Көбесі сөгілсе, көп дүние өзгереді

961

0

Бірден айтайық, мәселе білім беру саласына қатысты.

Білуімізше, қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыруды кеңейту келер жылдағы бас­ты шаруаның бірі болмақ. Бұл туралы министр сейсенбідегі жиында жеткізді.

«Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі, орта және техникалық, кәсіптік білім беру ұйым­дарында мемлекеттік тілдің қол­даныс аясын кеңейту ісіне басымдық беруді тапсырды деп келтіреді ҚазАқпарат. 

Жасыратыны жоқ, тапсырма көп, бірақ, орындалуы әрқалай. Дегенде, осы жолғы бастаманың ертеңгі берері салмақты сияқты. Салмақтысы, қазақ тілінің өрісін кеңейтуде алдымен сол тілді үйрететін тәлімгерді дайындаудан бастап шаруа шынайы қолға алынбақ. Бұл ретте министр: «Жалпы мемлекеттік тілдің аясын кеңейту – бәріміздің парызымыз. Ол сөзсіз, түсінікті мәселе деп ойлаймын. Елбасының мемлекеттік тілді дамыту сая­сатына сәйкес, білім саласында біраз жақсы өзгерістерге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді білім саласында дамыту бойынша бізге тапсырма берген болатын. Әрине, білім саласында тиісті өзгерістер болмаса, қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру қиынға соғады. Сондықтан келесі жылы Тіл комитетінің Білім және ғылым министрлігіне беріліп жатқаны бекерден-бекер емес. Мұның бәрі жүйелі түрде осы саясатты жүзеге асыру үшін жасалып отырған қадамдар», – деп атап өтті. 

А.Аймағамбетов және бір сөзінде қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру мәселесі келесі жылдың басты шаруаларының бірі болатынын жеткізді. 

«Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні бойынша бағдарламаларды жетілдіру ұсыныстарын қолдаймыз. Университеттерде қазақ тілі пәнінің мұғалімдерін қалай даярлап жатырмыз деген мәселе бойынша да өзгертетін шаруалар бар. Ректорлар оны біледі. Біліктілікті арттыру курстарының мазмұнын өзгерту мәселесі де бар. Әдістеме, оқулықтар бойынша, бір сөзбен айтқанда, жүйелі өзгерістер керек. Бірақ оның бәріне ғалымдар, әдіскерлер атсалысуы қажет», – деді ол.

Шынында, тілге қатысты толғақты мәселелердің көбесі сөгілгелі тұр. «Ректорлар оны біледі». Әдістеме, оқулықтар бо­йынша да өзгерістер керек. Ал бұған шын жанашыр ғалымдардың, әдіскерлердің жұмыла қызмет етуі ауадай қажет.

Министр тағы бір сөзінде негізгі мәселе мектепте, балабақшада қазақ тілі­нің қолданыс аясын кеңейту екенін жасырмады.

«Орыс тілде оқитын балалар бар. Олар қазақ тілін 11 жыл оқып шыққанымен, қазақ тілін меңгеру деңгейін көріп отырмыз. Сағат саны бойынша қарайтын болсақ, қазақ тілінде және орыс тілінде қазақ тілі пәнін оқыту сағаттары тең. Бірақ сапа бойынша сұрақтар бар. Оны жасыруға болмайды. Сондықтан тиісті жұмысты атқармасақ болмайды», – деді Білім және ғылым министрі.

Арғысы түсінікті болса керек…

Қ.ӘБІШ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<