Көңілді сапар

181

0

Осыдан тура бір ғасыр бұрынғы Қызылорданың Қазақ АКСР астанасы атанғаны, сол кездегі ескі Ақмешіттің бет-бейнесі, жаңа астананы орнықтыруда атқарылған жұмыстар жайлы ізденгенде, тарихи құжаттармен қатар қазақ әдебиетінің туындыларына жүгінеміз. Сондай шығарманың бірі – Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романының «Есею жылдары» атты үшінші кітабы. Ондағы «Көңілді сапар» атты тарауда 1925 жылғы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Қазақстан кеңестерінің V съезі қарсаңындағы қарбалас, сол уақыттағы қаланың жай-күйі суреттелген.

Бүгін осы тарауды ықшамдап, оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Біріккен Қазақ республикасының советтік бесінші съезі Ақмешітте өте­тіндігі жоғарыда айтылды. Бұл сапарға даярлық апрельдің ал­ғашқы күндерінен басталды. Сапарға атсалысу үшін «Ең­бек­ші қазақ» газеті де даярлыққа кі­рісті.

Съезд апрельдің екінші жартысында өт­пек. Одан бір ай бұрын Ақмешіт қаласына «Еңбекші қазақ» газетінің өкілі боп Бейімбет Майлин жүріп кетті.

…Бұрынғы Қазақстанның Ақмешіттегі бесінші съезге баратын делегаттары әуелі Орынборға жиналып, содан арнаулы пойызбен аттанады. Басқа жақпен баратын пойыз ол кездегі Қазақстан өлкесінде жоқ.

Делегаттар мінетін эшелон бірнеше күн бойына әзірленді. Газеттің тілшісі бол­ған­­дықтан, осы әзірліктің бәрін мен кө­зім­­нен өткердім. Он екі вагондық бұл сос­тав­та «салон-вагон» аталатыны екеу-ақ, бі­реуі – республикалық басқарушы партия қыз­мет­­керлері үшін, екіншісі – респуб­ликалық үкімет басшылары үшін, одан басқалары ку­пелі вагондар көрінеді.

Бұл составтың барлық вагондары­ның да сырты ұрандар жазылған қы­зыл маталармен әшекейленді. Әрбір ва­гонның есігінің алдына қызыл жалау­лар ілінді. Вагондар сәнденіп бітіп, Іш­кі істер комиссариатында деле­гат­тарға орын бөлінген шақта мен состав­тың орта тұсындағы бір вагонға отыратын болдым. Жүрер алдында байқасам, мен мінетін вагонга төрт қызық адам отырып жатыр: қа­зақтың атақты ән­шісі – Әміре Қашаубаев, атақты ақын-импровизатор – Иса Байзақов, дү­­ние­жүзінің чемпионы атағын алған цирк балуаны – Қажымұқан Мұңайт­пас­ов, қазақтың мыңдаған әндері мен күйлерін жазып ап, әлденеше том ғып жариялаған композитор – Александр Затаевич. Бұлардың бәрімен де мен жақын таныспын. Вагонға кірсек: Әміре, Иса, Қажымұқан және бір деле­гатқа бір купе, Затаевич пен маған және екі делегатқа бір купе қатар келген екен.

…Бұл жолдың өн бойындағы табиғат кө­рінісін мен үшке бөлер едім: бірін­шісі – Орын­бор мен Ақтөбе арасы, бұл екі арада «Орын­бор даласы» аталатын бұйратты кең дала жатады, үсті ұйыққан қалың бетегелі бұл далада аздап орман да кездеседі; екіншісі – Ақтөбе мен Арал станциясының арасы, Мұғалжар тауынан, кейбір бұйратты құм­дардан басқа белесі жоқ жап-жалпақ, теп-тегіс бұл тұстың негізгі өсімдігі – жусан ғана; үшіншісі – Арал мен Ақмешіт арасы, бұл тұстың теміржолы оң жақта ағатын Сырдария өзенімен жарысып отырады, ара-тұра қалың қамыстың ішін жарып өтеді, сол жақта керілген кең тақыр дала жатады, оның ұшы-қиырына көз жетпейді. Қазіргі шапшаң пойыз екі күнде жететін бұл екі араға 1925 жылдың почталық шабан пойызы үш жарым тәулікте әрең жетті.

Жол соншалық ұзақ болғанымен, сапарымыз көңілді өтті. Оған бір себеп: пойыз тоқтайтын әрбір станцияда делегаттар эше­лонын қарсы алу үшін аттылы, түйелі, есекті, жаяу-жалпылы дегендей, қалың халық күтіп тұрады. Олар кейде, тіпті қалыңдап, пойызға әрең жол береді. Тоқтаған жерлерде митингілер өткізіліп, сөздер сөйленеді, құттықтаулар айтылады. Күткен жұрт саба-саба қымыз, әрқайсысына қойдың басын салған табақ-табақ ет сияқты қонақасы әке­леді. Мен әрбір станцияда біздің эшелонды халықтың қалай қарсы алуы туралы Орын­бордағы «Еңбекші қазақ» газетіне хабарлар жазып қоям. Жалғыз жүрсең жаның сая таппастай, ішін кезсең ішің пысып өлердей «көкектен басқа құсы жоқ, көкпектен басқа шөбі жоқ» (Асанқайғы), түйеге мініп алыс сапарға асықпай ирелеңдеп жол тартқан бірлі-жарымды адамнан басқа тұрғыны жоқ, шетсіз-шексіз бұл мидай далада біздің эшелон өте көңілді келе жатыр.

