Кеше ІХ Азаматтық форумның жұмысы мәресіне жетті. Пленарлық сессияны онлайн көрсетілім арқылы облыстағы ҮЕҰ да тамашалап, алдағы жоспарын нақтылады. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысқан жиында форумның ерекшеліктері мен жаңашылдықтары сөз болды.
Жалпы отырыста ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев мемлекет азаматтық қоғамның тұрақтылығын арттыруға, партиялардың, кәсіподақтардың және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне, жергілікті өзін өзі басқаруға, еркін және әділ сайлау өткізуге, азаматтардың бейбіт жиналыстар ұйымдастыру құқығын жүзеге асыруға қатысты заңнаманы жетілдіру арқылы саяси трансформацияға қадам басуға мүмкіндік алатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы тұрғындар жергілікті бюджеттің қалай қалыптасатынын, оның орындалуын сайланған әкімнен қалай талап ету керектігін, әкімдердің қалай сайланатынын, даму бағдарламаларының орындалу барысын бақылауды жақсы түсінуі қажеттігін баса айтты.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да онлайн формат бұл форумның жалғыз ерекшелігі емес екенін, оның мазмұндық және ұйымдастырушылық жағына қатысты бірқатар жаңашылдық енгізілгенін баяндады. Форум қорытындысы бойынша 650-ден астам нақты ұсыныс түскеніне тоқталды. Басқосуда қайырымдылық, волонтер және меценаттықтың ұлттық рейтингін әзірлеу қажеттігі айтылды.
Деректерге сүйенсек, Қазақстан әлемдік рейтингте қайырымдылық бойынша аутсайдерлердің қатарында. Сондықтан бұл бастама бізге артық етпейді.
Ауқымды шарада мұнан өзге де маңызды мәселелер көтерілді және республика бойынша ең үздік деген ҮЕҰ марапат төрінен табылды. Сыр өңірінен «Азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде ҮЕҰ қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу» номинациясымен «Бастамаларды қолдау» бірлестігі марапатталып, мәртебесі биіктеді. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет бірлестік жетекшісі Мадина Төлепованы жеңіспен құттықтап, алғыс білдірді. Аймақтағы ҮЕҰ-ның дамуына, азаматтық қоғамның қалыптасуына зор үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды да арнайы номинациялармен марапаттады.
– Үкіметтік емес ұйымдар – елдің күшін және мемлекеттің тұрақтылығын арттыратын маңызды қоғамдық институт. Қазір облыста тіркелген ҮЕҰ саны – 1000. Бүгінде олар өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өміріне белсене қатысуда. ҮЕҰ-ға жан-жақты көмек көрсететін Азаматтық альянс қауымдастығының жұмысы да жанданды. Қазір олардың жұмысы жаңа бағытта жүргізілуде. Қауымдастық «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдар Альянсы Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі болып қайта құрылды. Ауқымды істер, жоспарлар бар. Әсіресе, ауылдық жерлердегі ҮЕҰ-мен жұмысты күшейту жоспарда, – деп қорытындылады жиынды Серік Ахмет.
Мөлдір Қалымбет,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<