Индустрияландыру: 11 млрд теңгенің өнімі өндірілді

327

0

Индустрияландыру: 11 млрд теңгенің өнімі өндірілді Сарапшылардың пікірінше, Қа­зақстанда экономикалық процестер дамуының тұрақтылығы сақталуда. Экономикалық қызметтің барлық буындарында оң серпін байқалып отыр. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша елімізде жалпы ішкі өнім өсімі 4,1% құрады.

Қазақстанда инфляция көлемі айтарлықтай төмендеді.

Негізгі капиталға салынатын инвес­тициялар бойынша жоғары өсу үрдісі сақталуда. Оның өсуі 25,8% құрады. Үстіміздегі жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елдің халықаралық резервтері 0,9% артып, 89,9 млн АҚШ долларына дейін жетті. Өнеркәсіп өндірісі 5,2% артып, осы қарқындар сақталуда. Тау-кен өндіру өнеркәсібі 5,5% өсті. Бұл өсу негізінен Қашағанда мұнай өндіру жұмыстарының асыра орындалуына байланысты болып отыр. Жоспарланған 4,9 млн тоннаның орнына 6,2 млн тонна өндірілді.

Қазақстанда сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі серпінінің тұрақты өсуі байқалады және алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша мұндағы өсу қарқыны 5,2% құрады.

Республика көлемінде экономика өсімінің тұрақтылығына Қызылорда облысының кәсіпкерлері де өзіндік үлесін қосуда.

Облыста индустрияландыру бағ­дарламасының екінші бес­жылдығы аясында жалпы құны 623,1 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,2 мың жұмыс орнымен қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған 26 жобаның жүзеге асырылуы бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл бағыт бойынша «Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау» картасында – құны 324,9 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 3,7 мың адамды жұмыспен қамтитын – 23 жоба, республикалық картасында – құны 298,2 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 2,4 мың адамды жұмыспен қамтитын 3 жоба жүзеге асырылатын болады.

Жалпы, индустрияландырудың бірінші және екінші бесжылдығы аясында құны 85,4 млрд теңге болатын 22 жоба жүзеге асырылып, 1,7 мың жұмыс орны ашылды. 2018 жылдың 6 айында іске қосылған жобалар 11,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,2%-ке өсті.

Оның ішінде, өңдеу өнер­кә­сібінде 7,7 млрд теңгенің өнімі өн­діріліп, өткен жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда 40%-ке өсті. Ол 2018 жылдың 6 айында құны 3,9 млрд теңгені құрайтын 133,7 мың тонна (тұз, балық, пропан-бутан, аммоний метаванадаты) өнім экспортталды.

Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қаржылай мәнде 37,3%-ке ұлғайып (2017 ж 6 айында – 2,8 млрд тг), өнім көлемі 25,8%-ке өскен (2017 ж 6 айында – 106,3 мың тонна).

2018 жылғы 6 айында Индустрия­ландыру картасының жобалары арқылы өндірілген өнім көлемі жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 13,5%-ті құрады. 2017 жылдың 6 айында – 11,8 %.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланды. Соның бірі «Қуаттылығы жылына 197,1 мың тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы» жобасы.

Жоба құны – 36,7 млрд теңге, ол 226 адамды жұмыспен қамтиды. Бүгінгі күні құрылыс алаңында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Шыны зауыты бойынша құрылыс-мон­таждау жұмыстары ағымдағы жылдың IV тоқ­санында аяқ­­талады, ал, жел­­тоқ­сан айын­да Мемлекет бас­шы­сының қа­ты­суымен өтетін те­лекөпір барысында зауыт пешін іске қосу жоспары бар.

Айта кету керек, Қытайдың шыны өндіретін зауыт салудан мол тәжірибесі бар трансмемлекеттік «Чайна Триумф»  компаниясы осы шыны зауытының құрылтайшылар құрамына биылғы сәуір айынан бас­тап кірді. Енді бұл компания  жоғары технологиялық зауыт құрылысына инвестор ретінде қатысып, смартфондар мен планшеттердің күн сәулесінен қорғайтын панельдеріне арналған аса жұқа және өте мөлдір шыны жасап шығаруды да көздеп отыр. 150 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жобаны Қызылорда облысының индустриялық аймағында жүзеге асыру жоспарланған.

Тағы бір ірі бастама – Шиелідегі «Тампонаждық цемент зауыты құрылысы» жобасы. Жоба құны – 64,0 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 1 млн тонна, ол 260 адамды жұмыспен қамтиды. Тампонажды цемент құрылыс, мұнай-газ және уран өндірісінде кеңінен қолданылады. Дайын өнімнің 70% ішкі нарықты қамтыса, қалған бөлігі ТМД, Қытай және Орталық Азияға экспортталады. 

Бүгінде құрылыс алаңында 800-дей адам жұмыс істеп жатса, оның жартысынан астамы шиеліліктер. Қазіргі таңда құрылыс алаңында шикізат диірменнің жерүсті құрылыс жұмыстары, оны орнату, шикізатты тарату қоймасының жерүсті құрылыс жұмыстары,пештерді орнату, клинкер қоймасы құрылысы, цемент қоймасы, ішкі теміржол тұйығы, әкім­шілік ғимараттың құрылысы мен вахталық ауыл құрылысы жүр­гізілуде. Құрылыс мердігері «Геджуба» компаниясы басшылығы ұй­ға­рымымен қазіргі күні 50 жас жеткіншек зауыттың технологиясы мен қондырғыларының қыр-сырын үйрену үшін Қытайда білім алып, тәжірибеден өтуде. Зауыттың алғашқы өндірістік желілері биылғы желтоқсанда қосылады деп жоспарлануда. Ал 2019 жылы құрылыс жұмыс­тары толықтай аяқталатын болады.

«Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын салу» жобасы. Оны «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС Арал ауданында жүзеге асыратын болады. Жоба құны – 160 млн теңге. Қуаттылығы – жылына 4 мың тонна балық өңдеуді көздейді.  Еуропалық сапа талаптарына жауап беретін бұл кәсіпорын іске қосылғанда 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады.

2018 жылдың наурыз айынан бас­тап балық сүбесін өңдеу цехының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күні мұздатқыш пен балық тазалағыш құрал-жабдықтар жеткізілген, цех­тың ішкі жұмыстары жүргізілуде, зауыт аумағына цементпен тегістеу жұмыстары аяқталды, бүгінгі күні мрамор төсеу жұмыстары аяқталды. Жыл соңында жобаның бірінші кезеңі балық зауыты  іске қосылады. Ал оның пластик қайық шығаратын екінші кезеңі 2020 жылы толығымен аяқталады.

Елбасының тікелей бастамасымен еліміз бойынша жүзеге асырылып жатқан индустриалдық жобалар Қазақстанның болашақ көкжиегін айқындайтын болады.

Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<