…Әміре сияқты әншіге, Иса сияқты ақын­ға, Қажымұқан сияқты балуанға серік болғандықтан, Орынбор мен Ақ­мешіттің арасындағы көзді талды­ратын шетсіз-шексіз шөл даладан, бұйра құм­дардан қалай өтіп, Ақмешітке қалай таянғанымызды аңғармай да қалыппыз. Біз келе жатқан состав әлдене разъезге тоқтай қалу себебін проводниктен сұрасақ (бұған дейін разъездерге тоқтамай келе жатқамыз):

– Бұйрық солай, – дейді ол.

–  Не үшін берілген, ондай бұйрық?

– Білмеймін. Менің білетінім, Ақме­шітке дейін бұдан басқа разъезд де, станция да жоқ.

– Қанша жер, сонда Ақмешіт?

– Он километр.

– Сен барып білсейші, неге тоқ­тағанын, – деді Қажымұқан.

Ол айтпай-ақ білгім келіп тұрған адам, вагоннан түсіп қарасам, состав­тың орта тұсындағы «үкімет вагоны» ата­латын екі вагоннан да адам жерге көбірек түсіп жатыр екен, өзге вагондардан там-тұмдап қана.

Бергі «үкімет вагонында» обком­ның бі­рінші секретары – Нанейшвили мен ұйым­дастыру бөлімінің меңге­ру­шісі – Сұлтанбек Қожанов келе жат­қан. Сұлтан­бекпен Орынборда, бірге жат­қан мейманханада танысып, бірне­ше жолығасқаным бар.

…Содан кейін Сұлтанбек Қожановпен кездесуім – Орынбордан Ақмешітке жөнеп бара жатқан пойыздың үстін­де. Оған да себеп – Сұлтанбек Қожанов­тың өзі болды. Ол мейлінше көпшіл адам болатын. Естуімізше, «үлкен қызмет­кер­мін» демей, бұрын да базарларға, мек­тептерге, студенттердің жатақ үйле­ріне… дегендей, көпшілік жүретін жерлерге жиі араласады дейтін. Ол сөздің анығын Орынборда көрдік. «Қожанов онда барыпты, мұнда барыпты, олай депті, бұлай депті…» деген хабар күн сайын естіліп жатты. Бір күні біздің рабфактың жатақханасына келіп (мен жоқ едім), бөлмелерді аралап, студенттермен кеңесіп, қалжыңдасып, асханаға барып тамақ ішіп кетіпті. Бұнысын біреулер «көпшілдігі» десе, енді біреулер «көсем болуға даярланып жүруі, көптің ықыласын өзіне тартуы» деседі.

Сұлтанбек осы көпшілдігін бір күні пойыз ішінде де көрсетіп, состав жүйтки айдап келе жатқан шақта біздің вагонға да кіріп келді. Оның келгенін қаттырақ сөйлегендегі акцентінен аңғардық.

– Әлгі қазақтың атақты балуаны, атақты әншісі, атақты ақыны қай купелерде? – деп айғайлай кірді. Коридорға жүгіре шықсам, бері беттеп келеді екен.

– Ә-ә, Тәбит, (Ол «с» әрпін арабтың «ци» аталатын әрпіне жақындатып, тілінің ұшын тістей айтатын. «Ци» қазақ алфавитінде жоқ­тықтан, оған жақындау «т»-ны қолдандым) сен де осында ма едің? – деді ол  қолын ұсынып. – Қажымұқан қай купеде?

– Анада, – дедім мен қолыммен нұсқап.

– Иса мен Әміре ше?

– Бұнда!..

– Бәріңді қонаққа шақыра келдім, – деді ол, Қажымұқанның купесіне жиналған Иса, Әміре, Қажымұқанның әрқайсысын саусағымен нұсқап, – Тәбит, сені де!.. Кәне, қазір жүріңдер!

Өзгеміз барайық дегенмен, Қажы­мұқан: «Алла сақтасын!.. Пойыз айдап келе жатқанда вагон арасынан қа­лай өтем?.. Және бір емес, бірнеше вагон арасынан?.. Құлап өлер жайым жоқ» деп көнбеді. Ақыры, бір станцияға тоқ­­та­ғанда ғана Қожановтың салон-ва­го­нына барып, бірнеше сағат әдемі мә­жіліс жасап қайттық. Сонда көрсем, Сұл­танбек шынында да адам­шылық қа­сиеттері мол, ойыншы, күлкіші, әзіл­қой, кеңесқор, әдебиет пен көркем­өнер­ді сүйетін кісі екен.

