Денис Теннің көз жұмғанын естіген спортшы Илья Ильин әлі де өз-өзіне келе алмай жатқанын жазды. Спортшының мезгілсіз қазасы зілтеміршінің қабырғасын қайыстырып жіберген деп хабарлайды NUR.KZ.
«Бүгін Қазақстанда орын алған қайғылы жағдайдан әлі өз-өзіме келе алар емеспін. Бүгін біз данышпан спортшыдан, ғажайып адамнан, өзінің жастығына қарамай біздің еліміз үшін көп нәрсе жасаған, жүректерімізге қуаныш сыйлаған адамнан айырылдық. Бүгін біз мені үнемі биік ой-өрісімен, асқан мәдениетімен таңғалдыратын менің кішкентай інім – Денис Тенді жоғалттық. Денис үнемі маған қарап бой түзейтінін айтатын, алайда оған қарап мен бой түзеп, мықты болуға талпынатынмын. Оның енді арамызда жоқ екенін мойындау қандай қиын. Денистің отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын», – деп жазба қалдырды Илья Ильин.
Еске сала кетейік, бүгін Алматының Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге шабуыл жасалды.
Қалалық ІІД мәліметінше, спортшы тұрақта тұрған автокөлігіне келе жатып, көліктің айнасын ұрламақ болғандарды көреді. Ұрылардың соңынан қуып, тоқтатпақ болғанда, пышақ жарақатын алған.
Үш литр қан жоғалтқан спортшы ауруханаға күндізгі сағат 15:23 шамасында жеткізілген. Дәрігерлер спортшының өмірі үшін екі сағаттан аса уақыт бойы күрескенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<