Жылнаманың бүгінгі мінберінен – қоғам қайраткері, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазалы ауданының және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов сөз алады.
- Ең жас совхоз директоры болдым
- Малшыларды күрішші қылдық
1969 жылдың ақпан айында аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болып жүрген маған Қазалы аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Әбжәми Байшуақов «Энгельс» совхозына директорлыққа ұсынылып отырғанымды, мұны бюро мүшелерінің қолдағанын айтты. Осыған байланысты облыстық партия комитетінің бюросына келдім, сонда обкомның 1-хатшысы Хасан Бектұрғанов:
– Ой, сен өзің жіп-жіңішке бала екенсің ғой, – деді көңілді сөйлеп, – Ертең Алматыға барғаныңда қомақтырақ көрінетін бол, – деп риясыз күлді.
Сонымен, обкомның Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне берген ұсыныстарымен Алматыға аттандым.
Мені министрліктің коллегия мүшелері қабылдап, сұрақтарын қойды. Барлығы да бірауыздан кандидатурамды қолдады. Коллегия мүшелерінің шешіміне сай министр М.Моторико Орталық Комитетке мені бекітуді сұрап ұсыныс жазды. Орталық комитеттің ауыл шаруашылығы бөліміне бардым. Олар да менімен сөйлесіп, ұсынысты қолдап, Орталық Комитеттің ауылшаруашылық жөніндегі хатшысы Мельникке апарды. Есіктен кірген бойда ол:
– Саған директорлықтың керегі не? – деді.
– Партия жіберген соң келдім, – дедім мен.
Қағаздарымды біраз ақтарыстырып, еңбек жолыма көз жүгіртті де:
– Республикадағы ең жас директор есебінде ерекше бақылауда боласың! – деп келісімін білдірді.
Осындай басшы органдардың елегінен қатар өткен Сейілбек Шаухаманов Тереңөзек ауданының ХХІ Партсъезд атындағы совхозына, Отызбай Исабаев сол ауданның ХVІІІ Партсъезд атындағы совхозына директор болып тағайындалды.
Сөйтіп, 1969 жылдың 21 ақпанында мен Қазалы ауданы «Энгельс» совхозының директоры болып бекідім.
Сөз жоқ, совхоз басқару, әсіресе жас маманға асуы қиын белеспен бетпе-бет келу еді. Мельник айтқандай, мен сонда республикадағы ең жас совхоз директоры болдым.
Шаруашылықтарды мамандандыру бойынша қой совхозы болып құрылған «Энгельсті» енді күріш совхозына бейімдеу жөніндегі жоғарғы жақтың шешімі шықты. Сондықтан біздің совхоздағы 2 қой фермасы мен 1 жылқы фермасы «Қызылқұм» совхозына өткізілді. Басқа совхоздардан мал алынып, ірі қара фермасы ұйымдасты. Совхоздың жері біртегіс емес, күріштікке қолайлы жер аумағы аз. Каналдар жоқ, гидротехникалық құрылыстар салынбаған. Ол кезде біздің ауданда жерді инженерлік жүйеге келтіру қолға алынбаған еді. Соған қарамастан совхоздағы күріш көлемін 1971-1975 жылдардағы тоғызыншы бесжылдық соңына дейін 3 мың гектарға жеткізу жоспарланды. Кеңестік партия билігі кәсіпорындар мен шаруашылықтарға еңбек ұжымының ішкі жағдайларын есепке алмастан, осындай орындалуы қиын жоспарлы тапсырмалар жүктеді. Алғашқы жылы 500 гектар жерге күріш егілді. Күріш пісіп, жинауға келген кезде суды алатын қашыртқы жүйесі жоқ, оның үстіне егіншілер тәжірибесінің жетімсіздігі бар, егістің жартысынан көбісі суда қалды. Ауыл адамдары күзде жас демей, қарт демей барлығы қатысып, күрішті су кешіп жүріп қолдап орды. Су ортасындағы орылып дестеленген күрішті құрғақтағы комбайнға тасыған жұмыс мұз қатқанша жалғасты.
