Кәсіпкерліктің ауқымын арттыру бағытында көшпелі кеңес өтті

145

0

Фото: Арал ауданы

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңестің көшпелі отырысы өтіп, ел экономикасын арттыратын негізгі салалардың бірі кәсіпкерліктің ауқымын арттыру бағытында біршама тұщымды мәселелер ортаға салынды. Аталған жиынға аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев төрағалық етіп, көшпелі кеңеске арнайы келген қонақтарды таныстырып өтті.

Көшпелі отырысқа Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры П.Сыздық, «ЗИЯТКЕР», «ИННОВАЦИЯЛЫҚ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ» ЖШС құрылтайшысы, Қызылорда облысы өңірлік кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Р.Дүлдүл және «Қазпошта» акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалының директоры А.Ізтлеуова, сонымен қатар «Аграрлық несие копорациясы» акционерлік қоғамы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымының» өкілдері және өңірлік кеңес мүшелері арнайы қатысты.

Бүгінде аталған салаға мемлекеттік қолдау жан-жақты жасалып келеді. Жиында осы мәселе сөз болып, арнайы келген мамандар тарапынан мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Жиын барысында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры П.Сыздық, Қызылорда облысы өңірлік кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Р.Дүлдүл, Арал ауданының прокуроры М.Бекпанов сөз сөйлеп, аталған саланың мүмкіндіктері мен оған жасалып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары төңірегінде сөз сабақтады.

Сондай-ақ 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің басты бағыттары мен жаңалықтарын кеңінен түсіндіру, салық саласындағы өзгерістерді халыққа қолжетімді әрі түсінікті жеткізу мақсатында Арал ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Ә.Жұбандықов, «Қазпошта» акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалының директоры А.Ізтлеуовалар хабарлама жасады.

Мұнан соң, Қызылорда филиалының несиелендіру бөлімінің бас маманы Е.Рахимшаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының бағдарламаларды жылжыту бойынша бас менеджері С.Абдуллаева, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының несиелеу бөлімінің бас маманы Н.Мұрсал және «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымы» ЖШС несие және қаржы лизингі бөлімінің жетекші маманы А.Әмзебаева «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамында қазіргі таңда қолға алынып жатқан қаржыландыру жобалары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып, қойылған сұрақтарға мамандар тарапынан тиісті жауап берілді. Көшпелі кеңесті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Еркін Жұмаханұлы алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау алуға ниет білдірген азаматтарға барлық сүйемелдеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі