Газдандыру деңгейі 64%-дан асты

9

0

Кейінгі төрт жылда елді газдандыру деңгейі жеті пайызға өскен. 24.kz келтірген дерекке жүгінсек, 2021 жылы ел тұрғындарының 57,6 пайызы «көгілдір отынға» қол жеткізсе, 2025 жылдың қорытындысында көрсеткіш 64,2 пайызды еңсеріп отыр. Бұл мақсатта қазынадан 112 млрд теңге бөлініп, жүздеген жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде қазір ел тұрғындарының 64 пайыздан астамы «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр.

ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, халықты газбен қамту бойынша Мемлекет басшысы тапсырған әлеуметтік міндеттер жүйелі түрде шешілуде. Табиғи газ шалғай өңірлердің тұрғындары үшін қолжетімді игілікке айналды. 2025 жылы 95 елді мекенде 350 мың адам газбен қамтамасыз етілген.

Бір жылда 160 мың жеңіл автокөлік

2025 жылы Қазақстанда шамамен 160 мың жеңіл автокөлік шығарылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштің 19%-ға артқанын айғақтайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, көліктің барлық түрі бойынша жалпы өндіріс көлемі 171 мың данаға жетіп, 18% өсім көрсетті. Бұл қазақстандық автокөлік өнеркәсібі тарихындағы ең жоғары нәтиже.

«2025 жыл қазақстандық автонарық үшін сапалы өсім кезеңі болды. Өндірістік қуаттардың кеңеюі мен жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы жұмыс орындарының көбеюіне тікелей әсер етті. Қазір салада 11 мыңнан астам маман еңбек етеді», – дейді А.Мақашева.

«СБ» ақпарат