Әлі есімде. Бұл бұдан біраз жыл бұрын болған оқиға еді. Ол кезде Дәумен қажы қатарымызда жүрген. Қазір көзі тірі болса тоқсанға толар еді. Бүгін өткен күнді еске алып, әңгіме қозғауды парыз тұттым.
Таңертең жұмысқа келгенмін. Сәлден соң орта бойлы, омырауы орден-медальға толы бір аға келді. Алыстан келгені байқалып тұр. Сәлемдесіп, таныса бастадық. Қою қара шашын бір сипап алды да әңгімесін бастады. Қолындағы қара папкасын ашты да, әңгімені өрбітті. Сырбаз аға әңгімешіл кісі екен. Ұйып тыңдап отырғаныма біраз уақыт өткенін білмей қалдым.
– Қалқам, – деді ол салмақты үнмен. – Мен Жаңақорғанның құрметті азаматымын. Қазір зейнеткермін. Көп жыл ауданда мұғалім, партиялық жұмыста болдым. Кейін аудандық кәсіподақ, қазақ тілі қоғамын басқардым. Кезінде кәсіподақ жұмысын жүргізудегі тәжірибем республика көлемінде мадақталып, республикалық кеңес «Волга» автокөлігін сыйға тартқаны бар. Ал «Қазақ тілі» қоғамын басқарғанда тілдің мәртебесін биіктетуге тер төктім, «Мирас» атты газет шығарып, облыс көлемінде тараттым.
Ардагер біраз әңгіменің басын шалды білем, сәл-пәл тынығайын деді де көкірегін кернеген әңгімесін қайта жалғады.
– Аға, әңгімеңіз шұрайлы екен, айта түсіңіз. Бәрін жазып отырмын деп көтермелеп қойдым.
– Газетке жазасың ба?
– Сәті түссе, өзіңіз туралы жазуды ойға алып отырмын.
– Рахмет, қалқам. «Сыр бойы» – менің жан серігім. Отыз жыл бойы жазылып келемін. Біздің Жаңақорғаннан шыққан азамат Базарбай Сарбасов сонау 1946 жылдан 1949 жылға дейін редактор болған. Ол туралы кезінде сүйікті басылымға жазғаным бар.
– Ә, солай ма, аға?!
– Бұл ағаңның журналистік кәсіпке бейімі бар. Енді сол жағына ойысайын.
– Ата-баба аруағын дәріптеп, оны қадірлеуге арнайы үндеу таратқаным бар. Бұл туралы 1995 жылы «Молда шәмшілер» атты шежіре кітап шығардым. Бұдан 500 жыл бұрын ғұмыр кешкен Мәуләна Шәмиддин бабамыздың Самарқандағы жерленген қабірін таптым. Ұзақ ізденістің нәтижесінде Алматыдағы Ұлттық кітапханадағы сирек қолжазбалар қорынан Шәмші Бүзірік хикметтерін тауып, 1997 жылы «Хикметтер» жинағын шығардым. Низан ақынның «Шыршық әуендері» атты өлеңдерін көшіріп алып, баспадан шығардым.
Өміріме ризамын. Қажылық парызымды орындап, Мекке сапарынан жуырда оралдым. Өз қаржыма «Өзгенттен» мешіт салдым.
– Ой, аға көп тер төгіп, еңбектенгеніңізге сүйсініп отырмын.
– Бір үлкен жұмыс атқарғаным қалып барады екен, содан әңгіме қозғасам уақытыңды алмаймын ба, Қайреке?
– Жоқ, аға, айтыңыз. Әңгімеңіз енді қызып келе жатыр.
– Олай болса тыңда.
Сонау 1930-1931 жылдары көп ағайын ашаршылыққа ұшырап, жан сауғалап, өзбек, тәжік жеріне көшіп кетті. 1954 жылы осыларды іздестіріп, ай жүріп 250-дей отбасын елге көшіріп әкелдім. Оларды «Түгіскен» массивіндегі кеңшарларға қоныстандырдым. Қазір олар үрім-бұтағымен еңбек етіп, туған жерді түлетуде.
