Бабаларымыз әлімсақтан бір Аллаға сыйынып, аруаққа табынып келген ғой. Аруақты қадірлегені сонша, «Құдай атқан оңалады, аруақ атқан оңалмайды» деген қорқынышты қағида қалдырған. Осы игі дәстүрге сай әріптес ініміз Абайбек әкесі Талғат Жүнісовке 2016 жылы арнайы ас берді. Оған себеп Тәкеңнің қарашаңырағы тұрған Тасбөгет кентіндегі бір көшеге оның есімі берілуі.
Сөз ретінде еске түсіре кетсек, ол кісі 1939 жылы 6 мамырда Жалағаш ауданының қазіргі Есет батыр ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Жалағаш ауданының орталығындағы Сталин мектебін бітіріп, Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1962 жылы бітірген. Өндірістік жолдамамен Ақмола облысы Қорғалжың ауданына қарасты «Арықты» округіндегі мектепте бір жылдай еңбек еткен. Сосын ұзақ жылдар бойы Сырдария аудандық комсомол, партия комитеттерінде, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінде басшылық қызметтерде болды.
Абай, Жамбыл атындағы кеңшарлардың партия ұйымын, Айдарлы ауылдық кеңесі атқару комитетін басқарды. «Сыр мектебі» ЖШС-да бірнеше жыл жауапты хатшы болып, абыройлы еңбек етті. Абзал азаматтың бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылып, 1999 жылдың қарашасында бақилық болды. Міне, осындай ардақты ағамыздың атына 2016 жылы Тасбөгет кентінен көше берілді.
Астың алдында көше басында салтанатты жиын өтті. Оған ағамыздың көзі тірісінде аралас-құралас болған бірнеше әріптестері мен жора-жолдастары, ағайын-туыстары қатысты. Сондай-ақ жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов, облыстық мәслихат депутаты Р.Байназарова, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Н.Байқадамов, Сырдария ауданының әкімі И.Әбибуллаев, еңбек ардагері С.Нағашыбаев және мектепте бірге оқыған кластастары – Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, бір жылдары Қармақшы ауданын басқарған Ж.Бодықбаев сияқты арнайы шақырылған азаматтар естеліктер айтты. Абайбектің шақыруымен Қорқыт ата атындағы ҚМУ атынан бір топ әріптестері ретінде біз де барғанбыз. Салтанатты жиын өз ретімен өтіп жатты. Шара барысында мені таңғалдырған ерекше бір көрініс болды. Ғайыптан бір көбелек келді. Тұрқы алақандай. Түсі сары, қанаттарында түрлі ою-өрнектері бар. Жиын үстінде әрлі-берлі ұшып жүрді. Көше бойымен ерсілі-қарсылы жүріп жатқан мәшинелерден, тілек білдірген адамдардың дауыстары мен ән-күйдің жаңғырған дыбысынан еш үрікпейді. Айрықша шаттанып ұшып жүрген секілді. Бірде үш-төрт метрдей биікке көтерілсе, іле төмен құлдилайды, жерге жақындап келе бере кідірістеп денесін көкке тағы көтереді. Қанат қағысы бөлек. Сайраған торғайға ұқсап кейде ауаға асылып тоқтап қалады. Неге екенін қайдам, маған сол көбелек Талғат ағамыздың аруағындай көрінді, яғни оның көбелекке айналған рухы секілденді. Халқымыздың даналығында: «рухтың заттануы немесе заттың рухтануы» деген пәлсафалық түсініктің бекер айтылмағанын енді нақ сезінгендей болдым. Арқалы ақын Светқали Нұржанның «Ай – кірсіз, Аруақ – үнсіз, Алла – мінсіз» деген балладасында:
«…Сұңқар – шейіт. Аққу мерт.
Қарға – құнсыз.
Аруақ – үнсіз. Ай – кірсіз.
Алла – мінсіз…
Батыр – аңқау.
