Ғылым және судың сыры

356

0

Сенаттың кезекті пленарлық отырысында Премьер-министрдің атына Сырдағы су тапшылығы жағдайында күріш және басқа да әртараптандыру дақылдарын егудің күрмеулі мәселелерін шешу жөнінде депутаттық сауал жолданды. Мәтінін оқырманға ұсынып отырмыз.

«Құрметті Олжас Абайұлы!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар», – деп, ел ғылымының әлеуеті толық пайдаланылмай тұрғанын нақты көрсетті.

Осы орайда, қазіргідей климат өзгерісі айқын сезіліп, су тапшылығы ерекше орын алған, экологиялық, топы­рақтың стрестік жағдайы қалыптасқан Сыр өңірінде көп жылдан бері Күріш институты суармалы егіншілік жағ­дайында күріш, малазықтық және бас­қа да дақылдарды өсірудің ғылыми-прак­тикалық негіздемелерін жасап, дақыл­­­дардың алғашқы тұқым шаруа­шы­лығымен айналысып келеді.

Дегенмен, бұрын-соңды болмаған биылғы су тапшылығы, көктемнің ерте түсуі, күннің аптап ыстығы Сырдағы су мәселесінің аса күрделене түскенін көрсетті. Өңірдегі вегетациялық қиын жағдайда егінге қажетті су көлеміне сұраныс жоғары деңгейіне жетті. Барлық каналдар бойынша су алу кестесі бекітіліп, егістің 98%-ы кезектілікпен суарылды.

Келген судың көлемін тиімді пайдалану мақсатында қашыртқыдағы суды екінші мәрте қолдану үшін облыста 324 дана су тарту қондырғылары (299-ы жергілікті қондырғылар, 25-і ҚР ТЖМ қондырғылары) жұмыс жасады.

Өкінішке қарай, жоспарланған су мерзімінде берілмеуі салдарынан күріш­тің пісуі тежеліп, диқандарды айтарлықтай алаңдатты.

Сыр өңіріне вегетациялық кезеңде өзіңіздің және басқа Үкімет мүшелерінің бірнеше рет келіп, судың жетіспеушілігі салдарынан орын алған жағдайды саралап, жедел шешімдердің қабыл­дануы, су тарту қондырғыларын алуға 1 млрд теңге қаржының бөлінуі егін­шілерге үлкен қолдау болғаны айқын.

Әрине, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін ғалымдардың пікірінше, Арал өңірінде қалыптасқан су тапшылығы жағдайында егін шаруашылығынан тұрақты өнім алуға ғылыми негізделген, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажет. Қызылорда облысында бұл бағытта қажетті шараларды атқарудың нәтижесінде биыл күріш алқаптарын лазерлік тегістеу көлемі 60 мың гектарға, ал су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі екі есеге дейін артты.

Сондай-ақ өңірде Сырдария өзенінің күрделенген су мөлшері жағдайында суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне басымдық беру бағытында да жұмыстар атқарылуда. Бірақ жергілікті ғалымдар Сыр топырағының тез сорланып кетуі себебінен күріштен толық көлемде бас тартудың қиын екендігін айтады.

Мұндай жағдайда ғалымдардың кө­мегіне жүгінудің маңызын түсінеміз.

Алайда Сырдың төменгі ағысындағы суармалы алқаптарды ғылыми сүйе­мелдеуді қамтамасыз ететін Күріш институтының материалдық-техника­лық базасы талапқа сай емес және осы мәселені бұған дейін де депутаттық сауалдарда жолдағанбыз. Яғни Ғылым және жоғары білім, Ауыл шаруашылығы министрліктері ғылымды бағдарлама­лық – нысаналы қаржыландыруға арнал­ған конкурстық құжаттаманың ғылыми-техникалық тапсырмасына суармалы егісте су тапшылығына бейімделген күріш және басқа әртараптандыру да­қыл­­­дарының жаңа сорттарын шығару­мен қатар, оларды өсіруде су және ресурс үнемдегіш агро­техни­каларды анықтауға, суармалы алқаптардың топырақ құнарлылығын арттыруға ба­ғытталған арнайы зерттеулер жүргізуді енгізбей келеді. Әкімшілік кедергілерді азайту мақсатын көздейтін дербес ғылыми-техникалық тапсырма қолданбады.

Құрметті Олжас Абайұлы, Арал өңірінің күрделі климаттық және эко­логиялық жағдайларына бейімделген, нақты ғылыми шешімдерге негізделген кешенді бастаманы жүзеге асыру мақсатында келесі ұсыныстарды:

1) Күріш институты әзірлеген ғылыми-техникалық тапсырма негізінде бағдарламалық-нысаналы қаржы­лан­дыру бойынша мега-жоба дайындау үшін конкурс жариялауды;

2) ғылыми жұмыстарды нәтижелі жүргізу және ғылыми кадрларды қалып­тастыру үшін бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру жобаларының мерзімін 3 жылдан 5 жылға созуды;

3) Сырдария өзенінің төменгі ағы­сындағы аймақтарда су ресурстарын тиімді пайдалануға, топырақтың тозуы мен тұздануын төмендетуге және экологиялық-мелиоративтік жағдай­ларға бейімделген суармалы егіншілікті дамытуға бағытталған ғылыми жұмыс­тарға жүйелі әрі тұрақты басымдық беруді қолдауыңызды сұраймыз».

Құрметпен, Р.РҮСТЕМОВ,
Н.ЖҮСІП,
Н.БАЙҚАДАМОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары