Нысанбай ағамыз 1941 жылы Шиелі ауданына қарасты ХХХ жылдық совхозында, қазіргі Балаби ауылында дүниеге келген.
Балалық шағынан-ақ зерек, үлкендердің ұлағатты сөздерін жадына түйіп өскен жас мектепті жақсы бітіріп, Ташкент мемлекеттік университетінің геология факультетінде оқыған.
Кеңестік заманындағы атеистік қоғам билігі кезеңінде, сол Ташкент шаһарында жерленген ұлы Төле би баба мазарын іздеп тауып, ұрланып барып, өзі білген Құран аяттарын оқып жүруі ол кісінің бойындағы рухани қуаттың күшті болғанын аңғартады.
Нысанбай ағамыз – тарихта аты, артында өнегесі қалған Балабидің ұрпағы. Балаби – Қоқан хандығы билік құрып тұрған дәуірде датқалық қызмет атқарып, халқының сөзін сөйлеп, билік құрып, ел ішінің тынышытығын, бірлігін сақтаған тұлға. Тегіне тартқан азамат таза болмысын қай кезде де әділдік пен ақиқат айнасындай көрсете білді.
Жоғары оқу орнын бітірген соң Қызылордаға келіп елмен етене араласып, талай қызмет баспалдақтарынан өтті. Жалағаш, Тереңөзек аудандарындағы құрылыс жөндеу мекемелерін басқарды.
Әр кезде мұқтаждарға көмек қолын соза білетін, жаңылған жанға тура сөзімен жол көрсеткен Нысанбай ағаның халық арасындағы беделі биік болған.
Шиелі төңірегіндегі атақты жеті әулие жатқан Оқшы ата қорымына зиярат етушілер үшін аяқжол салып, қорым айналасының қоршауына үлес қосқан азамат. «Біреуге тон кигізсең, өзің жылынасың» дейді халқымыз, Нысанбай ағамыз халық алғысын арқалап, батамен көгерген ерлердің санатынан еді.
Бұл біріншіден, тектілік тініндегі мықтылық, екіншіден, тәрбиемен, біліммен келген қасиет болса керек.
Нысанбай ағамыз 1992 жылдың 3 қарашасында дүниеден өтті.
Жары, қармақшылық Мәдина апамыз ағамызға адал жар, сенімді серік бола білген салиқалы, сарабдал жан.
«Атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы, алғаның жақсы болса – абыройыңның тұрағы» депті дана қазақ, осы бейнелі сөз Мәдина апамызға арналғандай. Ол кісі ағамыздың абыройын асқақтатты, отбасын берекелі етті. Ағаның түзде жақсы аты шықса, әулетте қадірі артқан азамат болды. Артына өшпес есімін, саналы ұрпағын қалдырды.
Мәдина апамыз 2014 жылы қасиетті бес парыздың бірі қажылық сапарға аттанып, сол сапарда сүйікті жары Нысанбай ағамыздың атынан Ұмра қажылығын өтеп қайтты. Алланың қалауымен нәсіп болған сауапты істі Мәдина апаның балалары орындады. Осылайша, атадан өсиет, анадан қасиет сіңірген тәлімдерін танытты.
«Орнында бар оңалар» демекші, Нысанбай ағамыздың екі ұл мен бір қызы әкелерінің жолын жалғап, ағамыздың жаққан отын өшірмей, өсіп-өніп жатыр.
Қызы Марал Алматы қаласы медицина мекемесінің басшысы, білікті дәрігер, үлкен ұлы Мақсат сот саласында басшы, ал қарашаңырақ иесі Марат Алматы қаласына қарасты халыққа қызмет көрсету саласында абыройлы қызметкер.
Нысанбай ағамыздың ұрпақтары ағайын-жұртпен етене араласып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді.
«Ғалымның хаты, жақсының аты өшпейді», Нысанбай ағаның да қалдырған ізі, ізгілігі ел жадынан өшпек емес.
Шералы НҰРТІЛЕУҰЛЫ