Болады ел аңғарымсыз,
Аңғарымпаз болыңыз, жандарым, сіз» деп айтылатын бір шалдың өсиеті бар еді. Соны еске түсіріп «үнсіз жатқан аруақ оянған екен ғой» деп ойладым. Сонымен қатар Мағжанның «Сырдағы Алашқа» деген өлеңінде:
«…Сөзім – Сырдағы Алашқа,
Жаның жасып, кірлеген,
Отпен аспанға өрлеген
Жаныңды, Алаш, аласта…»
деген де отты жолдар бар. Неге екенін қайдам, әлгі көбелек, яғни Абайбектің әкесінің көбелек болып көрінген рухы аңғарымсыз бізді қауіп атаулыдан қорғап, қанатымен аластап жүргендей көрінді. Әдетте даңғазалы ас-тойдан шаршап қайтушы едім, бұл ретте жеңілденіп оралдым. Содан да болар, арада он жылға жуық уақыт өтсе де, сол жиындағы көбелек-құбылыс дәл кешегідей есімде қалыпты. Енді көбелектің феномені туралы қысқаша ақпарат. Көптеген елдің мифологиясында оны киелі санайтын дәстүрлер әлі күнге дейін сақталған. Себебі, олар бір жан иесінің екінші түрге өтуімен, яғни, трансформациямен, жанның мәңгілігімен байланысты пайда болған. Бұл образ табиғат пен руханиятты біріктіріп тұратын символдық мәнге ие құдіретті нәрсе саналған. Мәселен, тибеттіктер қайтыс болған адамды тау басына апарып, тастап кетеді. Оның етін жеген құстарға марқұмның рухы көшеді деп сенеді. Қытайда көбелектер қуанышты күйдің, сүйіспеншіліктің және ұзақ өмір сүрудің нышаны ретінде айрықша бағаланады. Жапондардың ұғымында ол сұлулықтың, нәзіктіктің, шаттықтың белгісі. Ежелгі Грекияда көбелек жанмен теңестірілген. Мәселен, Эростың сүйгені Психея туралы мифте ол мәңгілік пен қайта өмірге келудің нышаны болып көрінеді. Көршілерміз славян халықтарында да көбелек марқұм болғандардың жаны ретінде қастерленеді. Қысқасы, көптеген елде ол бақытты өмірдің белгісі және о дүниеден келген хабаршы деп бағаланады. Оның қанаттарының әсем боялуы әлемнің сұлулығын және табиғатпен үйлесімділікті білдіреді. Демек, көбелек – мифологияда өмір мен өлімді, биологиялық түрлердің трансформациялануының символдық байланыстырушысы. Бұл «адамның жаны өлмейді, басқа бір формаға көшеді» дейтін кәрия сөздің растығын таныта түседі.
Белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы, тарихшы З.Жандарбек бір жазбасында Рух-аруақ жайында терең толғайды. Ол айтады: «Рух – Алланың адам баласына берген аманаты. Уақыты келгенде Рух қайтадан өзінің келген жағына оралады. Алла Тағала Өзінің мейір-махаббатынан тұратын дінді Рухқа бере отырып, оған Алла мен адам арасындағы байланыстың үзілмеуін Рухқа тапсырды. Сондықтан сананы тән мен Рухтың арасындағы арасалмақты айқындап отыратын күш деп бағалауға болады» дейді. Адам санасының рөлі жайында толғай келе, «егер де сана тәнге, адамның материалдық болмысына қызмет ететін болса, онда адамның материалдық жағдайы жақсарады. Бірақ санасы материалдық болмыс жетегінде кеткен адам обал мен сауапты, жақсылық пен жамандықты ажыратудан қалып, қара басының қамы үшін барлық нәрсені құрбан етуге дайын болады. Мұндай жағдайда сана адам бойындағы шайтанға айналады» деген ой айтады. Бұл жерде мына нәрсені ашып айту ләзім. Расында біздің құлдық санаға бой алдырып, рухымыздың өше бастағаны аруақтарға деген құрметіміздің әлсірегенін көрсетеді. Демек, аруаққа құрмет сезімінің азат санамен тікелей байланысты болғаны. Рух-аруақтың маңыздылығы да осында деп санаймыз. Халқымыздың даналығындағы «рухтың затқа айналуы немесе заттың рухтануы» деген пәлсафалық ұғым-түсінік осындай жағдайлардан барып шықса керек.
