Өткен жылдың аяғында, жаңа жылдың басында Қызылордадағы «ASU» баспа үйінен жарық көрген белгілі әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлының «Ғазиз жүрек» және «Ұстаз ұлағаты» кітаптары оқырмандармен қауышты.
Б.Кәрібозұлының ұлт руханиятына, білім, ғылым саласына сіңірген еселі еңбегін, ұйымдастырушылық қабілетін, қаламының қарымын зиялы қауым жақсы біледі. Ол қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін 1979 жылы үздік бітіріп, сонда оқытушыдан факультет деканы, институт директоры, университеттің проректоры лауазымдарына дейін көтерілді. 2009 жылдан «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтын (2020 жылдан «Қорқыттану» ғылыми орталығы) басқаруда.
Мемлекет және қоғам алдындағы еңбегі үшін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағымен марапатталған. Бұларға қоса, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, облыс әкімінің стипендиаты, Қызылорда қаласының және Қазалы ауданының құрметті азаматы атанды.
Жоғарыда аталған кітаптарды оқи отырып, тағылым алар тұстары, автордың тұлғалық болмысы мен ізденіс ауқымы туралы өзіндік пайым-ойларымды ортаға салуды жөн көрдім.
Екі кітаптан да ғалымның ілімі мен жазушының құштарлығы анық байқалады, әрбір шығармасы эстетикалық мұратқа жетудің, керемет үйлесім жасаудың үлгісіндей. Еңбектердің тақырыптық, идеялық, сюжеттік үндестігі менмұндалап тұр.
Жақсы кітап біздің өміріміз сияқты көп жанрлы болуы керек. Осы өлшемге сай «Ғазиз жүрек» атты кітаптың негізгі бөлігін автордың эсселері, очерктері, ғылыми мақалалары, ең жақын жандардың жүректен шыққан жазбалары құрайды. Әр жылдары жазылған достары мен әріптестерінің, бауырлары мен шәкірттерінің лебіздері, естелік-эсселері мен ғылыми рецензиялары өз алдына бір төбе.
Тағдырдың қуанышы мен сынағын шын көтеретін ғазиз жүрек қана. Көлемді автобиографиялық очеркінде автор кейінгі бірер жыл көлемінде жүрек сырқатынан көрген тауқыметінен бастап, абыроймен кемелденген, шаттықпен көмкерілген тағдыр жолын ой елегінен өткізеді. Абыздық төріне шыққан ағамыздың ғазиз жүрегі – мейірбандықтың көзіндей болса, ой орамы, бітімі – бәйтеректей биік.
Әрбір азаматтың елге танымал немесе ортасына беделді тұлға ретінде қалыптасуының сыры өмірлік жарының туабітті болмысына да байланысты. Бәкеңнің де артында жарты ғасырдан бері өзін шексіз сүйген, сөзіне риясыз сенген, шығармашылықпен алаңсыз айналысуына жағдай жасаған, қызығы мен шыжығы мол мансаптық жолына қолдау білдірген, сын сағаттарда сүйеніш, дағдарғанда ақылшы болған, денсаулығы сыр бергенде туындайтын қиындықтарды көтере білген, отбасының мүддесін әрдайым жоғары қойған Салтанат Арон-Рәшитқызының тұрғаны сөзсіз.
Автор Құдай қосқан қосағының адалдығы туралы толғана тебіренеді, жазбасының әрбір жолынан сүйген жарына деген шынайы сезім, алғаусыз көңіл, кіршіксіз махаббат лебі еседі. «Негізінде мен өзім де кез келген дос-жаран, әйтеуір әйел затына тілек арнап, не қалам тартып мақтай бастасам, соның бәрін іштей Салтанатыма арнап тұрғаныма Құдай куә!» деп ағынан жарылып, бекіте түседі.
«Адамның бір қызығы бала деген» деп кемеңгер Абай айтқандай, бала – адамның бауыр еті, көрер қызығы, ертеңге деген сенімінің кепілі. Бәкеңнің балалары өмірден өз жолын тапқан, әрқайсысы мақтауға, мақтануға тұрарлық.
Тұңғышы Айнұр – әлем халықтарының сегіз-тоғыз тілін меңгерген тәжірибелі дипломат ретінде, ерекше білім-білігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында еліміздің халықаралық қатынастарын дамытуға, ғылым мен жоғары біліміне лайықты олжасын салған парасатты жан. Қазір Болат Өтемұратов қорының директоры.
Кенжесі Бағнұр жұбайы Бауыржан екеуі халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлектері, өз кәсіптерін дөңгелентіп жүрген жарасымды жұп, үлгілі отбасы.
