Көшпенді тұрмыстың төл туындысы

574

0

Ерте кезеңнен көшпелі тіршілікте өмір сүрген қазақ халқына киіз үй өте қолайлы баспана еді. Ескінің шежіресін жадына тоқыған ғалымдар оның екі мың жылдан астам тарихы бар екенін айтады. Киіз үй бір жерден екіншісіне көшкенде тігу мен жығуға өте ыңғайлы. Қысқасы, ұлан-ғайыр даланың арғы-бергі қиырына қоныс аударып үйренген қазақ халқы үшін одан асқан баспана жоқ еді.

Ашығын айтсақ, қазір қазақ елінде оны жасайтын адамдар, яғни үйшілер кемде-кем. Рас, кезінде алтынқолды шеберлер аз болған жоқ. Тіпті кешегі ұлттық ұстынымыз ұмытыла бастаған кеңестік кезеңде де Қазақстанда киіз үй жасайтын арнайы кәсіпорындар жұмыс істеді. Қазір ше? Олардың барлығы да көзден ғайып болды.

Тоқсаныншы жылдарға дейін Сыр өңірінің Жаңақорған ауданында үйшілікке көңіл бөлінді. Аудандағы Қалғансыр елді мекенінде киіз үй жасалған еді. Қазір сол адамдардың барлығы жұмыссыз. Болмаса күнделікті күйбеңмен тіршіліктің басқа түрлерін кәсіп етіп жатыр. Ал біз болсақ, киіз үйді сырттан сатып алуға мәжбүрміз. Әрине, «кісідегінің кілті аспанда» болатыны тағы да белгілі. Қарақалпақ жерінде жасалатын киіз үйлердің ең арзаны 3 мың АҚШ долларынан кем емес.

Биыл Түркия жерінде болған зілзала кезінде ел тұрғындары алыстағы ағайынға көмек ретінде киіз үй жіберу жөнінде ойласқан еді. Сол кезде оны жасайтын кәсіпорындар елімізде жоқтың қасы екені белгілі болды. Бұл жөнінде Берік Саймағанбетов өз ойын былайша білдірді.

– Рас, киіз үйді қарақалпақ ағайындардан удай бағаға сатып алатын болдық. Біз үшін ол тек мейрамда керек дүние секілді. Жаз айларында оның ішінде тынығудың өзі керемет емес пе?! Жалпы, оны туризм саласында пайдалануға әбден болады. Біріншіден, шетелден келген меймандар біздің ұлттық байлығымызды бағалайды. Екіншіден, біз осы арқылы өзіміздің ұрпағымызды тәрбиелей аламыз. Үшіншіден, бүгінгі күні саны азайып бара жатқан алтын қолды шеберлерден көп нәрсені үйреніп аламыз. Киіз үй біздің ұлтымыздың бренді емес пе? – деді ол.

Өкініштісі, оған қазір ешкім көңіл бөліп отырған жоқ секілді. Бір ғана киіз үйдің босағасынан шаңырағына дейінгі бөлшектерінің жүзден астам атауы бар екен. Қазекем ол турасында 500-ден астам мақал-мәтелді сөз мәйегіне айналдырыпты, яғни киіз үйді зерттейтін болсақ, талай-талай томға айналар еді.

Рас, бүгінгі ұрпақ киіз үйді ұлттық мейрам кезінде ғана көреді. Сондықтан олар ішіндегі бұйымдары жайында мардымды бірдеңе айта қоюы екіталай. Тағы да айта кетерлігі, киіз үй бөлшектерінің қандай ағаш түрлерінен жасалатыны жөнінде бүгінгі буын түгілі, орта жастағы адамдардың өздері де жөнді ештеңе біле бермейді. Осылай кете берсе, ертеңгі ұрпақ ата-бабасының баспанасын тек интернет пен теледидардан ғана көретін шығар.

Киіз үйдің сүйегі кереге, уық, шаңырақ пен есікті үйшілер арнайы жасайды. Олардың айтуынша, үйеңкі мен талдан дайындалады. Ал киіз үйдің ағаш есігі мен есіктің маңдайшасы, табалдырық және өзге бұйымдарына самырсын ағашы кәдеге жаратылады. Қызығы, киіз үйге шеге қолданылмайды. Тіпті оның құрамында сына да болмайды екен.

Сырдария ауданындағы қолөнер шебері Сайділда Сәдуақасов бұл жөнінде:

– Менің аталарым да аймаққа белгілі ұста адамдар болды. Оны Тереңөзек маңайындағы жұрт әлі де жақсы біледі. Олар кезінде киіз үй жасаумен де айналысты. Бұл тіршілікке өзім де көңіл бөлдім. Өкініштісі, қазір киіз үйге қажетті шикізат азайып кетті. Бұрын Сырдың жағасында үйеңкі, самырсын және басқа талдар көп еді. Бүгін олар мүлдем аз өсетін болған. Менің ойымша, біз, аға буын, осы кәсіптің қыр-сырын қазіргі жастарға үйретуіміз керек. Оны кәсіптік мектептер жанынан құрамыз ба, осы жағын ойласқанымыз орынды болар еді, – деген еді.

Ата-бабаларымыз алты қанат, он екі қанат ақ шаңқан киіз үйлерді ақорда деп атайтын. Ардақты мұрамыз арқылы ұлтымыздың дүниетанымы қалыптасты. Қазір ғаламдық деңгейде жаһандану жүріп жатқан уақытта біз ұлттық ұстынды сақтап қаламыз десек, осындай құндылықтарды өз деңгейінде бағалай білгеніміз абзал. Өркениетті өмірдің көшіне ілескен елдер де өзінің өткенін өзге жұртқа әспеттеп көрсетіп жатады. Біз ше? Әзірге осы жағы олқы соғып тұрған жайы бар…

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<