Қазақстандық актриса Самал Еслямова 71-ші Канн фестивалінде үздік әйел рөлін жеңіп алды. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі актриса жайындағы мәліметтерді іздестірді.
Интернеттегі ашық мәліметтерге сәйкес, Самал 1984 жылдың 1 қыркүйегінде Петропавл қаласында дүниеге келген. Ресейдің театр өнері институтының актерлік факультетін бітірген ол бұған дейін Қазақстан, Германия, Ресей және Швейцария бірлесіп түсірген «Тюльпан» фильмінде басты рөлді сомдаған. Бұл туынды 2008 жылы Каннда «Ерекше көзқарас» конкурсының бас жүлдесін, жас әділқазылардың жүлдесін, Францияның білім министрлігінің жүлдесін жеңіп алған еді.
Ал Канн фестивалінің үздік актрисасы атануына жол ашқан «Айка» фильмін Қазақстан тумасы ресейлік режиссер Сергей Дворцевой түсірген. Бұл да Қазақстан, Германия, Қытай, Польша және Ресей бірігіп түсірген туынды. «Айка» атауы оның басты кейіпкерінің есімімен байланысты қойылған әлеуметтік драма. Туынды Қырғызстаннан Мәскеуге заңсыз келіп, тұрып жатқан мигрант қыздың өмірін суреттейді.
Фестиваль лауреаттарын марапаттау рәсімінен соң БАҚ өкілдерінің түсірілім жүріп жатқанда туынды Сізді марапатқа жеткізеді деген ой болды ма деген сауалына жауап берген Самал Еслямова: «Картина түсіріліп жатқанда оның режиссердің ойлағанындай болуы немесе біздің көңілімізден шығуы маңызды, әрине. Бұл біздің басты мақсатамыз болатын, және осы мақсат бізді алдыға жетелеп отырды»,- деп жауап берді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<