ЕРЛІК РУХЫ ЕҢСЕЛІ

381

0

ЕРЛІК РУХЫ ЕҢСЕЛІ Адамзат үшін соғыс қашан да қасірет. Он жылға жалғасқан Ауған жеріндегі соғыс солардың бірі. Кім үшін, не үшін соғысып жүргенін санасында қорытып үлгермеген сан боздақ қыршынынан қиылды.

Ауған соғысының 110 айға созылған қанды қырғынынан аман-есен оралған ардагерлер ортамызда жүр. Олар сан мәрте өліммен бетпе-бет келді. Соғыстың небір ауыртпалығын көтеріп, қабырғалары қайысты. Олардың дұшпан оғынан қаза тапқан майдандас достарын соңғы сапарға шығарып салып тұрып, көздері жасқа, жүректері мұңға толған шақтары көп. Сонда да сертіне адал болды, елге абыроймен оралды. Бүгінде қазақстандық Отан қорғаушылар солардан үлгі алып, соларға қарап сап түзейді.

Талай шаңырақты шайқал­тып, мыңдаған адамды қыршы­нынан қиған Ауған жеріндегі ұрыс даласынан Кеңес әскерінің шығарылғанына биыл – 30 жыл.

Ел басына күн туғанда өз антына адал болған қазақ жастарының арасында менің әкем – Алтынбек Бекбанов та болғанын мақтанышпен айта аламын. Небәрі 18 жасында басынан өткерген қиын кезеңдерді біз тек ес білгенде ғана сездік. Бала күнімде достарым «сенің әкең қатал» деп сескенетін. Алайда бізді барынша мейірімділікпен өсір­генін, бірде-бір рет дауыс көтермегенін айтып ақтап алатынбыз. Жүзіндегі салқындық соғыс салған із екенін кейін есейе келе түсіндік.

Әлі есімде, Ресейдің «9 рота» фильмі жарыққа шығып, отбасымызбен көріп отырғанда әкемнің күрсінгені. Бұған дейін біздің қызық үшін «ол кезде не болды?» деп сұраған сауалдарымызды қасіретті күндерін еске түсіргісі келмегендіктен жауапсыз қалдыратынын сол кезде барып ұқтық.

Анамның айтуы бойынша (мен әлі күнге әкемнен естеліктерін сұрауға жүрексі­немін), әкем 1981 жылы әскерге шақырылғанда Ауған­станға баратынын білмеген. Қызылордадан 40 бала әскер қатарына алынып, Жамбыл облысы Қордай ауданында екі жарым ай жаттығуда болған. Сол жерде «Зил-131» автокөлігін жүргізуді үйретіп, 23 желтоқ­санда жан-жаққа бөліп жіберген. Әкем Пәкістаннан 40 шақырым жерде орналасқан Файзабад де­ген елді мекендегі полкке тү­сіп, жанар-жағармай таситын көлікті жүргізіпті.

Бірде әкем мектептегі оқу­шылармен өткен кездесуге кел­ді.

– Ауғанстан таулы жер ғой. Жүру өте қауіпті болатын. Дұшпандар қай жерден шыға келеді екен деген сақтықпен жүретінбіз. Ұзын қатармен көптеген көліктер майдан даласына жанар-жағармай тасимыз. Өте қауіпті. Қарсыластар алдымен граната атқышпен көліктерді жарып жіберуге тырысатын. Күніне 20-30 шақырым жол жүреміз. Жолдың барлығына мина көміліп қойылған. Алдымызда мина іздегіштер жүреді. Күніне жол бойынан 40-қа жуық мина табылады. Саперлар терең көмілген жарылғышты таба алмай қалғанда жүріп келе жатқан көлікті немесе танкті 15-20 метрге дейін ұшырып жіберген сәттерді де көрдік. Осы тар жол арқылы сан мәрте әрі-бері аман-есен өту Жаратқанның бізге берген ерекше сыйы болатын. Өкінішке қарай, көп достарымыз сол көпірдің үстінде қалды… Бір апта жол жүреміз деп есептеп шыққан асымыз кейде екі апталап жүргенімізде жетпей қалатын. Осы уақыттары біз нанның қадірін түсіндік, – деген еді сонда майдан даласындағы күндерін еске алып.

Әкемнің марапаттары да жоқ емес. Ауғанстанда көрсеткен батылдығы үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» төсбелгісімен, Өзбекстан ЛКЖО ОК алғыс хатымен және «Ізгі ауған халқынан интернационалист жауынгерге» медалімен марапатталған.

Соғыстан 1984 жылы 10 қаңтарда елге оралған әкем осы жылдың желтоқсанында анам екеуі шаңырақ көтереді. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп, бүгінде сол ұрпағынан немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.

Уақыт – сағым. Күн артынан күн озып, өткен шақ тарихи естелікке айналады. Өмір сүре білудің қадірін бейбіт күнде соғыс отын көрген осы жандар біледі. Сондықтан олар достықты, туыстықты, денсаулықты – жалпы тірліктің мәнін жоғары қояды. Олардың әрбір сөзі, әрбір іс-әрекеті – кейінгі ұрпаққа үлгі. Жүректерге жара салған сол жылдар әкем үшін, әрине, ұмытылмайды. Бұл күн ауғандық жауынгерлер үшін қасірет болып жатталып, санада қанмен және термен жазылған күн болып қала бермек.


Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<