Ғалымдар диагнозды нақтылады

1406

0

Жуырда Жаңақорған ауданының құм беткейіндегі төрт ауылында жылқы қырылып, шаруаларға едәуір шығын алып келді. Кейіннен ол гастрофилез ауруы салдарынан туындағаны анықталды. Бұл диагноз ветеринариялық зертхана қорытындысы бойынша нақтыланды.

Осыған орай Жаңақорған ауда­нына қарасты М.Нәлібаев ауылын­да өткен семинарда тиісті сала бас­­шылары, осы бағытта зерттеу жүр­­­­гізген ғалымдар жергілікті ша­­­р­уа­­лармен жүздесіп, мәселенің мән-жайы тағы бір мәрте таразыланды.

Шара барысында аудан әкімі Руслан Рүстемов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов аталған мәселеге байланысты ой-пікірін білдірді. Басқарма басшысы мал ауруын зерттеп, қорытынды жасау мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық университетінен ғалымдар шақы­рыл­ғанын атап өтті. Алматыдан арнайы жеткен мамандар жылқының өлім-жітімі тіркелген Байкенже, М.Нәлібаев, Қожакент, Өзгент ауыл­дарында болды. Онда малдың шығынға ұшырауына байланысты себептерге назар аударылды.

Биология ғылымдарының канди­даты Гүлнази Ахметова парази­тар­лық аурудың зардабы, экономи­калық зияны, жылқылардың арықтап кету себебі жөнінде кеңінен мағлұмат берді. Оның айтуынша, аталған ауруға ұшыраған жылқы малы 16-18 келіге дейін салмақтан айырылады. Сондай-ақ, инвазияның интен­сивтілігі өте жоғары болса, личинка зардабынан жылқының асқа­­заны тесіледі. Сондықтан ауру­дың алдын алу мақсатында қора жайдың тазалығына мән берілгені дұ­рыс. Бұл ауруға мал иесі дәрі-дәр­мек алып, жылына көктем және күз мезгілдерінде екі мәрте егуі керек. Қора­ларға дезинфекция жүргізілуі шарт.

Ветеринария ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Тұрғанбаева ауырып тұрған жылқы малын сойғанда ащы және тоқ ішегінде көптеген гастрофилез және параскаридоз құрттары анықталғанын айтты. Бұл аурудың көбеюіне бөгелектің әсері болады. Мұндай жағдай жауын-шашын аз болған жылдары көбірек кездеседі. Оны ел ішінде қарынқұрт немесе көмейқұрт деп те атайды.

Семинар барысында осындай аурулардың алдын алу бағытында атқарылатын жұмыстар барысы сараланды. Шаруаларға өзге де мәселелер бойынша кеңес берілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<