«Тағдыр ата-ананы баламен сынамасын» деген тәмсіл бар. Осынау сынақ Бәкеңнің отбасын айналып өтпеді. Ортаншы перзенті, ҚР Жоғары сотының жауапты қызметкері Гүлнұрдың мезгілсіз қазасы ауыр тиді. Бірақ, ауыр қайғының салмағынан иілсе де бүгілмей, майысса да сынбай сабыр қылса да автордың Гүлнұрына арнаған толғанысқа толы жазбаларын тебіренбей оқу мүмкін емес. Ұрпақ тәрбиесіне деген ұстанымы болаттай берік ағамыз марқұм қызының артында қалған Аянатының тілеуін тілеуде, жетістіктеріне жүрегі жарыла қуануда.
Адам ұрпағымен мың жасайды. Бүгінде немерелері Бегімай, Інжу, Аянат, Алпамыс саналы тәрбие мен сапалы білімге сусындап, атасы мен әжесінің мейіріміне қанып өсіп келеді.
Шындықты әрқашан ту еткен Бәкең соңғы кездері бірнеше рет ауруханаға жатып, бірнеше ай бойы емделгенде қасында болған жан жары Салтанатының, перзенттерінің қапысыз адалдығын елжірей де емірене баяндайды.
Күрделі оталарды сәтті жасаған Ю.Пя, М.Бердіқожаев, А.Шпеков пен Ә.Зұлпықаровқа, сондай-ақ А.Цой мен Ж.Оспановаға, басқа да білікті дәрігерлер қауымына шексіз алғысын білдіреді.
Өмірде дос таңдай білу де, дос бола білу де бақыт. Очерктің көлемді бөлігінің достық туралы, достар жайлы жазбаларға арналғаны айтылғанды растап тұрғандай. Өмірлік ұстанымы мен түсінігі жақын Әріп Хожбанов (жары Салтанат), Қылышбай Бисенов (жары Гүлсім) сынды өңіріміздің белгілі азаматтарымен және 40 жылдан астам бірге келе жатқан Марат пен жары Сәкен сынды жандармен кіршіксіз достығының ғибратты тұстары көп. Қорқыт ата университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімовамен ағалы-қарындастай сыйластығы да өнегеге толы.
Әкесінің бауырлары (қарындасының қызы Шәмсия, ағасының ұлы Амангелді), өз бауыры Бағым, ел ағалары Е.Бозғұлов пен М.Матаев, Сыр елінің сүйікті перзенті Қ.Көшербаев жайындағы автордың эсселері оқырман назарына «Көңіл көкжиегі» атауымен ұсынылыпты.
Бойындағы жаратылыс берген қасиетінің арқасында оның қаламынан шыққан әрбір туынды эстетикалық мұратқа жетудің әрі өз ойлары мен сезімдерін әдемі үйлестірудің жарқын үлгісі іспеттес.
Кітаптың «Ізет» бөлімінде бауырларының, «Сыйластық нұры» бөлімінде Б.Кәрібозұлының өмір белестеріне, ғылымдағы өнегелі жолына зер салған ел ағаларының, достары мен рухани інілерінің, әріптестері мен шәкірттерінің ой-пікірлері, тұжырымдары топтастырылған. Әр жылдары жарық көрген осынау естеліктер мен лебіздерден кейіпкеріміздің өскен-өнген ортасын, ата-анасын, қайраткерлік, ғалымдық, тұлғалық болмыс-бітімін, ойшылдық, ізгілік, ағартушылық, талапшылдық, сыршылдық, сыншылдық, суреткерлік қырларын жан-жақты тани түсеміз. Әрине, оны өзгелерден ерекшелеп тұратын адами қасиеттер ауқымы бұлармен шектелмейді.
Биылғы жылдың наурыз айында жарық көрген «Ұстаз ұлағаты» атты еңбегінде автордың әдебиет теориясы, оның ең бір нәзік тұстары туралы толғаулы пікірлері мен еңбектері жинақталған. Ең бастысы, кітаптың аты айтып тұрғандай, өзінің ұлы ұстазы, әдебиеттанудың алыбы, академик Зейнолла Қабдоловтың өмірлік ұлағатын, адами қасиеттерін, ғалымдық қырларын саралайды. Академиктің біртұтас портретін мәрмәр тастан қалағандай етіп жасауда жүрекжарды лебіздерін, түйдек-түйдек сұлу сөздерін, соны пайымдарын, қаламының қарымын аямай жұмсайды.
Ұстаз ұғымының мағынасы кең, мәні терең, қадірі кенен. Өз шәкіртінің үлкен жетістікке жетуіне тілектес те солар. Демек, мамандығы мен мансабында биік белестерді бағындырған кімде-кім ұстаздарына борыштар.
