Халықтың тұрмыс сапасын арттыратын даңғыл жол

499

0

Халықтың тұрмыс сапасын арттыратын даңғыл жол Елбасымыз «Әрбір Жолдауымда халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыт ұстанамын» деген сөзімен жаңа Жолдаудың мақсат-мұратын анықтап берді. Жолдаудың адам дамуы мен білім беру бағыттарындағы жобаларына ден қойдық. Мұның өзі бала-бақшалардан бастау алады дей келіп, Елбасы орта білім беруді адам дамуындағы негізгі буын ретінде атап өтті.
Атап айтқанда, біріншіден, халық табысының өсуі. Тұрғындардың тұрмыс деңгейі – халықтың табысы мен шығысын, білімі мен біліктілігінің дәрежесін, тіршілік әрекеттерінің шарттарын және қоршаған ортаның жағдайын танытатын күрделі әлеуметтік – экономикалық категория. Халықтын өмір сүру деңгейін арттыру дамыған қоғамның негізгі мақсаты болып табылады. Халық  табысының өсуі қоғамдағы экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, халықтың ұзақ, қауіпсіз және әл-ауқатының табысты шарттарын құрады.
Екіншіден, тұрмыс сапасын арттыру. Тұрмыс сапасы-мағынасы кең ұғым. Ол материалдық әл-ауқаттың құрамдасы болып табылатын өмір сүру деңгейі, эмоциялықтың құрамдас бөлігі саналатын өмірге деген көзқарас және уақытша қалыптасатын өмірдің болашак құбылыстарының жиынтығы.
Аталған құрамдастардың әрбірі  адамзат үшін маңызды. Өмір деңгейі адамның материалдық жағдайы, әлеуметтік мәртебесі мен құзыреттілік деңгейін көрсетеді.
Жолдауда тұрмыс сапасын арттыру үшін білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту, білім сапасын бағалау жүйесін халықаралық стандарттарға негіздеу, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау, медициналық қызмет сапасын арттыру, өңірлік деңгейде бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру секілді міндеттерді жүзеге асыру мәселелері талданды.
Үшіншіден, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру. Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру – қазіргі қоғамның заманауи экономикалық үлгісінің көрінісі. Сондықтан әрбір азамат тұтыну, қарым – қатынас жасау мен өмір сүрудің  жайлылығын жасауға ұмтылады. Қоршаған ортаның жайлылығы ең алдымен тіршілік әрекетінің қауіпсіздігімен байланысты. Мемлекеттік саясат адам өміріне қолайлы және мұқтаждықтардың орнын толтыруға бағытталған сайын қоғам серпінді түрде дамиды. Жолдауда сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй, құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер енгізу, сот жүйесін одан әрі жаңғырту маңыздылығы айтылды.
Төртіншіден, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат. Мемлекеттік басқару мен саясаттың бюрократиялық үлгісінен бас тарту және мемлекеттік істерді заман талабына сай жаңа парадигмалар бойынша жұмыс жүргізудің де маңызы зор.
Елбасы мемлекеттік аппаратты өзгерудің міндеттерін ұсынады: мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру, әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу, сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресті жалғастыру, үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың  жұмысында формализм мен бюрократияны азайту, реформалардың жүргізілуіне бақылау механизмдердің күшейту болып табылады.
Бесіншіден, тиімді сыртқы саясат. Тиімді сыртқы саясат-елдегі реформалар мен өзгерістерді сәтті жүзеге асырудың маңызды шарты. Еліміз тәуелсіздік   алған күннен бастап үлкен жолдардан өтті. Елбасы еліміздің бейбітсүйгіш бағыты мен осы саладағы нықты айқындалған қағидаттарды өзін өзі толық ақтап отырғанын баяндады. Ресей Федерациясымен қарым-қатынас, Орталық Азия өңіріндегі ықпалдастық, Қытай Халық Республикасы және Америка Қурама Штаттарымен стратегиялық  серіктестік, Еуропалық одақпен қарқынды ынтымақтастық сынды мемлекетаралық байланыстарды ерекше атап өтті.
Алтыншыдан, әрбір қазақстандықтардың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, елдегі өзгерістер үдерістеріне азаматтардың қатысуы елдің жаһандық сын-тегеуріндерге сай жаңғыруын жетілдіруге септігін тигізеді. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шаралар платформасын қалыптастыру керектігін айта келе, келесі жылды  Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға арнайы  «Ауыл-ел бесігі»  жобасын іске қосу арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілету маңыздылығын атап өтті. «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құру нәтижесінде мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлі күшейетіндігін түсіндірді.
Жолдауда  Елбасы  алты басымдықтан басқа, » Бизнестің  жол картасы -2020″ бағдарламасын  2025 жылға дейін ұзарту, «Қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұру, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толық іске асыру, инновациялық және сервистік секторларды дамыту, қаржы секторының ролін күшейту, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттырып, Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп  «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын даярлау, тағы басқа міндеттерді қоя отырып, халық табысының өсуі ел тұрмысының дамуының басты көрсеткіштері болмақ. Елбасы тәуелсіз еліміздің бағындыратын белестерін айта келе, халық сенімі және қоғамның қолдау көрсетуі арқылы оң нәтижелерге қол жеткізе отырып, әлемнің  дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіретініне кәміл сенімділік білдіре отырып, күш-жігерімізді біріктіре ортақ мақсатқа жұмылдыруға шақырды.
К.Кипшакбаев
М.Мырзанова
«Нұр Отан» партиясының мүшелері
«Болашақ» университетінің колледжінің оқытушылары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<