Ілгерілеудің берік іргетасы

2373

0

Тура бір жылдан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасағаны белгілі. Еліміздің барлық салаларының дамуы үшін жасалған жоспарлар іргелі 11 бағытта құралған.

Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін ұсынған Жолдауда реформаларды жүйелі түрде жүргізу қажеттілігі баяндалды. Мемлекеттік басқару теориясында құқықтық, саяси және басқарушылық тәсілдер мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаларын қалыптастыратындығы айтылды. Құқықтық тәсіл бойынша мемлекеттік басқарудың басты құн­дылықтарына заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтарын сақ­тау жатады. Саяси тәсілге сәйкес мемлекеттік басқарудың негізгі міндетіне халық қалауын барын­ша іске асыру маңызды.  Ал, басқарушылық тәсілде айтылғандай, мемлекеттік басқарудің тиімділігі, үнемділігі, нәтижелілігі мен әлеу­меттік жауапкершілігі негізгі құнды­лық саналады. Міне, осы тәсіл­дерде айтылған ұстанымдар жаңа рефор­маларға серпін береді деп ойлаймыз.

Жаңа жағдайдағы экономикалық даму еліміздің жаңа экономикалық бағдарының жеті қағидатына негізделді. Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі әлеуметтік әділеттікке сүйенетіндіктен, жеке адам мен қоғам арасындағы әділ қатынастар тұжырымдамасына мән берген дұрыс. Бұл тұста халықтың дәулеттілігі, тең мүмкіндіктер мен әлеуметтік артықшылықтар ерекше назарда болған жөн. Жеке кәсіпкерлік қоғамның экономикалық және әлеу­меттік дамуының қуатты қозғаушы күші екені белгілі. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, нарықтық эконо­ми­каның еркіндігі мен кәсіпкерлік белсен­ділік экономикалық әл-ауқатқа ықпал жасайды. Кәсіпкерлердің әділ бәсекелестігі ең алдымен қоғам үшін маңызды болуы мүмкін. Өйткені, бәсекелестік барысында кәсіпкерлер нарық бағасын өзгертуі ықтимал екенін ұмытпауымыз қажет. Өнімділікті көбейту даму теориясының маңызды тұжырымдамасы болғандықтан, еңбек, капитал және қоршаған орта сияқты түсініктермен сипаттауға болады. Ал, экономиканың технологиялық сипатын арттыру үшін мемлекеттің ғылыми-техникалық саясатына мән берілгенін дұрыс көреміз. Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту адами капиталдың негізгі құрамдастарына мән беру арқылы шешіледі. Тек білім алып қана қоймай, жоғары техно­логиялардың тәжірибелік дағдыларын иеленген мамандар ғана қоғамның инновациялық элитасын танытады.

«Жасыл экономиканы» дамыту барысында аталған ұғым теория­сының үш аксиомасын естен шығармау қажет: шектеулі кеңістікте ықпал жасау аясын шексіз кеңейту мүмкін емес, шектеулі ресурстар шарттарында шексіз өсіп келе жатқан қажеттіліктерді қанағаттандыруды талап ету мүмкін емес, Жер бетіндегінің барлығы өзара байланысты. Мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу қағидаты мына мәселелерге сүйенуі керек. Шешімдер қабылдау мен жауап­кершіліктің мәнін айқындай оты­рып, оның басқару жүйесіндегі рөлін түсіну, шешімдер қабылдау мен жауапкершіліктің құрылымы мен технологияларын жасау, шешімдер қабылдау мен жауапкершіліктің түрлі әдістері мен модельдерін жүйелендіру, екіұштылық пен тәуекелділік шарт­та­рында шешімдер қабылдау мен жауап­кершіліктің ерекшеліктерін айқындау.

Бүгінде кез келген елдің болашағы өңірлер деңгейіндегі өзгерістерге байланысты. Бұл тұста өңірлердің теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, әлеуметтік-экономикалық ахуал мен өмір сапасының айырмашылық деңгейін қысқарту маңызды. Сондықтан өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың идеялар тиімді жүзеге асатындығына толықтай сенімдіміз.

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты мәселесі еліміздің басты бағыттарының бірі екені баршамызға мәлім. Әл-ауқат түсінігі әрдайым қоғамдағы жеке адамның жайлы өмір сүруі мен сәтті қызмет атқаруымен сипатталады. Демек, «өмір сапасы» мен «өмір деңгейі» түсініктері әл-ауқат деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы әл-ауқат құрылымындағы мына құрамдастарға – Халықтың табыс деңгейі мен тұрғын үй жағдайын көрсететін материалдық әл-ауқат, халық денсаулығының жайы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін табиғи әл-ауқат, тұлғааралық қатынастар, қоғам өміріне араласуды айқындайтын әлеуметтік әл-ауқат, тұлғалық өсу, психикалық және рухани денсаулық, сенімді көрсететін эмоциялық әл-ауқат, жұмыстағы құзыреттілік пен еңбек өнімділігіне ықпал жасайтын кәсіби әл-ауқатқа ерекше мән береді.

