Ғасыр жасаған қариялармен кездесті

1313

0

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішов Халықаралық қарттар күнінде тыл ардагерлерімен және ғасыр жасаған қариялармен кездесті. Қазыналы қарттардың шаңырағына барып, мерекеге орай сый-құрмет көрсетті.

Шаһар басшысы алдымен биология ғылымдарының кандидаты, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер 87 жастағы Алма Ақдаулетованың отбасына барып, тыл ардагерімен тілдесіп, қаланың тыныс-тіршілігі турасында әңгіме өрбітіп, емен-жарқын сөйлесті. Алма Танабайқызы еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастап, облыстық партия комитетінің ғылым және білім бөлімінің меңгерушісі, облыстық Кеңес атқару Комитетінің жауапты хатшысы, облпартком төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.

Қала әкімі қызметке ерте араласып, ел бірлігі жолында тындырымды тірлік атқарған Алма Танабайқызының аймақ дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтіп, еліміз тәуелсіздік алған қиын кезеңде өңір көшін өрге сүйреген білікті де іскер, талғампаз тұлғаның ғибратты ғұмыры ұлағатты ұрпақтың өнегесіне айналатынын жеткізді.   

Өз кезегінде ардагер елдің бірлігін тілеп, қарттық келіп, зейнетке шықса да ел ісіне үлес қосқысы келетінін айтып, еңбегін елеген ат үстіндегі азаматтарға алғысын білдірді.

Одан әрі шаһар басшысы 101 жасқа келген тыл ардагері, қазыналы қария Рахия Ақжанованың шаңырағына барды. Ғасыр куәсі болған ақжаулықты ана Қазалы ауданы, Байқожа стансасында дүниеге келген. 25 жыл қой бағып, бейнетпен шыңдалған жанның әлі күш-қайраты қайтпаған. Денсаулығы тың тыл ардагері осы жасқа келсе де кілем тоқып, оны кіші келіндеріне үйретіп жүр. Ақ батасымен балаларының жолын ашып, отбасының бірлігі мен түзу тірлігінің ұйытқысы, шаңырақтың берекесі болып отырған ардақты ана 2 бала тәрбиелеп, одан 25 немере сүйіп, 15 шөбере мен 13 шөпшегінің қуанышын көріп, ұзақ жасап келеді. Қала әкімі адал еңбекпен ырзығын еселеп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жақсыға тілектес, жаны жайсаң қазыналы қарияны мерекесімен құттықтап, ұзақ ғұмыр тілеп, сый-құрмет көрсетті.

Батагөй қария ақ батасын беріп, жас ұрпақты еңбек етуге, табанды болуға шақырып, ел дамуына бағытталған әр игі іске тілекші екенін жеткізді.

Тыл ардагері, ардақты әже Несібелі Піржанова биыл ғасыр тойын тойлады. Өнегелі өмір иесі, жастайынан еңбек етіп, елі мен еріне деген адалдықты ту етіп, ұрпақ өсіріп, бүгінде  тек бір әулеттің емес, бір рулы елдің асыл анасы атанып отыр. Тұтас әулеттің мәуелі бәйтерегі 8 бала, 25 немере, 35 шөбере, 8 шөпшегіне тәлім-тағылымын үйретіп, өмір жолын өнеге етіп келеді.

Ақыл-кеңестің, үлгі өнегенің сарқылмас кенішіндей болған ақжаулықты анаға сый-құрмет көрсеткен шаһар басшысы  күш-қуаты сарқылмай ұзақ жасап, ұрпақтар сабақтастығын үйлесімді жалғай беруін тіледі.

Қариялармен кездесуде қала басшысы бүгінгі жарқын жетістіктер кешегі аға буынның, қазыналы қарттарымыздың еселі еңбегінің жемісі екенін айтып, жас ұрпақты адал еңбекке жетелеуде ақылы дария қариялардың бағдар болатынын жеткізді.

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<