– Мұныңыз ерлік екен, аға!
– Көшіріп әкелу оңайға соқпады, қиындықты жеңдік, қандастарымызды бауырларына қауыштырдық.
Ардагер Дәумен қажымен сол бір кездесу әлі есімнен кетпейді. Өзінің өмір жолы туралы жазылған «Ғибратнама» атты 300 беттен тұратын кітабын маған ескерткішке ұсынып еді-ау. Сол кітапты бүгін тағы бір шолып, әр парағына көз жүгірткенде Дәумен аға күні бүгінгідей елестей берді. Сол кітаптан сыр ағытып, әңгімені тағы бір қозғаудың сәті бүгін түскен еді.
– Бәріне шүкір. Жетпістен асып барамын. Перзент сүйдім, одардан 17 немере, 4 шөберенің қызығын көрудемін. Ұлдарым Мақсұт, Мұрат, Алтынбектер өз кәсібінің мамандары, қыздарым сан саланы игерген. Ал өзім жеті ағайындымын. Біздің әулеттен 30-ға жуық адам Сыр өңірінде еңбек етуде. Қысқасы, біз үлкен әулетпіз…
Жол қадірін жүрген білер
Әке – балаға сыншы ғой. Ұлы Алтынбек Шоманов Жаңақорғандағы орыс орта мектебін үздік бітірді. Қарағанды политехникалық институтының жол құрылысы мамандығын алып шықты. Жүйткіген уақытқа дауа жоқ қой. Кешегі балаң Алтынбек те жетпіске қарай жол тартып барады.
Бітірген бойда қазіргі «Қызылорда жолдары» акционерлік қоғамына әуелде механик болып орналасады. Ендігі әңгімені Алтынбектің өзі айтқаны жөн болар.
– Қазіргі акционерлік қоғамның негізі сонау 1940 жылы қаланған, – деді ол. Менің еңбек жолым 1996 жылы осы қоғамда басталды. Бір кездері шағын ғана жол учаскесі бар-жоғы 10 адамнан, бір-екі қаусаған техникадан тұратын. Жұмыс көлемі мүлдем аз болатын.
Қазіргі акционерлік қоғамның тынысы мүлдем басқаша. Арал мен Түркістан аралығындағы жолдарды жөндейді, асфальттайды. Қала мен аудан орталықтарын жалғастыратын және елді мекен жолдарын салуда да қызметіміз бар.
Биыл бірнеше аудан мен қала орталығында жүз шақырымнан аса жолды жаңадан салып, іске қостық. «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай жолын жөндеуге де қол ұшын создық. Көрші Ақтөбе облысының Ырғыз жеріндегі жолдарға да көмек қолын созғанымыз бар.
Бұл күндері «Қызылорда жолдары» акционерлік қоғамының жұмыс ауқымы кеңейген. Қазір алдағы жылға қызу әзірлік жүріп жатыр.
– Техника, адам күші туралы не айтасыз?
– Бізде қазір осы заманғы техниканың түрлері бар. Жолды жөндеу, жамау, асфальт төсеу, жол айрықтары, бәрі механикаланған процестерден өтеді. Жол сапасын мұқият қадағалайтын арнайы мамандар тобы жұмыс істейді. Жас мамандарға айрықша көңіл бөлеміз. Тәжірибе алмасу үнемі назарда. Ардагерлерімізге құрмет бөлек.
– Әлгі әзірде жаңа ғимарат салып жатырмыз деп қалдыңыз. Осы жағынан бірер әңгіме қозғай кетсеңіз…
– Орынды сұрақ. Өзім де ұмытып барады екенмін. Қазіргі қала орталығындағы ғимаратымыз, асфальт зауытымыз уақыт талабына сай болмай тұрғаны бізді көптен алаңдатқаны жасырын емес. Бұл үшін мына «Белкөл» аумағынан кең көлемді жер алып, көпқабатты ғимарат, асфальт зауытын салып бітірдік. Таяуда жаңа қонысқа көшкелі жатырмыз…
Қайыр ҚОРАСАНИ





