Әлемді жайлаған белгілі дерт дамушы елдерді былай қойғанда, дамыған мемлекеттердің экономикасына мықтап зардабын тигізе бастады.
Экономиканың құлдырауы салдарынан мұнайға деген сұраныс күрт төмендеді. Соңғы күндері мұнай бағасы барреліне 25-30 АҚШ долларына дейін төмендеп, 18 наурызда қайта көтерілді. Алдағы уақытта оның бағасы қай деңгейде қалыптасатынын сарапшылар дәл болжап айта алмайды.
Мәселенің мәнісі мынада болып отыр. Мұнай өндіруші елдер ұйымы – ОПЕК пен оған енбейтін елдер арасындағы келісім бойынша осыған дейін мұнай көлемін өндіру төмендетіліп, осыған сәйкес баға тұрақтанып келген болатын. Бұл келісім 2017 жылдың басынан кешегі күнге дейін сақталып келді. Бірақ жұқпалы дерттің ушығуы және Сауд Аравиясы мен Ресей арасындағы бұрынғы келісім-шарттарының сақталмауы нарыққа күрт кері ықпалын тигізді. Сауд Аравиясы мұнай көлемін бұрынғысынша қысқартуды ұсынса, Ресей оны ұлғайтты.
Мұнай бағасының төмендеуі бірқатар елдердің экономикасына теріс ықпалын тигізді. Қазақстанда жылына мұнай өндірісінен салық және баж салығынан бюджетке жалпы түсім 3-4 трлн теңгені құрайды. Енді осы қаржының бюджетке түсуі біршама кемитін болады. Ресейдегі жағдайды да тұрақты деуге келмейді. Қазақстанның Ұлттық банкі мен еліміздің КАSE сауда биржасы өзара келісіп, доллар және теңге бағамының біршама деңгейде қалыптасуына ықпал жасау жөнінде мәмілеге келді. Қазір валюта нарығындағы жылдам ауытқушылық осыған байланысты болып отыр. Алайда, сарапшылардың пікірінше, оның қаншалықты тұрақты сипатқа ие болып, доллар-теңге бағамының қандай көлемде қалыптасатыны әлемдегі мұнай бағасына байланысты болады. Осыған орай Қазақстан Президенті жан-жақты шаралар кешенін қабылдап, жұмыссыздықты мейлінше азайту, бизнестің әлсіреген буындарын күшейту, тұтыну рыногындағы бағаны тұрақтандыру мақсатында тиісті тапсырмалар берді.
Жалпы алғанда, мұнай нарығындағы жағдай оны өндіруші елдерде әртүрлі сипатпен ерекшеленеді. Ресейдегі мұнай өндіру көлемін төмендетпеу саясаты ондағы көптеген өндірістердің рентабельдігіне байланысты туындап отыр. Олардың бірқатарында табыс аз, оның Қазақстанға да қатысы бар. Сол себептен өндіру көлемін азайту бірқатар мемлекеттерге тиімсіз. Тіпті бұл орайда мұнай нарығында белгілі мемлекеттердің өзара ұстанымдары да біркелкі емес.
Ресейдің белгілі саясаткері Алексей Кудрин 2020 жылы өз елінің экономикасы 0 процент көлемде тұрақтайтынын, инфляция 3-4 процент көлемінде қалыптасып, биылғы бюджет тапшылықпен қорытындыланатынын мәлімдеді. Біздің елдің Еуразиялық одақтағы экономикалық қатынасымыздың Ресеймен мазмұны ұқсас болғандықтан, алдағы уақыт біршама күрделі сипатқа ие болатынын жасырғымыз келмейді. Көп нәрсе алпауыт Қытай экономикасының аяғынан қаншалықты тез тұрып кетуімен байланысты. Қазақстан экспорты Еуродақ елдері мен Қытай нарығындағы оңды ахуалмен тікелей сабақтас.
Қалай болғанда да, алдағы мерзімде әлемде экономиканың өсімі болған жағдайда нарықтағы сұраныс өзгереді. Себебі экономиканың құлдырауы әлемде ешкімге тиімді емес…
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<