Көлік полицейі бір отбасын өрттен аман алып қалды

949

0

Қызылорда станциясының көлік полицейі бір отбасыны өрттен аман алып қалды.

«Күндізгі сағат 13:30 шамасында көрші үйден көмек сұраған әйелдің жанұшыра айқайлаған даусы естілді. Үйден шыға бере көрші үйдің өртеніп жатқанын көрдім. Іле-шала жалын лапылдап жатқан үйге қарай жүгірдім. Өртке оранған үйдің ішінде 1 жасар баланың қалып қойғанын естіп, үстіме суық су құйдым да, бірден үйдің ішіне кіріп кеттім. Төргі бөлмеден Айлин есімді кішкентай бір жасар қызды тауып алып, қауіпсіз жерге шығарып үлгердім»,- деп еске алады Қызылорда станциясының көлік полицейі Дархан Әбдікәрімов. Оның айтуынша, бәрінен маңыздыcы – адам өмірі.

«Сол кезде үй иелерінің өрттен аман-сау қалғанына қатты қуандым», – дейді Дархан ақ жүрегіне ақтарыла.

Көлік полицейі бір отбасын өрттен аман алып қалды

Өрт осы жылдың 16 қазанында Қызылорда қаласы Нұр-Орда шағын ауданында орналасқан көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерде орын алған. Көмек сұраған осы үйдің Жайна есімді тұрғыны. «Тілсіз жау жуынатын бөлмеден шықты. Анам екеуміз өртті өзіміз сөндіруге тырыстық. Алайда, өрт бізге бағынбай үйдің басқа бөлмелеріне қарай өршіді. Дәл сол кезде бойымды қоhқыныш биледі. Менің айқайлап көмек сұраған даусымды Дархан есімді кісі бірінші естіп, бірден көмекке келді», – дейді Жайна. Оның айтуынша, үй иелерін қауіпсіз жерге шығарған Дархан, түтін басқан үйдегі электр желілерін ажыратып, қауіптілігі бар, тез жанып, жарылып кететін заттарды подъезге шығарған. Көршілерден су тасып беруін сұрап, өртті сөндіруге әрекет жасаған.

«Дарханның полицей екенін білетінбіз. Осы әрекетінен-ақ қызметіне деген адалдығын көрдік. Осындай батылдыққа баратын полицейлеріміз көп болса екен», – деп алғысын білдірді Жайна Әбдіқалықова. Дархан Есенгелдіұлы Қызылорда станциясының Желілік полиция бөлінісіндегі штаб бөлімшесінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты.

Дереккөз: ҚазАқпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<