Жолдауда қолжетімді әрі сапалы білімге де ерекше мән беріледі. Инно­вациялық экономиканы қалыптастыру үшін қоғамның серпінді экономикалық өсімі мен әлеуметтік дамуының негізі, азаматтардың әл-ауқаты мен ел қауіпсіздігінің факторы – білім беру жүйесін жаңғырту негізгі шарт. Білім саласындағы бәсекелестік тек инновацияларды игеріп қана қоймай, жаһандық талаптарға бейім­делуді және технологияларды үнемі жаңартып отыруды қажет етеді. Сондықтан сапалы білімге қол жеткізу әлеуметтік әділдік пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін азаматтардың маңызды өмір­лік құндылықтарының бірі болып қала береді. Бұл тек мемлекеттің ғана емес, ұстаздар қауымы, ата-аналар мен оқушылардың ерекше жауап­кершілігін талап етеді. жолдауда ғылым саласын дамыту туралы да айтылды. Ғылымда халықаралық тәжіри­­беге арқа сүйеу және «Жас ғалым» жоба­­сының жүзеге асуы ғылыми-техно­ло­гиялық ілгерілеуіміздің іргетасы болмақ.

Жаңа жағдайдағы денсаулық сақтау саласын дамыту қоғам мен мемлекеттің маңызды міндеті. Әр елдегі халық денсаулығын сақтау жүйесін ұйымдастырудың және бұл саладағы экономикалық қатынастар ерекшелігін талдау барысында мынадай негізгі экономикалық сипаттамалық белгі­лерді байқауымызға болады: меншік қатынастары, қаржыландыру тәсіл­дері, өндірушілер болып табылатын медицина қызметкерлері мен тұ­тынушы халықты ынталандыру тетіктері, медициналық көмектің кө­лемі мен сапасын бақылаудың түрлері мен әдістері. Біздің ойымызша, бұл белгілер алдағы уақытта да өзектілігін жоғалтпайды. Ал, медициналық инфрақұрылымды дамыту үшін білім, ғылым және мәдени құндылықтар ықпал жасайды. Білім мен ғылымның денсаулық саласына ықпалы бар екендігі түсінікті. Бүгінгі таңда әр адам өзінің денсаулығын қалыпты деңгейде сақтау өте маңызды екенін біледі. Бірақ, денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыру бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуі тиіс.

Биологиялық әркелкілік өмірдің барлық көріністеріндегі алуандық пен биологиялық жүйе күрделілігінің көрсеткіштері мен құрамдастарының сапалылығын білдіреді. Генетикалық, экожүйелердегі түрлер мен осы экожүйедегі әркелкілік маңызды болып табылады деп түсінеміз. Америкалық эколог Роберт Уиттекер зерт­теуінде биологиялық әркелкіліктің қоршаған орта факторларына тәуел­ділігі дәйектеліп, қауымдастық ішін­дегі, қауымдастықтар арасындағы және орта градиенттері бойынша жүйенің әркелкілігі туралы баяндалған екен. Бұл да алдағы уақытта назарға алынатын идея деп түсінеміз. Соны­мен қатар, экологиялық туризмнің дамуы экологиялық білім беру және насихатпен тікелей байланысты. Табиғатты тану арқылы біз қоршаған ортаға мұқият қарау қажеттілігін сезінеміз, халық арасында экологиялық мәдениет пен ойлар қалыптасады.

Әділетті мемлекет түсінігін ежелгі грек философы Платон еңбектерінен кездестіруге болады. Ұғымды зерттеу бойынша ғылымда бірнеше тұжырымдар да бар. Ғылыми сараптаулар негізінде әділетті мемлекет деп халықтың билікке сенімі, атқарылып жатқан бастамаларды қолдауы және ортақ игілік мүдделері үшін мемлекеттік билік қызметін оң бағалауы деуімізге болады. Сондықтан «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы халық пен биліктің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп түсінеміз.

Цифрландыру ең алдымен эконо­миканың жаңа процестерге бейім­делуін, ақпараттық технологияларға негізделген тәсілдер және оны басқаруды көздейді. Жалпы көптеген ғалымдар цифрландыру технология немесе белгілі бір өнім еместігі туралы айтады. Демек, ол әр жұмысты өзгертуге бағытталған цифрлық ресурстарды пайдаланудың тәсілі дегеніміз дұрыс болар. Сондықтан бұл игіліктің кең мүмкіндіктерін қоғамның барлық салаларында оңтайлы пайдалану маңызды.

Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы халықтың жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал жасайды деген ойымыз бар. Мемлекеттік басқаруға азаматтар қатысуының барлық түрлері қоғам үшін маңызды өзгерістерді қамтып, тиімді қолданылған жағдайда әлеуметтік әсер қалдырады. Сондықтан саяси тәжірибе барысында саяси процестерде орын алып отырған саяси қатысудың негізгі түрлерін қолдану тиімділігін көрсетеді деп тұжырымдаймыз. Ең бастысы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын биліктің барлық өкілдері терең түсінуі қажет.

Ұлттың жаңа болмысы білімді болуды, еңбек етуді, кәсіби дағдыны қалыптастыруды, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершіліктің қажеттілігін, әділетті болуды және адалдық, ұқыптылық, тиянақтылықты қажет етеді. Бұл үшін «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесіндегі негізгі триадаларға аса жоғары дәрежеде мән бергеніміз жөн.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшы­сының жаңа Жолдауын халық жоғары бағалады деп ойлаймыз. Жолдаудағы тың идеялар мен бастамалар індетпен күрес жағдайындағы еліміздің алдағы уақыттағы жоспарларды жүзеге асыруға кедергі келтірмейтіндігіне сеніміміз мол.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор, «Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<