Кәсіпке қолдау бар, кедергі жоқ

381

0

Кәсіпке қолдау бар, кедергі жоқ Кәсіпкерлікті қолдау жылында өңірде саланы дамытуда біраз бастама қолға алынды. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз орталығында БАҚ өкілдеріне брифинг берген облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов баян етті.

Бір қуантарлығы, аймағымызда кәсіппен айналысатындар санының көбейгендігі. Биылғы жылдың 1 қарашасына дейінгі статистикалық мәліметтер бойынша облыста 51956 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелсе, кәсібін дөңгелеткендердің үлесі – 80,9 процент. Сонымен қа­тар, 2017 жылы шағын және орта бизнес саласында 325,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген болса, 2018 жылдың жарты жылындағы көрсеткіш – 143,3 млрд теңге.

Әрине, кәсіпкерлік өркендеу үшін кедергі болмауға тиіс. Брифингте басқарма басшысының орынбасары атап айтқандай, кәсіпкерлікті дамытуда жер телімі, инженерлік желілерге техникалық шарт алу және қаржылық тұрақтылық маңызды мәселелер болып саналады. Бұл орайда, атқарушы билік бұл мәселелердің кедергісіз шешімін табуына барынша мүмкіндік жасаған. Жыл басынан бері өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында 50 аукцион өткізіліп, 593 шағын және орта бизнес субъектісіне жер телімдері берілген. Ал инженерлік желілерге қосылуға «Бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы 1300-ден аса техникалық шарт берген. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында аймағымызда кәсіпкерлер үшін қайтарымсыз қаржы көлемі екі есеге өсіпті. Атап айталық, облыста 224 кәсіпкерлік субъектісіне 200 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы ұсынылса, ауылдық елді мекендер мен қалалық жерде 4,2 млрд теңге көлемінде 1298 кәсіпкерге шағын несие берілген. Осындай қолдау нәтижесінде аймақ кәсіпкерлері 1600-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрды.

Сондай-ақ, жыл басынан екінші деңгейлі банктер арқылы 141 жобаға 9,5 млрд теңгені құрайтын несие беріліп, барлығына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жылдық про­центтік мөлшерлемесін субси­дия­лау бойынша қолдау көрсе­ті­луде. Ал ішінара кепілдендіру бойынша жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 63 жоба кепіл­дендірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық.

Елбасы Жолдауында атап айтылған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту және жыл сайын қосымша кемінде 30 млрд теңге қаржы бөлу мәселесі бойынша аймақтан  2019 жылы бағдарлама аясында субсидиялар мен кепілдіктер беру үшін республикалық бюджеттен 849,5 млн теңге қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім ұсынылған.

– Алдағы жыл сонымен қатар «Жастар жылы» ретінде аталып өтпек. Жастардың өңірімізде кә­сіпкерлікті дамытуға және мем­лекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға үлесі де, мүмкіндігі де зор. Биылғы жылдың өзінде жас­тар үшін арнайы «Байқоңыр Start-up 2» бизнес идеялар бай­қауы, «Жас кәсіпкерлер» форумы ұйымдастырылды,–деді басқарма басшысының орынбасары.

Бүгінде кәсіпкерліктің қар­­қын­ды дамуы жағынан қай аудан­да ­да жүйелі жұмыс жасалып жатқаны көңіл қуантады. Тіп­ті, аймағымызда ауылдық елді мекендердің 95 проценті кәсіпкерлікті дамытуға арналған шағын несие алған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<