Содан кейін жолғасуым, пойыз Ақмешітке таяу разъезге тоқтаған шақ­та. Неге тоқта­уын білгім кеп, жұрт жи­налған «үкімет ва­гондарының» қасына барсам, қызық оқиға болғалы жатыр екен: қайдан және қашаннан келе жатқан салт екенін білмеймін (меніңше, ондай салт бұрын да, кейін де болған емес), паровоз алдына рельстен жүретін аласа темір вагонетка тіркеліпті де, КирЦИК пред­седателі Сейтқали Меңдешев пен секретары Аралбаев соған мініп, состав Ақмешітке дейін ақырын ғана жылжып баратын бопты. Оларды вагонеткаға Қожанов және Республика наркомдары апарып мінгізді. Сонда мені көрген Сұлтанбек:

– Тәбит, сен де мін! – деді маған.

– Неге, Сұлтеке?

– Сен газетші емеспісің? Ақын емеспісің және де? Мін, қызық болады.

Онысы рас екен. Пойыз ақырын жылжи бастады. Оның жүрісіне жаяу кісі де ілесетін. Жолдың екі жағынан да ойдым-ойдым қамысты саздар кездесіп отырады екен, әйтпесе жол бойы анталаған қалың адам составты бөгеп, жүргізбей де қоятын. Жылжыған составқа жаяуы да, көліктісі де (аттылы, түйелі, өгізді, есекті…) ілесе алатын болған соң сазсыз жерге лап қойып алдымызды қоршап алады да, паровоз үздіксіз және қатты бақырған соң, әрең сырғып жол береді. Олар составты жай қоршамай, у-шу, азан-қазан дауыспен қоршап, құлақты тұндырып жібереді. Оған паровоздың үздіксіз өкінуі қосылғанда естен танғандай боласың.

Қазақта «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген мақал бар. Сол айтқандай, мен лезде шуға да үйрендім. Маған шуласа қарсы алған халық та қызық. Бірақ олар, сюжетсіз нашар кинокартинада көз алдыңнан тез өтіп, көңілде сақтап үлгермейтін объек­тілер сияқты мидан берік орын ала алмайды.

…Қалың жұрттың арасын осылайша қақ жарған пойыз Ақмешіт станциясына келіп тоқтады. Ол арада да ошарылған халықта қисап жоқ екен. Орынбордағы милиция мек­тебінің курсанттары бар, республикалық және жергілікті милиция қызметкерлері бар – бәрі жиналып, үкімет адамдарының вокзалдан әрі өтуіне жолды әрең ашты. Ар жақ бақшалы кең алаң екен. Осы алаңға биік жасаған мінбердің үстінде митинг өткізілді. Оны ашушы – Сырдария облыстық партия комитетінің секретары, бізге белгілі Әбіл­хайыр Досов.

Ақмешіт вокзалының ішкі алаңында Әбілхайыр Досов басқарған митингте көп адам сөйледі. Олардың басым көпшілігінің кім екені есімде жоқ. Есімде ең берік қалған шешеннің біреуі: арық, ұзын денелі, мұрны қоңқиған, көздері кішірек, қоңыр өңді бала жігіт. Ол пионерлер атынан сөйледі. Кейін білсем, белгілі ақындарымыздың бірі Әбділда Тәжібаев екен.

Ол кездегі Ақмешіт – екі этажды үйі бірен-саран ғана, өзге үйлерінің басым көпшілігі бір этаждан, олардың басым көпшілігі шикі кірпіштен қаланған, күйдірген кірпіштен салынған аумақты үйлері азғантай, көшелері тар және қисық. Сол көшелерінің екі шетіне де тізілген ағаштар (әсіресе ақ теректер) қалың боп өскен, көшелерді жиек­теп арық аққан. «Маркс» пен «Энгельс» аталатын екі көшесіне ғана тас төселген, өзге көшелерінің бәрі бұрқы­раған шаң. Үйлерінің төбелері тайпақ, әр үйдің қорасында жеміс бақшасы бар. Сырдарияның теріскей жақ қабағына орнаған Азияның шағын ғана провинциялы қаласы екен.

Съезге келген делегаттарға арнал­ған айналасы биік кірпіш қорғанмен қоршалған, оның ішіндегі бірталай үй күйдірген кірпіштен салынып, шатырлары қаңылтырмен жабылған жайлар екен. Бұл үйлер жуық араға дейін жындыхана болған. Қазақстан үкіметі орна­ғанда мекемелері жайғасуға осыған қолайлы үй қалада болмағандықтан, жындыхана Ақ­мешіттен қырық шақы­рым жердегі «Аламесек» аталатын бір орынға көшірілген. Делегаттар осы үй­лерге сыйғанынша орналасты да, қал­ған­дары жаз бос тұрған мектеп сияқты мекендерге жайғасты.

(Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<