«Семізбай» серіктестігі Иіркөл филиалында өндірісті өркендетуге ғана емес, туған өлкемізді, табиғатымызды көріктендіруге де аса мән беріп келеді.
Мысалы, жыл сайын кеніш айналасына бір мыңнан аса тораңғыл, қарағаш терек және неше түрлі жеміс ағашының көшеттерін егіп, баптап жүр.
Көшеттер Шиелі орман және жануарларды қорғау мемлекеттік мекемесінен келісімшарт арқылы алынады . Сөздің реті келгенде айта кетейік, орманшылардың тұқым бағынан көшеттер облыстың барлық аудандарына таратылады.
Иіркөл кеншілері бірнеше жыл бұрын дария жағасында «Грин парк» атты демалыс аймағын жасап, көпшіліктің алғысына бөленген. Жұмыстан тыс кезде мұнда мекеме жұмысшылары отбасыларымен бірге келіп таза ауа аясында демалады.
Кеніш маңында үш бақтың негізі де қаланып қойды. Жұртшылық бақтарға олардың қалануына мұрындық болған азаматтардың есімін беріп те қойды . Дәл қазір құм ортасында «Мұхамеджан бауы», «Дархан бауы», «Талғат бауы» жайқалып тұр. «Қалауын тапса, қар жанар» деген осы емес пе?!
Жұмыс барысымен кенішке жиі келіп тұрамын. Сондағы байқағаным, бұл жерде қоршаған ортаны абаттандыруға, көріктендіруге көп көңіл бөлінеді. Мысалы, гидрометталург Бақыт Ибраев кіші архитехтуралық формалар дайындап, әріптестерінің көмегімен оларды кеңсе маңына орнатып берді. «Астана аллеясы» атты ландшафтты дизайн алыстан көз тартады. Мұнда қобыз, асық, алма, қызғалдақ мүсіндері орнатылыпты.
– Кеніш біздің екінші үйіміз секілді. Өміріміздің тең жартысы осында өтеді десек, қателеспеймін . Сондықтан айналамыздың әдемілігіне, тазалығына жинақылығына бәріміз жауаптымыз, – деп ағынан жарылды бізбен әңгімесінде Б Ибраев
Мақсұт ИБРАШЕВ,
сурет автордікі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<