Отандық танымал продюсер «Кешью» тобының құрамын қайтадан жасақтамақ. Баян Алагөзова бұл шешімді қарамағындағы аруларға көңілі толмағандықтан қабылдағанын айтты. Алайда, топ құрамындағы әнші қыздардың біреуі продюсерлік орталықта қалып, жеке әнші ретінде шықпақ деп жазады «Ревю» бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Ешкім күтпеген жаңалықты Баян Мақсатқызының өзі хабарлады. Ол отандық бағдарламаға сұхбат беру барысында алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісіп, атышулы топ құрамын қайтадан жасақтайтынын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта бес ән жаздырып жатырмыз. Оның екеуін таңдап аламыз. Біреуіне бейнебаян түсірмекпіз. Және де басты жаңалық – алдағы уақытта топтың жаңа құрамын жасақтап таныстыратын боламын. Қазіргі құрамдағыларға мүлде көңілім толмады» , – деп айтты продюсер.
Оған қоса, ол тағы да аса маңызды ақпаратпен бөлісті. Айтуынша, топ құрамындағы Балжан Бидаш қалатын болады. Алайда, ару енді топ атынан емес, жеке әнші ретінде танылмақ.
«Жаңа құрамға кірерлік бойжеткендер әзірге дайындалып жатыр. Алайда, мен әлі де түпкілікті нақты құрамды бекіткен жоқпын. Сол себепті бәрі уақыттың еншісінде», – деп айтты Алагөзова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<