«Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» дейді біздің халық. Түсінген адамға бабалардың биік парасатын аңғартқан сөз, «қапы кетпесін, киікке де бір мүмкіндік бұйырсын» деген пейіл. «Не істесең де ескертіп істе, обал болады» дейтін дала заңы. Ақбөкенді Алла адамның несібесі қылып жаратқанмен, қазақ кие мен обал барын ескерген.
Біле білсек, Қазақстанда тас дәуірінен бері тіршілік ететін жануар – ақбөкен. Басына сан мәрте зобалаң туса да, жылдар бойы жойылмай, құдіреттің күшімен көп болмаса да, кейде қуаң даладан қылаң беріп, жүйткіп өтеді. Киік бір кездері Батыс Еуропаға дейін тараған. Бірақ киіктердің қазіргі мекені тек Қазақстан, Моңғолия, Қалмақ автономиясы. Соңғы деректер бөкеннің 90 проценті біздің елде екенін алға тартады. «Біздерде мынадай бар» деп әлдеқандай болғанымыз не керек, киік көрсе киені де, көне сөзді де елең қылмайтындар көбейді. Бірақ, табиғаттың заңдылығы бар: «Әр асқанға, бір тосқан». Киіктің киесі талай адамның өзін де, әулетін де күйретіп кететіні ел мойындаған шындық. Өйткені, киік дегенде табиғат та өз ырғағынан жаңылмайды, жылда мамыр айының ортасында «құралайдың салқыны» басталады. Апта бойы киік төлдейтін уақытта аспаннан жаңбыр себезгілейді.
Жуырда «Құмкөл» кен орнына жақын маңда «ОХОТЗООПРОМ» Қызылорда аумақтық инспекторлары Қызылорда қаласының азаматы тізгіндеген «Ленд Крузер» автокөлігін құрықтады. Ішінде 13 киіктің денесі бар екен, оның үшеуі биылғы төл.
«Ашыққаннан құныққан жаман», сахараның сәні болған ақбөкенді заңсыз аулағандар қыруар айып арқалайды. Тіпті, киіктің құрып кету қаупі туғандықтан, Үкімет киіктерді аулауға, олардың дене бөліктерін пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салды. Демек, аңшысымаққа айып ауыр, табиғаттың заңы қатты, киіктің киесі өзің күтпеген тұста күйретеді.
Берік ЖОРАБЕКОВ,
«ОХОТЗООПРОМ» аумақтық
филиал басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<