Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жаратылыстану институтының ұйымдастыруымен Арал өңірі экожүйелерін зерттеу халықаралық орталығында халықаралық Арал теңізі күніне орай дөңгелек үстел өтті.
Оған университеттің басқарма мүшесі, ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Исатай Әбдіразақов, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Шараға Ресей ғылым академиясының зоологиялық институты тұзды су гидробиологиясы зертханасының меңгерушісі, Арал мәселелері бойынша халықаралық сарапшы Николай Аладин, Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, АҚШ-тағы Иллинойс университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуші ғалым, эколог Римма Тұрекелдиева онлайн арқылы қатысып, баяндама жасап, пікір білдірді.
Жаратылыстану институтының директоры Нұрлыбек Ахатаев дөңгелек үстелдің маңызына кеңінен тоқталып өтті. Проректор Майнұр Бөрібаева атқарылып жатқан ауқымды істерді, университетте Арал өңірі экожүйелерін зерттеу халықаралық орталығының ресми ашылғанын айтты.
Орталық ғалымдарға тұрақты экологиялық жағдайды қамтамасыз етудегі проблемалық мәселелерді, су маңындағы және жердегі экожүйелерді табиғи қалпына келтіру процестерін шешуге, техногендік әсерін азайтуға бірегей мүмкіндік береді. Онда Кіші Арал теңізі мен жалпы Арал өңірінің бұзылған экожүйелерін қалпына келтіру жолдары, оның ішінде биогеоценоздарды табиғи сақтау, өсімдіктер мен жануарлар қауымдастығының құрылымы, динамикасы және экологиясы, олардың жіктелуі, ботаникалық, зоологиялық және экологиялық мәселелері насихатталады.
Шарада мамандар Арал теңізінің экологиялық жағдайына, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оқу орнының магистранттары Нұрымжан Әлайдар мен Талант Анарбай «Арал теңізі табиғатының кешегісі және бүгіні», «Арал теңізін сақтау жөніндегі отандық және халықаралық жобалар» тақырыбындағы жобаларын ұсынды.
Келушілер Арал теңізі күніне арналған кітап көрмесін, Арал теңізі туралы деректі фильмді тамашалады. Сонымен қатар шараға қатысушылар көшет отырғызу акциясына қатысты.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<