Күрделі кезеңде көш бастаған

166

0

Фото: Автордан

Тарихты тұлғалар жасайды десек, өткен ғасырда ғұмыр кешкен жандардың жүріп өткен жолында қазақтың басынан өткен зұлматтың, ашаршылықтың ізі жатыр. Бүгінгі әңгімемізге өзек болған  Сәйді Алекенұлы  1874 жылы Сырдария ауданы, бұрынғы атауы Кеңтүп, қазіргі  Аманкелді ауылында дүниеге келген. Жеті жасында әкесі дүниеден  озып, шешесімен  бірге жетімдіктің тауқыметін  тартты. Үй-ішін асырау үшін жастайынан еңбекке араласып, елгезектігімен, алғырлығымен көзге түсті.

Ол кездегі күнкөріс көзі мал ба­ғып, жан сақтау еді. Сауат ашуға  мүм­кіндігі болмай, інісін діни оқуға берген. Молданың  алдын көрмесе де, құймақұлақ алғырлығымен  және зерек­тігімен айтылған діни әңгімені жадына тоқитын.  Өзі  өте көрікті, бой­шаң болғандықтан «сұлу Сәйді» атан­ған.

Үлкенмен де, кішімен де тіл та­бысқан. Былапыт, боқауыз сөзден ау­лақ, көркем мінезді, өте қарулы, ат­қа жақсы мінетін мініскер болған. Кеңес үкіметі орнағанға дейін көзі ашық, көкірегі ояу, іскерлігінің арқа­сында 24 жыл болыстық қызмет ат­қарған. Ұжымдастыру басталған кез­де осы жұмыстардың белсенді ұйым­дастырушысы бола жүріп, елге егін еккізіп, «Сәйді аңызы» деген атау қалдырған. Сушылықты, егінді күтіп-бап­таудың да қыр-сырын жақ­сы меңгерген.

Жұмысына тыңғылықты болған соң, халқы болыстыққа сайлаған. Осы қызметте жүріп, ауыл-аймақты аралаудан шаршамаған. Елдің талап-тілегіне құлақ асатын, кіммен болса да еркін сөйлесіп, пікір алмасқанда қа­рапайымдылық, кішіпейілдік та­ныт­қан.

Алты жыл ауылнай  болып та, айналасын аштық құрсауынан аман алып қалуға  еңбегін сіңірген. Ел бас­қарып жүргенде Қажымұқан Мұ­ңайтпасұлы балуаннан бата сұрапты. Қажымұқан балуанның өзі Сәйдіге қарап:

– Елден шоқтығың биік екен. Сен бата бер, – деп Сәйдінің батасын алған.

Әкесі Аймұхаммед діни сауатты болған, Самарқандағы «Көкілташ» медресесін бітір­ген. Оқу-тоқудың со­ңында жүріп 40 жасында ғана  үй­леніп, әйелімен 7 жылдай отбасы­лық ғұмыр кешіп, 3 баланы дүниеге әкел­ген.  «Үлкен балам ел басқа­ратын болады, бұдан кейін бұл әулеттен ешкім ел басқармайды» деп айтып кеткен. Қожжан қожа бабадан тараған әулие-әмбие, имам, мол­далардан кейін осы Сәйді баласы болатынын айтқан. «Қалған екі баламның біреуін өзім­мен  бірге ала кетемін» деп, тете інісі әкесінің артынан дүниеден озды. Әке­сінің айтқаны тура келіп, Сәйді жоғарыда айтқандай, 24 жыл болыс болып, Кеңес үкі­меті тұсында 3-4 колхоз басқарды.

Шешесінің айтуымен 13 жасында оның жақын сіңлісіне үйленді. Одан 8 балалы болғанымен, қызы ғана аман қалады. Әйелі қайтыс болған соң, екінші мәрте өзінен 14 жас кіші Қорасан Қожа әулетінің қызына үйленеді. Ол да 9 бала дүниеге әкел­генімен, тек 1 ұл, 1 қызға ғана өмір берді. Балалары шетіней берген соң, әйтеуір адам болса болды деп тілеген.

