсек те қашанда жүрек дәптерінде, сана сахнасында сақтаулы жүрсе, қазақ баласы азаматтық парызын адал ақтауды ұмытпас.

Тұрсынай Шәрін

Қызылорда қаласы

№5547 әскери бөлім

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<