Электрондық еңбек биржасында 176 мың вакансия орналастырылды

916

0

2020 жылдың III тоқсанында Электрондық еңбек биржасында білікті қызметкерлер үшін 176 мың вакансия орналастырылған. Бұл II тоқсанға қарағанда 20,1 мыңға және I тоқсанға қарағанда 48,9 мыңға көп, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-да (бұдан әрі – ЕРДО) атап өткендей, ағымдағы жылдың шілде айында бос жұмыс орындарының ең аз саны орналастырылған – 44,4 мың, бұл 5 шілдеден 3 тамызға дейін қосымша карантиндік шараларды енгізуге байланысты болуы мүмкін. Бірақ біртіндеп жеңілдегеннен кейін сұраныстың өсу тенденциясы байқалды.

«Түйіндемені орналастыру бойынша да осындай динамика байқалды. Мәселен, 2020 жылдың шілдесіне 32,3 мың болды, бірақ III тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыс іздеп жүрген 123,1 мың маман бар болып шықты. Тек тоқсанға ғана емес, сонымен қатар соңғы 12 ай бойынша да қыркүйек айында ЭЕБ-да ең көп – 47,3 мың түйіндеме орналастырылған», – деді ЕРДО Болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Білікті қызметкерлерге ең көп қажеттілік Нұр-Сұлтан (23,2 мың бос орын) және Алматы (19,3 мың) қалаларында, сондай-ақ Қостанай (19,1 мың) және Қарағанды (17,6 мың) облыстарында байқалды. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында түйіндемелер саны ұсынылған вакансиялар санынан басым екені байқалады. Атырау облысында 100 бос орынға 220 түйіндеме, Қызылорда облысында – 180 түйіндеме, Маңғыстау облысында – 142 түйіндеме келді.

Айта кету керек, кәсіби топтар бойынша кәсіпқой мамандар ең белсенді топ болып табылады, олардың сұранысы тұтастай ұсынысқа сәйкес келеді. ЭЕБ-да өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас салалар үшін 40 мыңнан астам вакансия орналастырылды. ЕРДО сарапшыларының пікірінше, бұл топқа сұраныс «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асырумен байланысты. Бұл ретте жол жұмысшысы мамандығы өткен тоқсандағыдай республика бойынша тапшы мамандықтар қатарында тұр. Мұнда 4,8 мың адам жетіспейді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<