Соғыстан кейін колхозда күрішші болған. Өмірінің соңына дейін жо­ңышқа егіп, су­шы болып еңбек еткен. 1961 жылы 22 қыр­кү­йекте 82 жа­сында өмірден озды. Әйелі өзінен бір ай бұрын дүниеден өткен. Рая қы­зынан 5 бала дүниеге келіп, олар да үлкен отбасына айналды. Бүгінде Рая апамыз немере-шөберелерінің ортасында мәуелі бәйтеректей өмір кешуде. Балалары көз тиіп, шетіней берген соң ырымдап Рая апамыздың кіндігін татарға кестіріп, есімін осылай атаған екен. Расында Рая анамыз аман қалып, артынан ерген інісі Мұқанмедқали да тұрақтаған.

1925 жылы астана Орынбордан Ақмешітке көшіп келген жиналыста құжаттарға өз мө­рімен қол қойған. Сол кездері Ақмешіттің кө­шелері тар және қисық, Маркс пен Энгельс аталатын екі көшесіне ғана тас тө­сел­генін, құрылыс материалдары тү­йемен жеткізілгенін айтып отыратын.

Кеңес үкіметі орнаған кезде  Ленин, Ка­линин, «Қызыл ту» деген үш колхозды бас­қарған. Голощекин тұ­сында қыспаққа ұшы­рап, 1928 жылы Ташкентке жер аударылып кетеді. Ол жақта мешітте азаншы болып, өзбек ағайындар бұл кісінің діни сауатына тәнті болған.

Ташкентте ішіп-жемі, малы болып, елде­гілер ашаршылық азабын тартып жатқанда ол мұндай қиын­дықты басынан өткермеген. Артынан іздеп келген інілеріне азық-түлік беріп тұрған. Оларға көзге түсіп  қал­мау үшін, топтасып  емес, бір-бір­леп келіп тұрыңдар дейді екен. Аға­йынның қиын-қыстау кезеңнен аман шығуына, ашаршылықтың  құр­ба­нына айналып кетпеуіне септігі тиген. Өзі қаншама жыл болыс бол­ғанмен, дәулет жимаған, азын-аулақ мал ұстаған.

Жер аударылғанда үй-жайымды кәмпеске­леп, үстімдегі киіммен қал­дым дейді екен. Үркіншілік басылған кезде өз еліне келсе, ауылдың тең жартысы жоқ. Аштықтан Қарақал­пақстанға жер ауып кеткен. Түйеге мініп, ұзақ жол жүріп, сонда жетеді. Алдынан Айша қарындасы шығып сізді де көретін күн бар екен ғой деп жылап көрісті. Соңында кішкентай баласы бар. Ол Мәжіт ағай екен. Бір-бірін аман көрген ағайынның қуанышында шек болмайды. Сәйді сол жердің басшысына барып «мына адамдарға 2 күн тегін тамақ беріңіз, бұл күйінде елге жете алмайды» деп айтқан. Елге әкеліп  екі жақтағы аға­йынның басын қосқан.

Мереке, жиын-тойларда 1,5 жасар баспақ­пен көкпар тартылатын. Ауыл адам­да­ры­ның көретін қызығы сол ғана еді. Құрбан айт мерекесінің бірінші күні күрес ұйым­дас­тырып, бірінші болып өзі түскен. Кейін­нен Омаров Есім атты інісін күреске қа­тыс­тырған, оның әдісшілдігіне, епті­лігіне ырза болып отырады екен.

Ұрпақтары өзі өмір сүрген кезең­нің қиын­шылығын көп көрген, сөй­тіп жүріп ысылған, ағайыннан арасын алшақтатпаған асыл ердің есімі есте қалуы керек деп есептейді. Бұл өткенге құрметтің үлгісі ретінде келешекке өнеге болары сөзсіз.                                                         

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<