Ертеңіңді есірткіге айырбастама!

3

0

Болашақ – алыстағы елес емес, ол дәл қазіргі қадамдарымыздан құралады. Біз, ХХІ ғасырдың жастары, еркін елдің ертеңіміз. Алайда, сол еркіндігіміз бен арайлы таңымызға көлеңке түсіретін «көрінбейтін жау» – есірткі індеті қауып төндіріп тұр.

Бүгінгі таңда есірткі жай ғана зиянды әдет емес, ол – адам тағдырын талқандап, отбасының тыныштығын ұрлайтын қатыгез қару. Әсіресе, сананы лезде улайтын «синтетикалық заттар» жас буынның өмірін ерте сөндіруде. Есірткіге елітіп, жалған ләззат іздеген адам – өз бақытын өз қолымен қабірге көмгенмен тең.

«Бір рет қана көрейін» деген қызығушылықтың артында – талқандалған денсаулық, темір тор және өкінішке толы өмір жатыр. Біздің нағыз күшіміз есеңгіреген күйде емес, спорттағы термен келген жеңісте, біліммен бағындырған белесте және ата-ана үмітін ақтауда.

Құрметті замандас! Сенің өмірің – ұлттың қазынасы. Кез келген азғыруға батыл түрде «ЖОҚ!» деп айту – нағыз ерлік. Санаң таза болса, болашағың да жарқын болмақ. Таңдауың есірткі емес, ерік-жігер мен биік мақсаттар болсын!

Әуезхан Дәулет

10«Б» сынып оқушысы

Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылы

№132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің

Жетекшісі: Қалбаева Гүлфайруз