Дәуірлер көкжиегін қамтыған рухани тінді үзбей ұстауды өзінің қастерлі миссиясына балаған Б.Кәрібозұлының шәкірті кім деген сұрақтың туындауы да орынды.
Көптің көкейінде жүрген мәселеге қатысты өзі еш жерде ашып жазбаса да жоғарыда аталған екі кітапты саралаған адам сұрақтың қисынды жауабын табары анық.
Біздіңше, ол – Сыр руханиятына сүбелі үлес қосып келе жатқан ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата университетінің профессоры Ғ.Тұяқбаев.
Қазақ әдебиеттануына қомақты үлес қосқан Б.Кәрібозұлының ғылыми мектебінің негізін Қазақ өлеңінің жанрлық және ұлттық сипатын зерттеу және Қорқыт бастаған Сыр сүлейлерінің шығармашылығын зерттеу бағыттары қалап отыр. Осы қос арна қосылып, ұлт руханиятын ұлықтаған қайраткердің мәртебесін заңғар көкке көтеруде. Әрине, осындай екі терең арнаны бірдей ұстап, құстың қос қанатындай бірге қақтыра білу кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Бұл зор қабілеттің, орасан қажыр-қайраттың, ерекше біліктіліктің, тынымсыз бейнет пен еселі еңбектің, үздіксіз ізденіс пен табиғат берген дарынның арқасы.
«Ғазиз жүрек» және «Ұстаз ұлағаты» кітаптары көркемдік пішіні бірдей, идеялық мазмұны сабақтас жинақтар. Екеуіне де ортақ «Ақыл-ой әлемі» атты бөлімде автордың ғылыми мақалалары берілген. Бұларды зерделеу ғалымның көп қырлы таланты мен зерттеушілік ауқымын бағамдауға мүмкіндік береді. Сондықтан оның ғылыми шығармашылығының негізін құрайтын ғылыми бағыттар, сан тарау ғылыми проблемалар, зерттеу бағдарламалары мен жобаларды білу маңызды.
Төменде ғалымның жеке өзі немесе басшылығымен атқарылған жұмыстар ықшамдалып ұсынылып отыр:
Бірінші, академик З.Қабдоловтың ғылыми жетекшілігімен қазақ лирикалық поэзиясының жанрлық спецификасын (кандидаттық диссертация, 1988 ж.) және қазақ өлеңінің ұлттық сипатын (докторлық диссертация, 1997 ж.) зерттеді. Қазақ өлеңін классификациялауға, тектік табиғатын тануға жаңаша тұрғыда келіп, қазіргі әдебиет өміріндегі жанрлар мен жанрлық түрлерді топтастыру негіздерін ұсынды. Ғалымның шығармашылығындағы ұлт әдебиетіне қатысты өзіндік көзқарастар және оны ғылыми тұрғыдан зерделеу ұстанымдары бүгінгі әдебиеттану ғылымы тұрғысынан өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Екінші, Абайдың әдеби мұрасын, оның өлеңдерінің тегі мен түрі мәселесін зерттеді.
Үшінші, Базар жыраудың шығармашылық қырларын жан-жақты зерттеп, оны толғаулық поэзияның көрнекті өкілі әрі ұлттық әдебиет дәстүрін байытушы ретінде ғылыми қауымдастыққа танытты.
Төртінші, Сыр өңірінің тарих қойнауынан тамыр тартқан рухани мұрасын халқының баға жетпес асыл қазынасына айналдырудағы үлесі өз алдына бір төбе. Осы ретте, VІІІ-ІХ ғасырларда өмір сүрген түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы, тарихи тұлға Қорқыт атаның жырлары мен қазақ эпостары арасындағы тарихи-генетикалық байланысты зерттеді. Қорқыт дәстүрінен бастау алған Сыр сүлейлері шығармашылығының қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихындағы орны мен маңызын айшықтау да оның зерттеулерінің маңызды бөлігі.
Сондай-ақ Әлемдік әдебиеттің інжу-маржандары әрі Сыр елі руханиятының тарихи бастаулары: Х ғасырдағы эпостық шығарма «Оғызнама», ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Алтын орда қыпшақтарының тілінде жазылған лирикалық поэма – «Махаббатнама», сондай-ақ ХV ғасырдағы «Хұсрау-Шырын» мен Ахмет Иүгінекидің қараханид түріктерінің тілінде жазылған «Ақиқат сыйы» дастандары туралы құнды зерттеу еңбектерін жазды.