«Энгельстің» бұрын мал шаруашылығымен айналысқан ауыл адамдарына бірден күрішке бейімделу қиынға соқты. Звено жетекшілерін, яғни, кәнігі күріш диқандарын дайындау қажеттігі туды. Совхоздың күріш егісінде 4-5 бригада бар, бір бригадада 13-15 звено болады, әр звено 15-20 гектар күріш егеді, сонда қанша звеноводтың керек екенін шамаларсыз.
Осы мәселеге байланысты аудан басшыларының жәрдемімен біз Шиеліден Шырынкүл Қазанбаеваны, Жалағаштан Несіпбай Әпірезовті, Тереңөзектен Қазына Жүсіпованы арнайы шақырып, ауыл клубында кездесу өткіздік. Бұл үш кісі де Социалистік Еңбек Ері атанған атақты диқандар еді. Осы даңғайыр диқандардың сөзі күріш егудің қыр-сыры, еңбектің атақ-абыройға кенелтетіні туралы болды. Үш кісінің омырауындағы жарқыраған «Алтын жұлдыз» олардың сөздерінің ақиқаттығын айғақтап тұрғандай еді.
Сол кездесу айтарлықтай нәтиже берді. Ауыл тұрғындары звеновод болуға жаппай бетбұрыс жасады, тіпті мектеп мұғалімдері де күріш егуге ниет білдірді. Жыл қорытындысымен жоғары өнім алған звенолар, жоғары көрсеткішке жеткен механизаторлар қосымша ақыға қомақты ақша ала бастады.
- «Достық төбесіндегі» кездесу
- Спитак сұмдығы
1976 жылы «Қызылқұм» совхозы мен Қарақалпақ шекарасында совхоздың озат шопанының қой ұрықтандыру пунктінде тәжірибе алмасу семинары өтті. Ол кезде аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Қозытай Әбуов, мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысымын. Оған Қарақалпақ АССР-інен екі самолетпен Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, ауыл шаруашылығы министрі, басқа да сала басшылары келді. Біз жақтан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов бастаған облыс аудандарының басшы-мамандары үш самолетпен келіп қонды.
Мамандар қойды қолдан ұрықтандырудың тиімді жолдарын көрсетіп, пікір алмасты. Біздің жақ тігілген қараша үйлерде қарақалпақ ағайындарға қонақжайлылық көрсетіп, еркін отырыс болды. Риза болған қарақалпақ басшысының Қозытайға қарап «Қозың қошқар болсын, тайың тұлпар болсын» деп бата бергені әлі есімде. Сондағы екі жақ кездесіп, кеңес құрған жер «Достық төбесі» деп аталып кетті.
Ауылшаруашылық басқармасының бастығы есебінде әр сала бойынша шаруашылықтың бас мамандарымен жүйелі түрде жиын өткізіп, пленумдарында, аудандық атқару комитетінің сессияларында баяндама жасайтынмын. Баяндамаларды жұмысқа мұқият талдау жасап, өзім жазып дайындаймын, ешқашан біреуге жазғызған емеспін. «Ай, Жарылқасын, ғылым жолында жүретін жігітсің ғой», – деп Теңел аға мені көтермелеп қоятын. Теңел Жұмабаев кітапты көп оқитын, көп жинайтын еді. Сирек кездесетін бірнеше кітапты маған да берген. Кейін өзім де кітап жинайтын болдым. Қазір үйде кітапханам бар.
1988 жылы наурыз айында мен облыстық Агроөнеркәсіп комитеті бастығының орынбасары болып жаңа қызметке кірістім.
1988 жылдың 7 желтоқсанында Арменияның Спитак қаласында жер сілкініп, бүкіл әлемнің назарына іліккен сұмдық оқиға болды. Сол зілзаланы газеттер «Хиросимаға тасталған атом бомбасынан он есе күшті зардап әкелді» деп жазды, 25 мыңнан астам адам ажал құшты. Сол кезде Арменияда әскери борышын өтеп жүрген менің қызметтік көлігімнің жүргізушісі Айтбайдың інісі осы оқиғаның құрбаны болды.
