Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті.
Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Мәжіліс барысында ауданның инновациялық дамуы мәселелері жан-жақты талқыланды.
«Қазіргі таңда инновация – экономикалық өсудің, бәсекеге қабілеттіліктің және халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналып отыр. Осы бағытта ауданда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, кәсіпкерлік саласында жаңа жобалар жүзеге асырылып, цифрлық қызметтер кезең-кезеңімен енгізілуде. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында заманауи технологияларды пайдалану деңгейі артып келеді.
Дегенмен, кәсіпкерлік және ауылшаруашылық саласында инновациялық жобалардың саны мен сапасын арттыру қажет. Көптеген кәсіпкерлер әлі де болса жаңа технологияларды қолдануға дайын емес. Осыған байланысты аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі және аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі бірлесіп, кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, нақты қолдау шараларын қарастырсын.
Сондай-ақ, білім беру саласында инновациялық көзқарасты қалыптастыру маңызды. Оқушылар мен жастарды жаңа технологияларға бейімдеу – болашақтың кепілі. Бұл ретте аудандық білім бөлімі мектептерде заманауи бағдарламалар мен құралдарды кеңінен енгізу қажет », – деді аудан әкімі Айтбай Жандарбеков.
Мәжілісте аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Маратжан Жұмаділ әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы және бюджет қаражатының игерілу барысы туралы баяндама жасады. Баяндамашы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалу деңгейіне тоқталып, бюджеттік қаражатты тиімді әрі мақсатты игеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