Енді ең ұлы сезім делінетін және адамды адам етіп тұрған махаббаттың шығуы жайында қисса келтіре кетейін. Кезекті сабақ біткенде Қожа Ахмет Яссауиден шәкірттері:
– Тақсыр, тіршіліктің тірегі не? – деп сұрапты.
– Махаббат, – деп жауап беріпті ол.
– Оның жайы қайда?
– Жүректе.
Тәңірі Тағала бір сипатынан махаббатты жаратты. Жебірейіл періштеге: «Махаббатқа жай іздеп, жақсылап жайғастыр» деп тапсырма берді. Періште оны Аршыға орналастырды. Махаббат ол жерде ұзақ тұра алмады. Болмағасын Күрсіге апарып қойды. Одан да тиянақ таппады. Ол жерден өзін керексіз сезініп, кетіп қалды. Жебірейіл енді оны жұмақтың төріне шығарды. Махаббат оны да қош көрмеді. Жебірейіл енді не істерін білмей, Тәңірі Тағалаға қайтып келіп, шарасыздығын айтты. Жаббар хақ махаббатты шақырып алып:
– Сен неге Аршы мен Күрсіге, я болмаса жұмаққа тұрақтамадың? – деп сұрады.
– Уа, Тәңірім, менің сүйікті мекенім – адамның жүрегі. Жүсіпті Зылихаға, Мәжнүнді Ләйліге, Мұхамедті Хадишаға қосқым келеді. Досты досқа, шәкіртті ұстазға, құлды Иесіне жалғайтын көпір болайын. Маған жүректен орын бер, – деп уәжін айтты. Сонда Ұлық Алла:
– Мен де осы ойыңды құп көремін. Егер Аршыға жайғасып, соны місе тұтсаң, назарымнан кесілер едің. Күрсіні мәртебе тұтқанында рақметім түспес еді. Жұмақтың рахатына еңбексіз батқаныңда қадірсіз қылар едім. Көңілімді таптың. Енді салтанатпен бар да, адамның жүрегінен жай ал! – деді.
Махаббат ерекше шаттықпен Адам атаның жүрегіне сүңгіп кетті. Сол сәттен Хауа анаға ынтық болды. Махаббаттың құдіреті осылай басталып кетіпті…
Белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың «Жансар» деген кітабында: «Егер де кіндігің байланған кездің өзінде ата-ананың сезіміне сәл діріл, көңіліне күдік ұяласа, сәбидің қаны басқаша ұйыйтын көрінеді. Қазақтың: «Баланы тілеуіңе қарап береді» дегені соған саяды. Айтса айтқандай, Талғат ағамыз бен Хадиша анамыздың шынайы тілеуінің арқасында өмірге Абайбектей азамат келді… Ата-анасы оған жақсы тәрбие берді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деген екен. Сол тәлімді тәрбиенің арқасында ол білімпаз азамат, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы, адал Адам болып қалыптасты. «Тұлпардың тұяғындай, асылдың сынығындай» Абайбектің бірқатар жауапты қызмет атқара жүріп, еліне сыйлы, отбасына тірек болған ардақты әкесінің аяулы есімін тарих бетіне өшпестей етіп таңбалаудағы перзенттік парызын өтеуге деген ұмтылысының астарында жүрегіндегі жанартаудай бұлқынған әкеге деген сағынышы, балалық пәк махаббаты жатты деп ойлаймын.
Шынтуайтын айтқанда, ағамыздың есімінің көшеге берілуіне орай ұйымдастырылған шара – марқұмның жұбайы Әбдібақиқызы Хадиша анамыздың тілегі, баласы Абайбектің ізденген еңбегінің нәтижесі. Оларды сол жиын үстінде шаттана ұшып, көбелек болып көрінген Талғат ағамыздың аруағы әлі күнге желеп-жебеп жүрген болар. Аруаққа бағыттап: «Рухын шат болсын!» деп дұға қайыратын дәстүр осындай жағдайлардан барып түпсанамызға бекіген секілді.
Нұрлыбек МЫҢЖАС,
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми
кітапханасының директоры, өлкетанушы, т.ғ.к.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<