Зардап шеккендерге бүкіл одақ бойынша жәрдем берілді. Біздің облыс Алматыдан бері қарай шыққан көмек көрсету эшелонына 117 қараша үй, 54 жатын қапшық, басқа да керек-жарақ тиелген бірнеше вагон тіркеді. Агроөнеркәсіп комитеті тарапынан қасына он адамды қосып, Құрманбай Бәйменовті Арменияға аттандырдық.
- Қанша жұмыс жоба күйінде қалды
- Халықты батыр рухы біріктірді
1991 жылы 10 мамыр күні облыс басшысы С.Шаухаманов мені өзі бірге барып Қазалы аудандық партия комитетінің 1-хатшылығына отырғызды.
Ауданның тыныс-тіршілігі, шаруашылықтары мен мекемелері, олардың басшылары – маған жете таныс, етене араласып өскен, қызмет жасаған ортам. Ауданда шешілмеген мәселе көп. Соларды жинақтап, бұрыннан таныстығым, қатынасым болмаса да, көп кідірмей Қазақ ССР Премьер-министрі, жерлесіміз Ұзақбай Қарамановқа тікелей ауданның атынан хат жазып, оның қабылдауына бардым. Мені жылы қабылдаған Ұзекеңе аудандағы жағдайды айтып, көмектесуін өтіндім.
Көп уақыт өтпей-ақ сондағы қамтылған мәселелерге қатысты ауданға әртүрлі министрліктерден мамандар келіп, жұмыс басталды. Ол кезде етті, сүтті өзіміз өндіріп, «маслозаводқа» тапсырғанымызбен өзіміз пайдалана алмаймыз, арнайы жан басына есептелген лимит беріледі. Осыны көбейтуді сұрағанбыз. Ол бірден біз сұраған мөлшерге көбейтілді.
Қарақалпақ АССР-імен қатынас орнату мақсатында Қазалыдан Тақтакөпірге дейінгі ұзындығы 400 шақырымдай асфальт жол салу да сұралған. Бұл жөнінде де адамдар келіп, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге Қарағандыдағы металл өңдеп, бұйым шығаратын зауыттың филиалын ашу үшін министрліктің орынбасары өз адамдарымен келіп, аяқ киім фабрикасы филиалының ғимаратын таңдады. Байланыс үйі салынатын болып, Байланыс министрлігінің адамдары жер көріп кетті. Ақтөбеден газ тарту бойынша зерттеу жұмыстарының басталғаны туралы министрліктен хабар жетті.
Ұ.Қарамановтың алдына қойылған осындай ауқымды жұмыстар тез арада шешімін тауып, қолға алынды. Өкінішке орай, Кеңес одағы тарап, атқарылуға тиісті жұмыс тоқтап, шешім қағаз күйінде қалды.
Осындай қиын-қыстауда халықтың ауызбірлігі алға шықты. Жеме-жемде жұрт бір кісінің баласындай бола алатынын көрсетті. Материалдық құлдырауға қарамастан халықтың рухани қуаты артты. Себебі қазақ елі ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне жетті. Бұл халық үшін материалдық қажеттіліктен әлдеқайда жоғары құндылық болатын. Күллі өмірін ел тәуелсіздігі жолындағы күреспен өткізген асылдарымыздың атын атап, олардың рухын ардақтай алмай іштен тынып келе жатқан халық осы кезеңде жасындай жарқ етті. Сондай асылдың бірі қазақ халқының айбынды батыры, азаткер Жанқожа Нұрмұхаммедұлы еді.
Халық батырына ескерткіш кесене тұрғызу жұмысы қолға алынды. Аралдықтар аудан басшысы Биғали Каюповтің басшылығымен бұл бастамаға белсене атсалысты. Мен халықтың бұрын-соңды дәл осылайша араласып, бір істің басында бірігіп кеткенін көрген емес едім.
Бабаның жамбасы тиген жерден кесенеге топырақ әкеліп салу үшін Арал мен Қазалы ауданының ақсақалдарынан делегация жасақталды. Бұл кезде кесене бой көтеріп бітіп қалған болатын.
