Экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту мәселелері талқыланды

5

0

Фото: Жалағаш ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынның күн тәртібінде экономиканы одан әрі әртараптандыру, «Ауыл аманаты» жобасының орындалуы және инвестиция тарту мәселелері қаралды.

Мәжілісте өткен жылдың қорытындылары айтылып, өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 2,3 пайызға артып, 41 млрд 531 млн теңгенің өнімі өндірілгені атап өтілді. Сондай-ақ, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 101,3 пайызға орындалып, 22 млрд 334 млн теңгені құрады. Аудан әкімі бұл көрсеткіштерді алдағы уақытта одан әрі арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

«Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте нақты міндеттер жүктелді. Берілген тапсырмалар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Ауданға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастырыңыздар. Бұл кәсіп бастаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Сондықтан жобаның игілігін барлық ауыл тұрғындары көруі тиіс», – деді А.Ибраимов.

Айта кету керек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 33 жоба іске асырылып, нәтижесінде 35 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы 4 жоба жүзеге асырылып, өңдеу саласында жаңа өндіріс орындары ашылды. Қазіргі таңда аудан аумағында жалпы құны 51 млрд теңгені құрайтын ірі инвестициялық жоба іске асырылуда.

Мәжіліс қорытындысымен күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты тиісті бөлім басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі