Қызылорда қаласының Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының алғашқы астанасы болғанының 100 жылдығына орай өңірде мәдени іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Кеше А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Ғасыр сөйлейді» атты тарихи-танымдық кеш өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, түрлі сала мамандары, ардагерлер мен жастар қатысты.
Кеш қалалық «Жастар театрының» артистері сахналаған қойылыммен басталды.
Алғашқы сөзді қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев алып, үш дәуірдің астанасы атанған қала тарихына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, «Байқоңыр» ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы да кең көлемде аталып өтуде. Бұл мерейлі даталардың ұлт тарихында алар өзіндік орны мен маңызы зор. Сыр елі мәдениет пен өнердің ғана емес, ел экономикасының даму тарихында елеулі орын алады. Келер жылы Ұлттық құрылтайдың Сыр елінде өтуі де үлкен мәртебе екенін жеткізді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев қала дамуындағы оң өзгерістерге тоқталса, белгілі режиссер-сценарист, «Тұран» сыйлығының иегері, қалалық «Жастар театрының» көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов Қызылорда тек астана ғана емес, елдің рухани ордасы, кәсіби ұлт театрының негізі осында қаланғанын тілге тиек етті. Ал белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас шаһар тарихынан сыр шертетін тың деректерді бөліссе, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ерғазы Алданазаров көне ғимараттардың тарихына тоқталды.
Шара барысында ел дамуы жолында елеулі еңбек еткен азаматтарға арнайы сый-құрмет көрсетілді.
Тарихи-танымдық кеште Махмұтбай Әміреевтің сөзіне жазылған Тәңірберген Қалауовтың әні «Қызылорда вальсі», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», Рамазан Таймановтың «Қызылорда» әндері шырқалды. Жастар поэзиялық туындыларды нақышына келтіре орындады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