Кесене салу қолға алынардан бұрын мен Алматыдағы демалыс орнында болып, Жамбыл облысы Байқадам ауданындағы бір совхоздың директоры Ақатаев деген кісімен таныстым. Ол кісімен әңгімелескенде менің әңгімем ылғи Жанқожа кесенесінің жайына қарай ойыса беретін. Сондай әңгіме арасында мрамор табу керектігі туралы айттым. «Машина жібер, баба аруағы үшін керегіңді тегін беремін» деді ол. Азамат сөзінде тұрды, бір машинаның белін қайыстырған мрамор тасы келіп түсті. Оған қоса бір пеш соғуға табылмайтын отқа шыдамды «огнеупорный» кірпіш те осы кесенені толық қаптауға жететін көлемде табылды. Сол кезде Аралдағы әскери бөлімше таратылып жатыр еді. Аралдықтар әскерилердің тікұшақ қонатын алаңындағы плиталардың бәрін бұзып, кесене алдына төсеуге жіберді. Ал, кесене қоршауы үстіне төселген плиткалар сәті түсіп Ташкенттен алдырылды. Осылайша, қажет заттың бәрі кезек-кезегімен тегін және тез табыла берді. Ел-жұрт бабаға ескерткіш қою ісі басталғанда қолындағы барын ортаға салды. Кейбір кісілер ортақ қорға 3 сом ақшасын әкеліп қосты. Бұл ақшаға не келеді дейсің, бірақ ол өртке қанатымен су сепкен қарлығаштың қарекетіндей ниеті еді.
1992 жылы қазан айында екі айға созылған қауырт іс аяқталып, кесененің ашылу салтанаты өтті.
- Қала жағдайы
қиын екен - Шайхислам
ағаның батасы
1994 жылдың сәуір айында мен қала әкімі болдым.
Бұрын қалаға бір-екі күнге жиналыстарға келгенде тынымсыз қозғалыстағы жанға жайлы өмірді көргендей болатын едім. Өндіріс орындары, мәдени ошақтар, биік ғимараттар, шамының сәулесі табанына шағылысқан көшелер көңілге қонымды-ақ сезілетін. Бірақ, қала мен ойлағандай емес екен. Шынын айтқанда, ол маған иістенген өжірелердегі судың үстінде тұрған ғимараттар сияқты көрінді.
Канализация проблемасы күн сайын алдымыздан шыға берді. Қаладағы әрбір 20-30 көпқабатты үйге бір КНС, яғни, канализацияның насос стансасы орнатылған. Проблеманың көбі осы насос стансасынан басталады. Ескі насостар сағатша сыртылдап жұмыс істей алмайды, олар бұзылып қалған жағдайда қосалқы бөлшегін табу тағы бір мәселе. Кейде электр жарығы өшіп қалады, бұл кезде де насос тоқтайды. Насос істемегесін көпқабатты үйден шыққан су өжірені толтырады. Қалада осындай проблема тудыратын 30 шақты канализация насосының стансасы бар. Қала әкімі болғаныма көп уақыт өтпей-ақ мен осы жағдайларды көріп-білдім.
Бірде «Восточный» шағын ауданының бірінші қабатындағы бір отбасының пәтеріне бас сұқтық. Есігін ашсақ, дәке тұтып қойыпты, ақ маса тұтасып тұр…
Бұрынғыдай мемлекет жәрдемімен жұмыс істейтін тұтынушылар одағының, темір жол жұмысшыларын жабдықтайтын бөлімдердің дүкендері жұмысын тоқтатты. Базарлар ашып, халық қажетін өтеуге кәсіпкерлерді тартумен бірге аудандардың кезек-кезек жәрмеңке өткізуі де жүйелі түрде жүргізілді. Тұрмысы өте нашар отбасылардың тізімі жасалып, «қайырымдылық» қорына түскен қаржыға азық-түлік алынып, таратылып тұрды. Тұрмысы төмен отбасылардың біразы кәсіпорындар мен мекемелердің қамқорлығына берілді. Онсыз да жұмыстары тоқтай бастаған мемлекеттік құрылымдарға бұл оңай тиген жоқ, дегенмен жәрдемі болды.