Бесінші, оның басшылығымен Х-ХХ ғасырлар аралығында діни-ағартушылық ой-сананың өмірден, ұлттық сана мен тұрмыстан берік орын алуына қызмет еткен Сыр өңірі аумағындағы ахундар мен ишандардың өмірбаяндық деректері мен елге, халыққа жасаған қызметтері сараланды.
Алтыншы, Б.Кәрібозұлы шығармашылығындағы ең маңызды белес – «Сырдария кітапханасы» 200 томдығын дайындау үшін Сыр өңірінің жазба және ауызша әдебиеті материалдарын жинау, зерттеу, классификациялау, текстологиялық, редакциялық жұмыстарын жасау, қолда бар жинақталған әртүрлі жанрдағы шығармаларды зерделеу жұмыстарын ұйымдастыруы дер едік. Облыстың бұрынғы әкімдері М.Құл-Мұхаммед пен Б.Қуандықовтың демеуімен 2006-2009 жылдар аралығында басылып шыққан 200 томдық бүгінгі ұрпаққа жасалған тамаша сый ғана емес, құндылығы ғасырдан-ғасырға арта түсетін ұлы жоба.
Жетінші, ғалымның жетекшілігімен ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер институты шығарған «Бабалар сөзі» көптомдығына (100 том) енбей қалған жергілікті аңыз-әңгімелер, жырлар, қиссалар облыстар арасында бірінші болып 3 томға жинақталып, «Сыр бойының фольклорлық мұрасы» деген атаумен 2020-2023 жылдары жарық көрді.
Сегізінші, тұлғатану мәселесі, туған жердің тарихы мен тұғырлы тұлғаларын ұлықтау оның басты назарындағы жұмыстардың бірі.
Бүгінде Әйтеке би атауын алған бұрынғы Қазалы ауданының тарихи атауын қайтару, Сыр сүлейлеріне ескерткіш орнату, елі мен жерінің бүтіндігі жолында аттан түспеген хандар, билер мен батырлар, ұлт руханияты, әдебиеті мен өнерін асқақтатқан діни қайраткерлер, халық ақындары мен жазушылардың есімін облыс орталығындағы көшелерге беру ісіне белсене атсалысты.
Тоғызыншы, Сыр өңірі тарихын түгендеу ісіне қосқан үлесі де елеулі. «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы бойынша облыс орталығы мен аудандары туралы тарихи, ғылыми-танымдық 6 кітапты жарыққа шығаруы– соның дәлелі.
Оныншы, суреткердің Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығындағы образдар әлемін зерттеу ісіне де қосқаны аз емес.
Ауқымы кең ғылыми ізденістерінің нәтижесінде «Ынсап» (2006), «Дидар» (2007), «Ыждағат» (2009), «Ырыс» (2009), «Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» (2012), «Қазақ жәдитшілдігі» (2018), «Сыр сүлейлері шығармаларының ұлттық, тәлім-тәрбиелік тағылымы» (2019), «Сыр сүлейлерінің әдеби мұрасы» (2020), «Базар жыраудың әдеби мұрасы» (2021), т.б. кітаптары ғылыми айналымға енді. Мемлекеттік гранттық қаржыландыру бойынша 4 ғылыми жобаға жетекші болды.
Бүгінге дейін 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 10 монография, 20-дан астам ғылыми-танымдық кітаптың авторы атанып, 2 ғылым кандидатын, 2 PhD, 40-тан астам ғылым магистрін даярлады. Жоғары білікті ұстаздың дәрісін тыңдап, тағылымы мен өнегесін көрген мыңдаған маман елге қызмет етуде.
Б.Кәрібозұлы кіндік қаны тамған жерге адалдығымен даралануда, өйткені, Ел мен Жер ұғымы бүкіл қазағымыз сияқты қанында бар. Туған топырақта бұрынғылардың тағылымын, ұлтымыздың салт-дәстүрін, тілі мен ділін бойына сіңіріп өсті, өнді, шыңдалды. Сол себептен де оның еңбектерінде Қорқыт бастаған Сыр сүлейлерінің шығармашылығы жалпы қазақтың рухани мұрасының алтын өзегі ретінде біртұтас құбылысқа айналып сіңісіп кеткені – табиғи заңдылық.
Автордың шығармашылығын әртүрлі қырынан қарастыруға, жете түсінуге мүмкіндік беретін мұндай кітаптардың бізді парасатты дамудың жаңа деңгейіне көтеретіні анық.
Пәнидің қуанышы мен сынағын мойымай көтерген қайсар жүрек Сыр елінің арда азаматын мәңгілік қозғалтқыштай алға бастап келеді. Ғазиз жүректің сарқылмас қуатымен рухтанған шығармашыл тұлғаның тың идеялары мен алға қойған жоспарлары жеткілікті.
Қали ОМАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің профессоры






