Көңіл шапағының көкжиегі

175

0

Адам баласына ешқашан жамандық ойламайтын, жүрегі жомарт, тұла бойы тұнған ізгілік, қамқорлығы мен қайырымы мол, атына сай ардақты ағамыз Жақсылық Рахматулла өмірден озды деген қаралы хабарды естігенде бейнебір асқар тау құлағандай, алып бәйтерек тамырымен сұлағандай әсерде қалдым. Қашан көрсең де жанарынан бір жылылық пен жақындық сезіліп тұрушы еді.

Жақсы бір мақала жазып, көңілінен шықсаң жас баладай мәз-мәйрам болып қуанатын. «Сенен түбі бірдеңе шығады-ау» деп ризашылығын білдіретін. Ақыл-кеңесін аямай, құлаққа құ­йып, өмірлік тәжірибесін жасырмай айтатын. Бас редактор емес, қасыңда құтты бір туған ағаң отырғандай ерекше жігер мен шабытқа бө­ленесің.

Жақсылық ағамыз мені сонау 1990 жылдары облыстық газетке екі-үш рет шақырған-ды. Ол Тереңөзек аудандық газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орын­басары секілді баспалдақтардан өткен кезім.  Бірақ сәті түспеді ме әлде жол тартпады ма, бір себептермен бара алмадым. Тек 2002 жылдың көктемінде мені үш ауданға, яғни Қар­мақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарына мен­шікті тілшілікке шақыртып алды. Әлі есімде үш ауданның әкімдерімен танысып шыққаннан кейін жол-жөнекей Жақаң сыр шертті.

–  Мейрамбек, жазғандарыңды оқып жүрмін. Көбінесе проблемалық және сын мақалаға бет бұрады екенсің. Бұл да дұрыс шығар. Бірақ елдік мәселелерге тереңірек бойлағаның да жөн. Бардың мерейін тасытып көрсете білу, жақсының бағасын асыру да журналистке жат емес. Облыстық басылымның жылдар бойы қалыптасқан жолы бар, – деді.

Сонау 2003-2005 «Ауыл жылдары» көбірек көсілте жазып, көзге түстім. Облыс көлемінде чемпион атандым. «Құрмет грамотасын» ие­лен­­дім, сияпаттар өз алдына бір төбе. Аудан әкімдерінен Алғыс хаттар, сый-сияпаттар жаң­бырдай жауды. Осының бә­рі Жақсылық аға­мыздың қолдау, қамқорлығы арқасында еке­нін сезіп жүрдім.

Ол кезде жазған мақалаларды редакцияға апарып, он рет сүзгіден өткізіп, өңдеп, жөндеп барып, баспаға жіберетін. Облыстық газеттің бас редакторының орынбасары марқұм Оразбек Мақсұтұлы, содан кейін бас редактор Жақаң стильдік қателерді жөндеп, қайта жазғызып, көп нәрселерді үйрететін. Сөйтіп жүргенде кеш түсіп кетеді. Ауылға қайтуға көлік болмай қалатын кездерде әріптес жігіттердің үйлеріне қона салатынмын.

Бір күні Жақсылық ағам:

 – Сені жігіттердің үйлерінде қонып жүр деп естідім ғой. Дұрыс-ау, бірақ сол шаңырақтағы келінің не жеңгең жақтыра қояр ма екен, сол жағын да ойлау керек. Бүгін біздің үйге барасың, – демесі бар ма?!

Қапелімде не айтарымды білмей, әбіржіп қалдым. Дардай бастық үйіне шақырып тұрғанда қарсылық танытуға батылым жетпеді.

Жеңгеміз молынан ет асып қойыпты. Буын бұрқыратып, бір табақты ортаға қойды. Жақаң құтты бір жақын туысы келгендей бәйек болып, бар жақсы жіліктерді маған ысыра бастады. «Жас болсаң да, қонақсың ғой» деп сорпадан құйды. Бастық екенін ұмытып кеткен сияқты. Оның қонақжайлылығы тым керемет. Ағамыздың қарапайымдығына да қайран қалып отырдым.

Иә, осылайша ақжарқын ағамыздың ақ дас­тарқанынан талай мәрте дәм таттық. Ол кісі де ауылға келсе біздің үйге бас сұқпай кетпейтін. Ағалық, інілік қарым-қатынасымыз бір үзілген емес.

Жаны жайсаң Жақаң қарамағындағы жігіт­терді ешуақытта ренжітпеуге тырысатын. Алда-жалда әлдекімге қатты сөйлесе, сол кісінің өкпелегенін аңғарса, бейнебір өзін кінәлі сезініп, оның көңілінен қайта шығуға тырысып, бәйек болатын. Тентектеу жігіттердің де тілін тез табатын. Әрқайсысының отбасындағы жағдайын бес саусағындай білетін. Қажетті же­рінде материалдық, моральдық көмек беруден, қамқорлық жасаудан әсте шаршамайтын. Ол кісінің қолдау, қамқорлығын талай рет көрдік.

Сонау бір 2008 жылы журналистік іссапар­мен жүріп, тікұшақ апатына ұшырағанда жанын шүберекке түйіп, қасымнан шықпады. Ауруханаға да қайта-қайта келіп, үйде жатқанда да әлсін-әлсін соғып тұрды. Бейнебір осы апатқа өзі кінәлі кісідей «Қап, сені бекер ғана жіберген екенмін. Тікұшағы құрғырдың аяқастынан ұшып, апатқа ұшырайтынын қайдан білейін» деп қайта-қайта өкініп отыратын. Артынан мейірімге толы жанары нұр төге қарап, «әлі-ақ тұрып, жүріп кетесің. «Жалғыздың жары – Құдай» деген. Жаратқанның көзі түзу болсын» дейтін. Жақаң сияқты абзал, жаны ізгі адамдардың тілегі қабыл болды ма, тұрып, жүруге де жарап қалдым.

Ағалық ақыл-кеңестерін  әрдайым айтып отыратын. Журналистік шеберлікті жетілдіру, күнделікті өмірде кездесетін құбылыстар мен оқиғаларға айрықша мән беру, адамдар мойнындағы асыл да абзал қасиеттерді зерделей білу секілді мәселелерді назардан тыс қалдырмау керектігін ескертуші еді. Былайғы жұрт байқамайтын жайттар мен жағдаяттарды, ұлттық болмысымызға жат қылықтарды ажырата білу, халық мүддесі үшін аянбай қалам сілтеу қажеттілігін еске салатын. Келешекте шығармашылықты шыңдап, кітап жазуға керектіні осы бастан жинақтау маңыздылығына тоқталатын.

Иә, айта берсек жаны жайсаң Жақсылық ағамыздың тәлім-тәрбиесі, тәжірибесі, ғибрат аларлық істері мол еді. Үлкен жүректі журналист, жазушы, қамқоршы, ақылшы, елін сүйген ағаның орны әрдайым ойсарып тұрары анық. Атына сай ағамыздың туған жер мен ел үшін еңбек еткенін Сыр бойы, тіпті республика халқы жақсы біледі. Сондықтан оның есімі ел жадында мәңгі сақталары даусыз.

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,

ардагер-журналист