Қала көшелерін тәртіпке келтіруге күш салынды. Көшедегі бейберекет орналасқан дүңгершіктер мен гараждарды алдыру, оларды реттеп қойдыру да біршама қиындық келтірді. Қалада ретсіз қоқыс тасталатын 11 орын бар екен. Бүгінде жаяу серуендеп, автокөлік зымырап жатқан дария жағалауы тонна-тонна күл-қоқыс тасталған жер еді. Қаладағы көп үйлердің көше бетіндегі қоршаулары мен дарбазалары көріксіз, қисайған, боялмаған күйде болатын. Бұл жағдайларға қазіргі кезде оны көрмегендердің бірі сенсе, бірі сенбес.
Осы кездерде облысқа Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келді. Президент қаланың орталық алаңында жиналған халықтың ортасына жақындай бергенде топ ішінен кимелеп Шайхислам ағамыз алға шықты, айтпақ даты бар секілді. Жетіспеушілік, жоқшылық уақыт емес пе, айтам деген адамға арызданатын жайт жеткілікті. Қысылтаяң шақта Сейілбек Шаухамановтың жол тауып кететіні бар. «Шәке, батаңызды беріңіз, батаңызды!» деп сол кезде Сәкең қолын алдына соза қойды. Айтайын деп келе жатқанын ұмытып қалған Шәкең де қолын жайып, бата бере жөнелді. Өзі де сөзге шешен кісі еді ғой, Президент те, ел-жұрт та риза болып, бет сипады.
Сөз сөресі немесе
үй ішіндегі музей
Жарылқасын ағаның әңгімесі қызық, ғибратты. Жарты ғасырлық оқиғаларды жаңа ғана өткендей қылып айтады. Оның бәрі бір мақалаға сиятын сюжет емес. Ол кісінің әңгімесінен облыс шаруашылығының отыз жылдық тарихы мен қиын кезеңдегі қала тұрмысының небір хикаяларына қанығасың.
Әсерлі әңгімесі өз алдына, ал, жинағандарын көрсеңіз, тұтас бір руханият жиһазы дерсіз.
Жақында облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Жадыра Кәрімованың бастауымен бір топ журналист Жарылқасын ағаның үйіне бардық. Ұсынақты қолдан шыққан сөрелерге ұқыпты жиналған кітаптар қызықтырмай қоймайды. Ағаның жеке кітапханасында шет ел әдебиеттерінен бастап қазақ жазушылары түгел иін тіресіп тұр. Олардан бөлек медициналық және діни кітаптар да еріксіз назар аудартады. Осынша кітапты жазушы не ғалым емес, ат үстінде жүрген басшы адамның қалай жинағанына қайран боласың. Кеңес дәуірі кезіндегі өзі жазылған одақтық журналдар мен газеттер тігіндісі бір әлем. Ең қызығы, сол кезде жазылымшыға таралымы 140 мыңнан асатын журналға қоса бір кітап келіп тұрады екен. Мұндайды біз көрген жоқпыз ғой.
Ж.Шәріповтің өзіне берілген мемлекеттік марапаттар мен мерекелік төсбелгілер де көз жауын алады. Тағы бір қабырға сөресіне фотосуреттер альбомдары қатталыпты. Бәрімізде де альбом бар, бірақ, екі-үштен аспайды. Ағай жинаған қырықтан аса альбомнан Сыр елінің қаншама тұлғалары мен тарихқа айналып бара жатқан жиындар мен шараларды тамашалауға болады.
Тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі асқа, тойға шақыру билеттерін түгел жинаған кім бар? Сондай шақырулар бұл кісіде 12 том болып сақтаулы тұр! Қай күні қандай ескерткіш ашылды, қай күні қайсы жаңа мектептің тұсаукесері болды, қай күні кімнің баласы үйленді, білгіңіз келсе – мархабат.
Ағайдың – ата, әке, бала, немере жүйесіне жасалған әулет шежіресінің картасы да тамаша һәм тәлімді.
«Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, осылардың бәрін көргенде Жарылқасын ағаға ұқсағың келеді, бірақ, ертеңді ойлайтын зейініңнің ертерек қалыптаспағанын сезесің…
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<