«HackDay-2017» идеялар фестивалы Сырдағы Start-up жобалардың жарыққа шығуына үлкен мүмкіндік жасады. Бұған дейін біз «ақылды қаланың» белгілерін алыстан іздейтінбіз. «Ақылды үй» жасау үшін ерекше «ақылды» болу керек деп түсінетінбіз. Робототехника саласы тіпті біздің қоғамнан бөлек дамып келе жатқан.
Ал, облыс орталығында өткен «HackDay-2017» фестивалі жаңа технология құрастыру біздің жастардың да қолынан келетінін дәлелдеді. Сөзіміздің айғағы, 100 қатысушы болады деп жоспарланған фестивальде 400 жас жоба ұсынған. Көптің ойындағы сауал белгілі: идеялар қалай іске асып жатыр? Біз фестивальдің жеңімпазы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың программисі Бағдат Қадырбековтің «3Д толықтырылған шындық» жобасы құрылыс саласында қолданыла бастағанын жуырда білдік. Авторлар бірлесіп «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант иеленіп, жоба аясында «СМК» ЖШС құрылыс компаниясымен келісімшарт жасасыпты. Жобаның маңыздылығы, қоғамға пайдасы қандай? Айталық, «3Д толықтырылған шындық» арқылы арманыңыздағы үйдің қандай боларын виртуальды түрде көруге болады. Ол үшін қағаздағы штрих-кодқа не сызбаға смартфонды жақындатуыңыз қажет. Экранда видео пайда болып, мобильді қосымша көмегімен болашақ үйді, бөлмелері мен сол аумақтағы көшелерді әр түрлі көлемде көріп, таңдау жасайсыз. Демек, ғимараттар көз алдыңызда бой түзейді. Сондай-ақ, 3Д форматта мектеп оқулықтарына да «жан бітіруге» болады. Мәселен, оқулықтағы тарихи қала суретіне смартфоныңызды жақындатсаңыз, экранда ежелгі дәуір туралы бейне ақпарат пайда болады. Бұл – денсаулық, білім, сауда тағы бірқатар салаларда виртуалды түрде толық ақпарат алу мақсатында жобаны қолдануға болады деген сөз. Бағдат Қадырбеков ақпараттық технология саласында тиімді идеяны іске асырып қана қоймай, балаларға білім беру ісін де қолға алыпты.
Жаһанда жасанды интеллект жылдам дамып, адамтектес темірқұлдар көбейгенімен, балаларды робототехникаға баулу ісі бізде әлі де кемшін. Оқушылардың робот жасауға деген құлшынысы жоғары. Алайда, облыс орталығында бұл сала бойынша оқыту курстары аз. Осыны ескерген ІТ мамандар жуырда IТ Education Academy атауымен робототехниканы оқытуға арналған орталық ашты. Жоба «Zhas prodject» жобасында жеңімпаз атанып, қаржыландырылған. Бүгінде Бағдат Қадырбековтен өзге, мұнда Абылайхан Тобашев, Әлия Ерғали, Ақжан Ахатай, Нұргүл Төлеу жұмыс істейді. Оқу орталығында екі бағытта білім алуға мүмкіндік бар: бірі – 3Д модельдеу, екіншісі робототехника. Демек, оқушылар бұл жерден анимациялық фильм жасауды, робототехниканың негіздерін үйреніп, робот құрастыруды меңгеріп шығады. Оқу орталығы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-танымдық кітапханадағы ІТ паркте орналасқан. Сабақ аптаның үш күнінде, екі сағаттан жүргізіледі екен. Оқытушылар балаларға сабақ түсінікті болуы үшін кейде уақытпен санаспай-ақ практикалық жұмыстар жүргізетінін айтты. Тіпті, оқу мерзімі аяқталғанымен, дарынды балаларды іріктеп, робототехникаға баулу жұмыстары жалғаса бермек. Қазіргі уақытта алғашқы топтың оқу мерзімі мәресіне жетіп, енді екінші топтың оқушыларын іріктеу жұмыстары басталды. Бастама нәтижесіз емес, бірінші топ түлектері Нұрболат Тұсынқожа мен Серік Бекасыл жуырда өткен облыстық «ІТ-Бизнес» байқауында жеңімпаз атанды.
«Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген осы. «3Д толықтырылған шындық» жобасы, IТ Education Academy орталығымен танысу барысында осындай ой түйдік. Иә, идеяны прототипке айналдырған мамандардың бұл жұмысы – цифрлық қоғам қалыптастырудағы маңызы жоғары, мақсаты айқын бастама.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<